» » Әже мейірімі азайып бара жатқан жоқ па?

Әже мейірімі азайып бара жатқан жоқ па?

qarmaqshy-tany.kz Қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған. Ұлтжанды ұл, қылықты қыз да осы әже тәрбиесінен шықты емес пе? Ал бүгін сол ғасырлар бойғы ұлы құндылықтан ажырап барады.
Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады, айналасының да оған көзқарасы ерекше-тұғын. Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже баламен үлкен адамша сөйлесіп, әңгіме-дүкен құрады. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нықтап айтады. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамаушы еді ғой. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге еткен. Осылайша бала ерте жастан-ақ бабалар жүрген жолды біліп өседі.
Кешегі әженің айтар әңгімесі, берер тәрбиесі тым басқа-тын. Алайда соңғы уақытта қоғамды дендеп бара жатқан рухани құлдыраудың түп-төркіні әжелер институтының әлсірегенінде жатыр. Қазақы дәстүрде жас жұбайлар тұңғышын «кемпір-шалдың» баласы деп солардың бауырына салатын. Оны «Кенжем» деп еркелететін де болған. Мүмкін бізге осы ұлттық дүниені дәріптеу керек шығар. Бірақ дәріптеу былай тұрсын «Бұл ескінің қалдығы. Баланы ата-әжесінің тәрбиелеуі бала психологиясына зиян» деп пәлсапа соғатындар табылып жатқан жоқ па? Мұны шет елдің психологиясы деуге болады. Оны бізге әкелудің еш пайдасы жоқ. Керісінше, ұлттық психологияны қайта жандандыру керек. «Әжелер мектебі» адамның бойына адами болмыс мен асыл қасиеттерді қалыптастырады емес пе?
Иә, ата-әже тәрбиесінен жаман бала болған жоқ. Қайта дана, ақылгөй балалар осы тәрбиеден шыққан еді. Қазақ бұл дәстүрден ұтпаса, ұтылған жоқ. Бірақ, өкінішке орай кей жастар ата-енеден бөлек кетіп, әже тәрбиесін жат көріп жүр. Рас, бүгінгінің баласы ата мен әже сөзін заманауи етіп «аташка» «ажека»-ға ауыстырып алған. Сенесіз бе, тіпті «әже» сөзіне шошына қарайтындар да бар. Оның орнына «апа», «тетя» деп айтқанды жақсы көреді. Сірә, бұл қартайғысы келмейтін заманауи әженің ісі дерсіз. Қарттық – өмір заңдылығы. Оған ешкім қарсы келе алмайды. Немере тәрбиесіне көңіл бөліп, ұлттық құндылықты бала күнінен санасына сіңіруді көп әже ойламайды-ау. Әже ойламаған істі жас ана қайдан ойлай қойсын.
Ертегі, жыр-дастан айтар әже жоқ... Естелік қана бар. Ертегі айтатын әже бірен-саран ғана. Әже туралы естелігіміз бұл күнде келмеске кетіп барады. Өкінішті-ақ. Қазақтың жыр-дастанын, ертегі-аңызын майын тамыза айтып, немересін тізесіне салып алып, әлдилейтін қазақы әже азайды. Кешегі күнге дейінгі қыр баласы көрген әже қандай еді? Басында ақ жаулығы, кимешегі, үстінде бешпент қамзолы болатын. Ертегі-аңыз айтқанда балалардың аузынан суы ағып тыңдайтын. Ертегісін тыңдап отырып, елітіп, оқиғасын елестетіп, соңында қалғып кетуші еді. Сол әжелеріміздің бұл күні сарқыншағы да жоқ. Сағынышқа айналды.
Әлемге әйгілі тарихи тұлғалардың өміріне үңілсек, ұлы ақын Абайдың әжесі Зере, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің әжесі Дінәсіл, озық ойлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әжесі Тиын адамзат мақтан тұтар тұлғаларды тәрбиелеген данагөй аналар.
Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала сирек кездесетін. Сондықтан болар, оларды «көргенді бала», «тәрбиелі бала» деп атайтын. Олардың тәрбиесін алған бала бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, адамгершілікті, рухани тәрбиені анық көруге болады.
Осы тақырыпты жазар алдында біраз ойда жүрдім. Жұмыстан қайтып бара жатқан кез болатын. Кешкілік уақыт. Балалар көшеде ойнап жүр. Ішінде мені көрген кішкене жігіт «сәлеметсіз бе?!» деп амандасты. «Саламат бол!» деп жауап қайырған соң әлгі жігітке «Сен ата-әжеңмен тұрасың ба?» дедім. Ол:
– Біз ата-әжемізбен бірге тұрамыз. Әжемді жақсы көремін. Ол маңдайымыздан сүйіп еркелетеді. Барлық тәттісін, сары майы мен ірімшігін береді. Бар білгенін үйретеді. Тақпақ жаттатқызады. Мен әжемнің баласымын, – деп сөзін аяқтады Нұрасыл есімді балақай.
Иә, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, үлкендердің тәрбиесін көріп, оны санасына сіңіріп өскен бала жолда қалмайды. Себебі олар мейірімді көрді. Қазірде жас ата-ана баласының әрбір қылығы мен іс-әрекетіне қатысты қателік жіберіп аламын ба деген қорқынышпен тәрбиесіне қатал қарауы немесе жұмысбастылықпен мүлдем мән бере алмай қалуы мүмкін. Ал балаға ең бірінші керегі – мейірім.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпайтын қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», деген еді ғой. Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан, салт-дәстүрді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді емес пе? Ал бүгінде осы асыл құндылықтардың тамыры ажырап барады. Сол себепті жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет-ақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 қаңтар 2023 ж. 586 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 254

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 354

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930