» » Отбасы құндылығы – ұлт қазынасы

Отбасы құндылығы – ұлт қазынасы

Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары десек, қателеспейміз. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелеген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Ендеше отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс.
Осы орайда аудандық отбасын қолдау орталығының жоспарына сәйкес жас отбасыларға «Отбасы құндылықтары» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжауһар Раева, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Айгүл Сейітжанова және бөлімнің бас маманы Бақыткүл Ұзынжасова, аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Нұрлыбек Балтабай мен жас отбасылар, орталықтың мамандары қатысты.
Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі екенін тілге тиек еткен орталық директоры Нұрлыбек Балтабайұлы отбасының мәдениет пен адамгершілік қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кездесуде жас отбасыларға аға буын өкілдері ақылдарын айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
– Қазіргі жастарды бұрынғымен салыстыруға келмейді. Сіздерде қазір ақпарат көп. Отбасы мықты болса, Отан мықты болады. Өкінішке орай, соңғы уақытта «әттеген-ай» дейтін дүниелер көбейіп бара жатыр. Қазақ елі әлемде ажырасу бойынша екінші орында тұр екен. Білім, ғылым, спорттан жүзінші орындарды шамаласақ, осындай ыңғайсыз дүниемен алдыңғы орынға шығып кетіппіз. Бұл отбасындағы тұрақсыздықты көрсетеді. Оған не себеп деп тереңіне үңілсек, қоғамдағы инфляция, ұлттық құндылықтардың құнсыздануы секілді. Ертеректе ата-бабамыз «Текті жерден келін алсам, ұрпағым дана» болады деп көрегенді жердің қызын іздеген. Ал қазір жастар өз қалауымен шаңырақ құруда. 50-60 жыл отасқан жанұя мүшелерін сөзге тартсақ, шаттығы жарасқан шаңырақтың тірегі сыйластық екенін айтады. Сыйластық бар жерде өмір көңілді, ғұмыр мағыналы болады, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Иә, түсінген жанға тәлім боларлық дүние. Өмірден түйгені мен көргені мол аға буын өкілдері жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында «Азаматтарға арналған үкімет» МК Қармақшы аудандық азаматтық хал актілерінің тіркеу бөлімі неке қию туралы куәлігі мен туу туралы куәлігін салтанатты түрде табыс етті.
Кездесу қонақтары шаңырақ көтерген жас отбасыларға және сәбиінің алғашқы туу туралы куәлігін алған анаға ыстық ықыласы мен лебізін білдіре отырып құттықтау сөз сөйлеп ақ батасын берді.
Отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамытуды тек қана мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбей, ұлттық мүддені биік қоятын әрбір отбасы, әрбір азамат өзінің парызы ретінде санауы керек. Әрбір отбасында өскен тәрбиелі, білімді ұрпағымыз еліміздің ертеңгі өмірінің қандай болатынының кепілі.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 тамыз 2024 ж. 200 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930