ЖАҚСЫ ӘЖЕ
Балалардың ойлау жүйесі ерекше. Олар өмірді өздерінің аңғал көзқарасымен бағалайды. Сондықтан кейде олардың айтқан бір ауыз сөзі үлкендерді күлдіріп қана қоймай, ұзақ уақыт ұмытылмайтын естелікке айналады.
Бір күні бес жасар Азамат әжесімен бірге базар аралап жүріпті. Түрлі-түсті ойыншықтарға көзі түсіп, әдемі бір көлікті көрген бойда:
– Әже, маған ана ойыншықты алып берші, – деп өтініш айтты.
Әжесі немересінің көңілін қимай тұрса да, қалтасындағы ақшаны ойлап:
– Балам-ау, саған жақында ғана пенсиямнан ойыншық алып бердім ғой. Енді келесі айда пенсия алған соң тағы алып беремін, мен пенсияны айына бір ақ рет аламын ғой – деді.
Азамат бір сәт ойланып қалды. Сосын әжесіне ренжіген кейіппен:
– Әже, сен жаман әжесің!
– Неге олай дейсің? – деп таңғалды әжесі.
– Өйткені жақсы әжелер айына екі рет пенсия алады. Ал жаман әжелер бір-ақ рет алады! – деп жауап беріпті.
Немересінің бұл сөзіне әжесі де, жанындағы адамдар да еріксіз күліп жіберген екен. Әжесі күліп:
– Әй, балам-ай! Пенсияны мен емес, мемлекет береді ғой, – дегенде, Азамат:
– Онда мемлекетке айтып қой. Жақсы әжелерге екі рет берсін! – депті.
Баланың аңғал тілегі бәріне көтеріңкі көңіл күй сыйлаған екен.
Расында, бала үшін бәрі оңай шешілетіндей көрінеді. Оның әлемінде жақсы әже деген – немересінің қалауын орындап жүретін жан. Ал үлкендер үшін өмірдің өз есебі бар. Дегенмен балалардың осындай шынайы, кіршіксіз ойлары үйге күлкі мен жылулық сыйлап, ең қымбат естелік болып қала береді.
Роза МОЛДАШҚЫЗЫ














