Әз-Жәнібек ханның дулығасы Нью-Йорктегі музейде сақталған
Нью-Йорк Метрополитен өнер музейінде Алтын Орданы билеген Әз-Жәнібек ханның дулығасы сақталған. «Күллі Дәшті қыпшақ жұрты әулие тұтып, әзиз, Әз деп құрметтеген әйгілі Жәнібек xанның айбарлы дулығасы көзімізге оттай басылды», деп жазған газет басшысы Алтын Орданың ұлық қағаны атақты Өзбек xанның ұлы Әз-Жәнібек xанның мұсылманша аты Жалал-ад-дин екені де түсіндірме парағында көрсетілгенін айтады.
Яғни жәдігердің түсіндірмесінде: «Тибетте табылған, пішіні мен жазуы сирек кездесетін бұл дулыға Орталық немесе Батыс Азияда жасалған болуы мүмкін. Бұл Орталық Азия мен Таяу Шығыстың ислам мәдениеттері арасындағы маңызды байланысты көрсетеді. Дулығаның қаптамасы күмістен жасалған және онда арабша былай деп жазылған: «Ұлы мәртебелі, қолбасшы жауынгер Сұлтан Махмуд Жәні Бек ханның бұйрығымен жасалды». ХIV ғасырда жасалған Моңғол тиындарындағы жазулармен салыстырып қарағанда, бұл моңғолдардың Көк Орда мен Алтын Ордасын 1342 мен 1357 жылдар аралығында басқарған Жәнібек ибн Өзбек немесе Жалал-әл-Дин Жани Бек ибн Өзбек деген атпен танымал билеушісіне тиесілі болуы мүмкін. Егер бұл дәлелдер дұрыс болса, дулыға Моңғол билеушісінің есімін иеленген бірден бір жәдігер болып табылады», делінген.
Әлемдегі ең көп көрілетін төртінші музейдің негізі 1870 жылы қаланған екен. Ал оған жақұт жәдігердің қалай барғаны әзірге жұмбақ. Сондай-ақ, газет басшысы онда Мысыр Мәмлүктерінің атақты билеушісі Қайтпай сұлтанның сауыты, Үндістандағы Бабыр негізін қалаған Ұлы моғолдар империясының батыр бектеріне тиесілі қалқан, сауыт, ер-тұрманы және үш құрлықта ат ойнатқан Осман мемлекетінің әскери мұралары да сақталғанын жазады.