» » » ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ

ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ

Қазақ халқының рухани мұрасында Сыр өңірінің алатын орны ерекше. Бұл аймақ – жыр мен терменің, жыраулық пен жыршылық дәстүрдің алтын бесігі. Сыр бойынан шыққан ақын-жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елдің рухани тірегіне айналған тұлғалар. Осындай өнер иелерін халық «Сыр сүлейлері» деп ерекше құрметпен атаған.
Қазақ тілінде сүлей сөзі ерекше дарынды, өнерлі, сөзге шешен, суырыпсалма ақын немесе жырау деген мағынаны білдіреді. Бұл атау көбіне Сыр бойында өмір сүрген талантты ақын-жырауларға қатысты қолданылады. Мысалы, халық арасында «Сыр сүлейлері» деп жыр өнерінің биік деңгейіне жеткен ақындарды атаған. Бұл ұғымды бірнеше мағынада түсіндіруге болады. Атап айтқанда, аса дарынды ақын, жырау, суырыпсалма өнер шебері, сөз қадірін терең түсінетін тұлға. Сөздің түп-төркіні арабтың «сүләй», яғни данышпан, зерек деген ұғымымен байланысты қарастырылады.
Сыр сүлейлері өлең шығарумен қатар ел тарихын, шежіресін, салт-дәстүрін жырға қосқан даналар болуымен ерекшеленеді. Олардың қатарында Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Базар жырау, Дүр Оңғар, Ешнияз сал, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Тұрмағамбет, Тұрымбет Салқынбайұлы сынды ірі тұлғалар бар. Бұл сүлейлердің шығармашылығы арқылы қазақтың тұрмыс-тіршілігі, тарихи кезеңдері мен ұлттық дүниетанымы кеңінен көрініс тапты.
Сыр өңіріндегі жыраулық және жыршылық дәстүр – ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан ерекше өнер мектебі. Жыраулар эпикалық жырларды, тарихи дастандарды орындаса, жыршылар халық әндері мен термелерді кеңінен насихаттады. Бұл дәстүрдің негізінде терең философиялық ой, тәрбиелік мән және көркем сөздің қуаты жатыр. Домбыраның қоңыр үнімен астасқан жырлар тыңдаушының жүрегіне жол тауып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетті.
Осы дәстүрді жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтерген өнер иелерінің бірі – Жиенбей жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың баласы Бидас Рүстембеков. Атақты жыраулар отбасында дүниеге келіп, ата жолын жалғаған ол Сыр бойының жыраулық мектебін терең меңгеріп, ұлттық өнерді дәріптеуге зор үлес қосты. Атасы Жиенбай жырау – «Көрұғлы» жырын қазақ даласына әкеліп, алғаш болып насихаттаған.
Бидас жыраудың шығармаларында ел бірлігі, адамгершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптары кеңінен көрініс тапса, жырлары халықтың рухани сұранысына жауап беріп, тыңдаушыларға айрықша ой салады. Жырау атасы Жиенбей жырау мен әкесінің орындауындағы жырларды, «Көрұғлы» дастанының 5 саласын құлақтың құрышын қандыра орындап, көпшіліктің ықыласына бөленген. Сонымен қатар Сыр сүлейлері ізбасарының репертуарында Кете Жүсіптің «Өмір сырлары» термесі, Тасберген жыраудың «Маңырама» атты ерекше саз мақаммен орындалатын термесі, Базар жырау Оңдасұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Әбзәли Егізбаевтың термелері бар.
Бидас жырау – Сыр бойындағы дәстүрлі жыраулық өнердің мақамын бұзбай айтушылардың бірі. 1980-1987 жылдар аралығында ақындар айтысына қатысқан, екі рет Бүкілодақтық халық шығармашылық фестивалінің лауреаты атанды.
Ол жыршылық өнерімен бірге дәстүр сабақтастығын сақтаушы, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруші ұстаз ретінде де танымал. Жыраулық өнердің қыр-сырын үйретіп, шәкірт тәрбиелеуде де аянбай еңбек етті. Оның орындаушылық шеберлігін, дауыс мәнерін, домбыра сүйемелімен жыр жырлауын нағыз кәсіби деңгейдің көрінісі деп бағалау еш асып айтқандық емес.
Бүгінде Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бидас жырау 75 жасқа толып отыр. Бұл – өнерді қадір тұтқан қазақ халқының, жыраулық өнердің ерекше дамыған өлкесі тұтас Сыр өңірінің рухани мерекесі. Айтулы дата жыраулық дәстүрдің өміршеңдігін, оның бүгінгі күнге дейін өзектілігін дәлелдейді.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
07 сәуір 2026 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 805
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 504

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930