» » » СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ САРҚЫЛМАС ЖАЛҒАСЫ

СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ САРҚЫЛМАС ЖАЛҒАСЫ

Қазақтың қасиетті Сыр бойы – жыраулық өнердің алтын бесігі. Бұл өңірде ғасырлар бойы ұлттың рухани қазынасын арқалаған талай саңлақ жыраулар дүниеге келді. Қазақ халқының сан ғасырлық рухани мәдениетінде жыршылық пен жыраулық өнердің орны ерекше. Бұл – ұлттың тарихын, тағдырын, арман-мұратын, елдік пен ерлікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген киелі өнер. Жыраулар мен жыршылар киелі өнер иесі болуымен қатар, халықтың ақылшысы, тәрбиешісі, елдің рухани көсемі болды. Олар ел басына күн туған қиын кезеңдерде жұрттың жігерін қайрап, бірлікке шақырып отырды.
Өз жанынан толғау, терме шығарып, оны домбыра, қобыз секілді қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен сүйемелдеп орындайтын адамды жырау дейміз. Ал жыршылық өнер – халық ауыз әдебиетін, батырлар жырын, тарихи дастандарды жатқа айтып, ел арасына тарататын дәстүрлі өнер, яғни жыраулардың шығармаларын орындау, халық арасында насихаттау. Жыршылар эпостық шығармаларды ерекше мақаммен орындап, тыңдаушының рухын көтереді. Олар халықтың тарихи жадын сақтаушы қызмет атқарды.
Қазақ даласында «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» секілді эпостық жырларды жыршылар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды. Бұл жырлар арқылы өскелең ұрпақ, жас буын ерлікке, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиеленді.
Халқымыздың ұлттың дүниетанымын, болмысын, мәдениеті мен тарихын айқындайтын – ұлттық кодты ұрпақ жадына сіңіруге үлес қосқан жырау, жыршының бірі әрі бірегейі – Сыр сүлейлерінің жалғасы, көмейінен күміс төгілген дарабоз жырау Қуандық Бүрлібаев.
Ол 1936 жылы Қармақшы ауданына қарасты қазіргі Тұрмағамбет Ізтілеуов ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін механизатор мамандығын иеленеді. Тумысынан өнерге бейім болып өскен ол жастайынан Сыр бойының белгілі жыраулары Рүстембек Жиенбайұлы, Мұзарап Жүсіпұлы, Сүйенбай Ақбайұлы, Зайыр Рахатұлы, Берман Бейсембайұлы, Жаппар Тұңғышбаев сынды өнер иелеріне еліктеп, шығармашылығымен сусындап, жыраулық мектептің тәлімін бойына сіңіреді. Осылайша Қуандық жыраудың өнер жолы қалыптасып, халық мұрасын жалғастырушы үлкен тұлғаға айналады.
Жыраудың халық алдына кеңінен танылуы 1970 жылдардан басталады. Бұған дейін ауыл-аймақ арасында ғана жыр айтып жүрген Қуандық Бүрлібаев кейін аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени шараларға қатысып, ерекше талантымен көзге түседі. 1979 жылы Қызылорда облысында өткен Қазақ КСР-інің 60 жылдық мерейтойына арналған жыраулар мен күйшілер байқауында жүлделі орын алып, Мәдениет министрлігінің арнайы грамотасымен марапатталады.
1980-1987 жылдары облыстық ақындар айтыстары мен мәдени концерттердің белсенді қатысушысы болып, жүлделер мен дипломға ие болады. Оның жыраулық өнері, әсіресе, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармаларын орындауда айқын көрінеді. 1986 жылы Алматы қаласында теледидар арқылы Тұрмағамбеттің «Сом палуан» дастанын орындап, көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сонымен қатар Сыр сүлейлерінің терме-толғауларын нақышына келтіре жырлап, ұлттық өнердің биік үлгісін көрсеткен. Осы жылы арнайы шақырумен Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтың этнографиялық фестивальге қатысып, сыйқұрметке бөленеді. 1987 жылдың қаңтар айында Вологда облысы, Великий Устюг қаласының құрылғанына 850 жыл толуына байланысты Бүкілодақтық ІІ фольклорлық этнографиялық фестивальде өнер көрсетіп, Сыр өңірінің жампоз жырауы Жиенбайдың көмейден қайтаратын мақамына салып, Сыр сүлейлерінің өсиет термелерін төгілте орындауымен айрықша көзге түседі. Табиғи талант-дарынын шығармашылық еңбекпен ұштастырып, дәстүрлі өнерді паш еткен жырауды халық зор сүйіспеншілікпен қабылдайды.
Қуандық Бүрлібаев тек Қазақстан көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де қазақ жыраулық өнерін насихаттаған тұлға ретінде танылды. 1987 жылы Самарқанд қаласында өткен халықаралық музыкалық симпозиумда «Көрұғлы» эпосынан үзінді орындап, шетелдік ғалымдар мен өнер зерттеушілерінің жоғары бағасына ие болған. Оның көмейден төгілген мақамдары көрерменді ерекше әсерге бөлеген. Осылайша Сыр елінің өзіне ғана тән жыраулық өнердің ерекше үлгісін дүниежүзі халықтарының алдында, сахна төрінде орындап, марапатпен оралған.
Оның орындауындағы «Қамбар батыр» дастаны «Қамбар батыр» кинофильмінде дыбысталып, ұлттық рух пен отаншылдық сезімді оятқан.
Жыраудың өнердегі ең үлкен белесі – 1990 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен дүниежүзілік этно-фольклорлық «Оцеик» фестиваліне қатысуы. Осы фестивальде қазақтың дәстүрлі жыраулық өнері Жапон сахнасында алғаш рет орындалады. Қуандық жырау әйгілі «Оцейк» залында «Көрұғлы» дастанын орындап, әлем жұртшылығын тәнті еткен. Сол сапарда оның дауысы дүниежүзілік өнердің алтын қорына жазылып алынады. Бұл – қазақ өнері үшін тарихи жетістік.
Жапон халқының Қуандық жырауға деген құрметі ерекше болса керек. Олар жырауды «Қуан Сан» деп атап, үлкен ықылас танытады. Мұндағы «Сан» деген сөз «мырза» деген ұғымды білдіреді екен. Бұл туралы жыраудың өзі де тебірене айтқан. Қазақтың қасиетті домбырасы мен көмейден төгілген жыр сазы шетелдік мамандарды таңғалдырған. Тіпті америкалық өнер зерттеушісі Уольтер Зеф Фельдман жырауды АҚШ-қа арнайы шақырмақ болғанымен, тағдыр оған мүмкіндік бермеген.
Өкінішке қарай, Жапония сапарынан кейін Қуандық Бүрлібаевтың денсаулығы сыр беріп, 1990 жылы дүниеден өткен. Бар болғаны 54 жасында өмірден озған жыраудың қазасы қазақ өнеріне ауыр соққы болады. Алайда оның артына қалдырған рухани мұрасы халық жадында мәңгі сақтаулы.
Қуандық Бүрлібаев тек жыршы ғана емес, ұстаз да болған. Ол Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы мектепте жыраулық өнерден сабақ беріп, кейінгі буынға тәлімтәрбие берді. Бүгінде оның ұлы Амандық Бүрлібаев та әке жолын жалғастырып, жыраулық өнерді насихаттап жүрген белгілі өнер иесі.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Қуандық Бүрлібаевтың есімі де халықпен бірге жасап келеді. 2017 жылы Тұрмағамбет ауылдық клубына жыраудың есімі берілуі – өнер иесіне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Екінші жағынан, Сыр бойындағы жыраулық дәстүрге деген тағзым, ұлттық руханиятқа деген құрмет.
Жыршылық пен жыраулық өнер – қазақ халқының рухани өміріндегі ең асыл құндылықтардың бірі. Қуандық Бүрлібаев – ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар мұрасын бүгінгі ұрпаққа аман жеткізген ұлы жырау. Оның көмейінен төгілген мақамдар, жырлаған дастан, термелер қазақ халқының рухани қазынасының ажырамас бөлігі болып қала бермек. Сыр сүлейлерінің дәстүрін әлемге танытқан дарабоз жыраудың есімі ұлт мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылды.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
28 мамыр 2026 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 189
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 751

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031