Әжелер институты неге әлсіреді?
Кешегі әженің айтар әңгімесі, берер тәрбиесі тым басқа-тын. Алайда соңғы уақытта қоғамды дендеп бара жатқан рухани құлдыраудың түп-төркіні әжелер институтының әлсірегенінде жатыр. Қазақы дәстүрде жас жұбайлар тұңғышын «кемпір-шалдың» баласы деп солардың бауырына салатын. Оны «Кенжем» деп еркелететін де болған. Мүмкін бізге осы ұлттық дүниені дәріптеу керек шығар. Бірақ дәріптеу былай тұрсын «бұл ескінің қалдығы. Баланы ата-әжесінің тәрбиелеуі бала психологиясына зиян» деп пәлсапа соғатындар табылып жатқан жоқ па? Мұны шет елдің психологиясы деуге болады. Оны бізге әкелудің еш пайдасы жоқ. Керісінше, ұлттық психологияны қайта жандандыру керек.
Иә, ата-әже тәрбиесінен жаман бала болған жоқ. Қайта дана, ақылгөй балалар осы тәрбиеден шыққан еді. Қазақ бұл дәстүрден ұтпаса, ұтылған жоқ. Бірақ, өкінішке орай кей жастар ата-енеден бөлек кетіп, әже тәрбиесін жат көріп жүр.
Рас, бүгінгінің баласы ата мен әже сөзін заманауи етіп «аташка» «ажека»-ға ауыстырып алған. Сенесіз бе, тіпті «әже» сөзіне шошына қарайтындар да бар. Оның орнына «апа», «тетя» деп айтқанды жақсы көреді. Сірә, бұл қартайғысы келмейтін заманауи әженің ісі дерсіз. Қарттық – өмір заңдылығы. Оған ешкім қарсы келе алмайды. Немере тәрбиесіне көңіл бөліп, ұлттық құндылықты бала күнінен санасына сіңіруді көп әже ойламайды-ау. Әже ойламаған істі жас ана қайдан ойлай қойсын.
Ертегі, жыр-дастан айтар әже жоқ... естелік қана бар. Әже туралы естелігіміз бұл күнде келмеске кетіп барады. Өкінішті-ақ. Қазақтың жыр-дастанын, ертегі-аңызын майын тамыза айтып, немересін тізесіне салып алып, әлдилейтін қазақы әже азайды. Кешегі күнге дейінгі қыр баласы көрген әже қандай еді? Басында ақ жаулығы, кимешегі, үстінде бешпент қамзолы болатын. Ертегі-аңыз айтқанда балалардың аузынан суы ағып тыңдайтын. Ертегісін тыңдап отырып, елітіп, оқиғасын елестетіп, соңында қалғып кетуші еді. Сол әжелеріміздің бұл күні сарқыншағы да жоқ. Сағынышқа айналды.
Әлемге әйгілі тарихи тұлғалардың өміріне үңілсек, ұлы ақын Абайдың әжесі Зере, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің әжесі Дінәсіл, озық ойлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әжесі Тиын адамзат мақтан тұтар тұлғаларды тәрбиелеген данагөй аналар.
Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала сирек кездесетін. Сондықтан болар, оларды «көргенді бала», «тәрбиелі бала» деп атайтын. Олардың тәрбиесін алған бала бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, адамгершілікті, рухани тәрбиені анық көруге болады.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Жау¬дан да, даудан да қорықпайтын қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», деген еді ғой. Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан, салт-дәстүрді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді емес пе? Ал бүгінде осы асыл құндылықтардың тамыры ажырап барады. Сол себепті жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет-ақ.
А.АХМЕТ