БІЗДІҢ ҮЙДЕГІ ДӘСТҮР
Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекеленген отбасылардан тұрады емес пе?! Еліміздің болашағы осы отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты болмақ. Ендеше отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс.
Отбасында ұлттық дәстүрлерді қалыптастыру маңызды орын алады. Қазақ отбасында балалардың тәрбиесіне аса мән берген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, бала ата-анасының айтқанын емес, олардан көрген іс-әрекетін қайталап, бойына сіңіреді.
Ұлы Сырдың бойы тұнып тұрған шежіре тарих. Ол тарих ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жер қабатындай қалыңдай береді. Қанша кісі зерттесе де таусылмас тағылым бар. 100 шайырдың елі деп аталған өнер мен өлең өлкесінде Тұрмағамбет ауылының орны ерекше. Әйгілі Ешнияз сал мен оның баласы Кете Жүсіп, Жиенбай жырау мен Рүстембектің ұрпақтары мекен еткен бұл ауыл қасиетті мекен. Тұрмағамбет атамыз да сол мұраны бойына сіңіріп, келешек ұрпаққа өлшеусіз із қалдырған.
Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі, отбасы деген жай ғана адамдар емес, бірінбірі қолдап, тіреу болатын орын. Отбасы сөзінің астары да, отбасындағы адамдардың бір-біріне көмектесіп, сүйіспеншілікпен қолдау дегенді білдіреді емес пе? Ауылымызда да адамдар бірбірін қолдап, әрдайым демейді. Оған дәлел – «жылу жинау» дәстүрі. Бұл дәстүр Тәуке ханның тұсында қабылданған және «Жеті жарғы» заңына енгізілген, соған қарамастан бұл дәстүр әлі жалғасын тауып келе жатыр. Жылу жинау сөзі жанашырлық пен қамқорлықты білдіреді. Мысалы, көршіміздің үйі өртенгенде ауыл болып жылу жинап көмектесті, жаңадан үй көтергенде асарлатып, қол көмегін берді. Мен осы Тұрмағамбет атамыздың ұрпағы ретінде отбасымызбен киелі жердің тағылымын бойымызға жиып, келер ұрпаққа насихаттаудамыз. Қарашаңырақта ата-әжеміздің тәлім-тәрбиесін көріп, үлгі алған көздің нұры мен жүректің миуасымыз. Ауыл тұрғындары әжем Дүриякүлдің дауысы зор, өлеңді жақсы айтатынын айтса, ал атам ауылға белгілі бригадир болды. Әжем отбасында бізге әрдайым салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жайлы айтып отырады. Мысалы, дастарқан басынан ас қайырмай тұруға болмайды, асты міндетті түрде атам бастап, астың батасын беретін еді және үлкен адамның жолын кеспе деп үнемі айтып отырады. Біздің әулетте күріш егу дәстүрге айналған, оған дәлел менің атам – Әбен Тоғызбаев. Ол кісі еңбек ері атанған азамат. Еңбекқорлығымен елге белгілі кісі болған және оның құрметіне орай ауданымызда көше атауы берілді. Қазіргі таңда Әбен атамның баласы Аманқос атам да әкенің жолын қуып, күріш егумен айналысып жүр, озат күрішші. Біздің шаңырақтың шуағы, аяулы жан, менің анам – Жадыра, ал отбасымыздың тірегі, әкеміз – Марат. Әкем бақша дақылдарын егеді, ауылға жылда өз үлесін қосуда. «Балалы үй базар» демекші, анам «күміс алқа» иегері, 6 баланың анасы.
Біз үйде 6 ағайындымыз, барлығымыз бірге ойнап, бірге күлеміз, үлкен әулеттің біріміз, бізде «тоқымқағар» деген дәстүр бар. Бұл дәстүрдің астары өте терең. Әскерге кеткен ер-азаматтың амандығы мен ерте келуі үшін жасалатын дәстүр. Әскерден адам келгенде оның құрметіне көршікөлем жиналып үйде той болады. Әжемнің арғы атасы Алдамұрат Бұхара қаласындағы «Көкілташ» медресесінде білім алады. Кейін сол елдегі Арзымбет бай Алдамұрат атамыздың білімдарлығына қызығып, өзінің медресесінде ұстаз болуға шақырады және атама өзінің қызы Әлиманы беріп, 7 балалы болады. Кейіннен атамыз Арзымбет байдан еліне қайтуға рұқсат сұрайды. Бай Алдамұратқа батасын беріп, көшін көлікті қылып, еліне шығарып салады. Елге оралғанда түйенің қоржынынан басы қылтиып шығып отырған балаларын, түйеге артылған көп жүкті көрген жұрт «Ойбай, ауылдан жалаң аяқ кеткен Алдамұрат, еліне аржын-қоржын болып оралыпты ғой» деп таңданады. Осыдан кейін атамыздың балаларына көз тиіп, бірінен кейін бірі қайтыс болып, тек менің әжемнің әкесі Садық қана аман қалған екен. Әжем кітапты сүйіп оқитын, жүрген жерінде жақсы кітаптар алып, үйге әкеліп бізге оқытатын. Бұл қасиеті өзінің ата-бабаларынан дарыса керек. Әжем 1973 жылы ауданымыздағы қазіргі Тұрмағамбет ауылына келін болып түскен. Осы ауылдағы жыраулық дәстүрді балаларының бойына сіңіріп келеді. Әжем бізге жастайымыздан қазақтың белгілі ақындары Т.Ізтілеуұлы, М.Мақатаев, А.Құнанбайұлы, М.Жұмабаевтың өлеңдерін жаттатты. 5-6 жасқа келген кезімізден бастап қолымызға домбыра ұстатып, ауыл клубындағы «Тасберген, Жиенбай жырау» атындағы жыраулар мектебіне жетектеп апаратын. Бізді ешқандай жарыстардан қалдырмай, үйренемін деген ісімізге кедергі келтірген емес, керісінше бір өнер түріне қызығушылық білдірсек, керек заттарын алып беріп көмектесті. Әжемнің еңбегі далаға кетпеді. Әпкем Шұғыла түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. 2019 жылы Баку қаласында өткен Халықаралық «The eleventh international children mugam festival» атты жарыста ІІІ орынды жеңіп алды. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық Эстрадалық-цирк колледжінің, жыр-терме бөлімінің 3-курс студенті. Отбасы сөзінің астары ондағы адамдардың бір-біріне көмектесіп, сүйіспеншілікпен қолдау дегенді білдіреді емес пе?
Бірде әжем баян аспабын сатып әкелді. Мектепте музыка пәнінен сабақ беретін, өзінің сіңлісі Роза Алдамұратова апайға баян аспабын үйретуді тапсырды. Қазір мен де, әпкем Шұғыла да баян аспабында дәстүрлі әндерді орындап жүрміз. Мені бұл жолға әжем әкелді десем де болады, ал әрмен қарай маған жетекшілік еткен ұстазым Роза апайға алғысым шексіз. Ол кісі бойымдағы талантты байқап, бар білгенін үйретті және қазіргі сәтте көп жарысқа қатысып жүрген жүлделі көшбасшының бірімін. Жақында «Сырдың қараторғайы Шолпан Жанболатқызы атындағы І республикалық сырнайшы қыз-келіншектер арасындағы дәстүрлі әншілер байқауында» Шолпан Жанболатқызының «Сырдың қараторғайы» әнін, Иман Жүсіптің әнін орындап, ІІІ орынды иелендім. XXV облыстық «Бозторғай» конкурсына қатысып, II орынды жеңіп алдым. Бұдан басқа да көптеген дәстүрлі ән байқауына қатысып жүрмін. Менен кейін інім Ернар ол да ауылымыздағы «Жырау Қуандық Бүрлібаев атындағы ауылдық клуб» үйіндегі домбыра үйірмесіне барып, Дінислам Тоқсанбаев ағайдан тәлім алып, жарыстарға шығуда. 2023 жылы өткізілген Сыр сүлейлері, Алашқа аты мәлім даңғайыр дарынды жыраулар Жиенбай, Рүстембектің ұрпағы, ақын-сазгер, жампоз жырау Көшеней Рүстембектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Мен едім көкке бойлай жанған жалын» атты аудандық оқушылар арасындағы ұлттық өнер фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін марапатталды. Тоқыма өнеріне қызығады, оны әлеуметтік желілерден ізденіп, үйде бос уақытында тоқығанды жақсы көреді. Сіңлім Фатима өзінің бойындағы ерекше дарынымен түрлі жарыстарда өнерін көрсетіп, оза шауып, телевизиялық жобаларға қатысып жүр. Республикалық III «JasStar» фестивальконкурсында «Терме» номинациясы бойынша I орын иеленді. Бос уақытында ақындық қасиетін шыңдап, өлең жазады, сабағын 5-ке оқып жүр. «Ұлағат» республикалық балалар мен жасөспірімдер сайты ұйымдастырған 1-11 сынып оқушылары арасында өткен пәндік олимпиадада «Математика» пәні бойынша білімділігін танытып, І орынмен марапатталды. Өлеңді мәнерлеп, жатқа оқу – кез келгенге беріле бермейтін талант. «Балалар жылына» орай ұйымдастырылған «Алтын жұлдыз» атты республикалық шығармашылық байқауында «Мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Үйіміздің екі еркесінің бірі – Расул мектеп табалдырығын енді аттап, 1-сыныпта оқып жүрсе, Еркемай ауылымыздағы №8 «Қызғалдақ» балабақшасындағы Құттықыз Сәрсенова апайдың жетекшілік ететін жыр-терме үйірмесіне қатысып келеді. Біз отбасымызбен Тұрмағамбет атамыздың өлеңдерін жаттап, жылда болатын жарыстарда бәйгенің алдын бермейміз. 2023 жылы отбасылық сайысқа қатысып, «Өнерлі отбасы» номинациясын жеңіп алдық. Бізге бұл қасиеттің барлығы қан арқылы берілді деп ойлаймын, ал біз сол қабілетіміз бен бойымыздағы дарынды дұрыс пайдаланып, одан әрі дамытуға атсалысудамыз.
Бақыт МАРХАБАТОВА,
№29 мектептің оқушысы. Тұрмағамбет ауылы