САКСОФОННЫҢ СЫРЛЫ САЗЫ
Өнер – өшпес рухтың белгісі. Ол адам баласының жан дүниесін әсемдікке, әдемілік пен сұлулыққа жетелейтін құдірет. Сол құдіретті халыққа жеткізетін, рухани байлыққа бөлейтін – өнер адамдары.
Өзі ортамызда болмаса да артына өшпес із қалдырған жанның бірі – Абдулла Мырзабеков. Ол дарынды өнер иесі болумен қатар, ауданымыздың мәдениет саласына тың туынды әкелген азамат. Әлемдік музыкада өзіндік орны бар үрмелі аспап – саксофонда ойнап, Сыр елінің өнеріне жаңашылдық әкелді. Талай тыңдаушысын тамсантып, өнеріне қол соққызды.
Ағамыздың атында биыл бесінші мәрте аудан әкімінің қолдауымен Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде еске алуға арналған «Сырлы әуен» атты үрмелі аспапта орындаушылардың облыстық байқауы ұйымдастырылды.
Іс-шараға өнерсүйер қауым, ардагерлер мен жастар, музыканттың туыстары мен отбасы қатысты.
Байқаудың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев ардақты азаматтың өнерге сіңірген еңбегі жайлы сөз сөйлеп, сынға түскелі тұрған жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.
– Сыр елі – өнер мен мәдениеттің ордасы. Өлкемізден елге танылған небір өнер майталманы шыққан. Солардың бірі – ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлесін қосқан – Абдулла Ерділдаұлы. Ағамыз мәдениет саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етті. Өнерге деген ерекше талғамы мен қабілетінің арқасында көптеген музыкалық аспапты меңгерді. Әсіресе саксофон аспабын орындаудағы шеберлігі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Дарыны мен пайымы үйлескен дара тұлғамыз талай шәкірт тәрбиелеп, олардың өнер жолына түсуіне себепкер болды. Бірнеше жылдан бері өтіп келе жатқан облыстық додада жас таланттар танылып, өнерге қанатын жайды. Өнердің ғұмыры ұзақ, өміршең. Сондықтан да құрмет тұта білген артында елі барда Абдулла ағамыздың есімі халқының жүрегінен ешқашан өшпек емес.
Өткізілгелі тұрған байқау – парасат биігіндегі өнер иесіне көрсетілген құрметтің бір белгісі. Сонымен қатар сайыс өнерпаздарына тәжірибе мен шеберлік алаңы болмақ. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы жас буынның ұлттық мәдениетке деген құрметі арта түсетіні анық. Дүбірлі додаға қатысқалы тұрған барша өнерпазға шығармашылық шабыт, жоғары нәтиже тілеймін, – деді ол.
Байқау 2 кезеңнен тұрды. Біріншісінде, талапкерлер әлем композиторларының шығармаларын орындаса, екінші кезеңінде өз қалаулары бойынша еркін тақырыптағы туындыларға жол берді. Байқауға хор дирижері, музыка саласының ардагер ұстазы Нағашыбек Бижанов төрағалық етсе, А.Мырзабековтің шәкірттері – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі үрмелі, соқпалы аспаптар бөлімінің оқытушысы Кенжебек Ержанов, әуесқой сазгер, музыкант, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мұхамбетқали Бағатов қазылық жасады.
Іс-шарада ардагер ұстаз, аудандық "Әжелер" ансамблінің белсенді мүшесі Талмаш Жұмабаева, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева және мәдениет саласының ардагері Несібелі Нұралиевалар естеліктер айтып, кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Байқау нәтижесінде І орынды шиелілік Қуаныш Несіпбек, ІІ орынды қазалылық Еркебұлан Абай еншілесе, ІІІ орынды аралдық Әбілмансұр Дарханұлы мен шиелілік Әділжан Алмасбекұлы өзара бөлісті. Ал байқаудың бас жүлдесіне қармақшылық өнерпаз Айым Сапарбек лайық деп танылды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ















