ДАНАЛЫҚТЫҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ
Тамыз айының соңы. Ата-бабаларымыз «саратан» деп атап кеткен осы бір ай адамзат баласы үшін ерекше қарбаласқа толы. «Саратан келсе су суыр, су суыса күн суыр» дегендей, бірі баласын мектепке дайындап, енді бірі жазғы демалысынан оралып, қыстың қамына кіріскен. Мен де еңбек демалысымның соңғы күндерінде ауылдағы әке-шешемді қалаға көшіріп алмақшы болып, ауылға бет алдым.
Біздің ауыл облыс, аудан орталығынан тым шалғай орналасқан. Күн арайланып ата бере танысымның жүк машинасымен жолға шықтым. Қазір күн еңкейіп барады. Ойлы-қырлы белдер артта қалды. Арагідік жолдың ойығына түсіп кеткен көліктің қиқаң етіп, шоқырақтағаны болмаса жол шаршата қойған жоқ. Терезеден түскен күн сәулесінен қорғанып, маңдайыма бастыра киген жұқалаң сұр шәпкімді шешіп, енді-енді ақ түсе бастаған қоңыр шашымды қолыммен реттегендей болдым.
Қасымдағы серігім, көлік жүргізушісі Ардақ бірде «Маңмаңгерді», енді бірде «Айттым сәлем, Қаламқасты» қосып, өзі бірге ыңылдап келеді. Өзі бір сондай ашық-жарқын жігіт. Ән десе ішкен асын жерге қояды. Бағанадан ананы-мынаны айтып, әңгімеміз де таусылған секілді. Ол екі көзін қара жолдан алмай, әннің сазына елітіп келеді. Алыс жолға шығып үйренгені көрініп тұр. Жылдамдықты тым асырмай, көлігінің бабына қарай жүріп келеді.
Сары даладан көз алмай келе жатқан мен жусан мен изеннің кешкі самалмен тербелген көрінісіне тамсанып, иісінен құмарым қанғанша жұтып алуға тырысып, терезені ашып, құшырлана иіскедім. Ашқылтым, шаң араласқан дәм тамағымды қытықтап өткендей болды. Табиғатқа қарап, оның кереметіне сүйсінсем болды, көз алдыма Амангелді ұстазымның бейнесі келе қояды. Жасөспірім шақта сынып жетекшіміз болып, үлкен өмірге қанат қақтырған Амангелді ағай отыз жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде еңбек демалысына шыққан. Бізге еңбек пәнінен сабақ берген ағайдың бұл өмірде білмейтіні жоқтай көрінетін. Бір өзі тұтас энциклопедия дерсің. Ағаш ойып, үйге қажетті құрал-жабдықтар, жиһаз, музыкалық аспаптар жасайтын. Ауыл үйлерінің барлығында дерлік ағайдың қолынан шыққан бұйым кездесетін. Ұстазымның тағы бір қыры ол кісі ағаштан түйін түйген өнерлі кісі болуы мен қатар сол жасаған заты жайлы ұзынсонар әңгіме айтудан да жалықпайтын. Әрбір заттың тарихына, шығу тегіне тоқталып, оның құндылығын арттыра түсетін.
Сұлу мұртын бастырып, қыры сынбаған костюм-шалбар киіп, қолына қара портфелін қыстырып жүретін ағайдың шыныққан адамға тән дене бітіміне қызыға қарайтынбыз. Бойын әрдайым тік ұстап, салмақты қалпынан бір танбайтын жаннан бір қарағанда әңгіме суырып алу қиын секілді көрінетін. Ал тиегін ағыта қалсаң, аққан дариядай кеңінен көсіліп, талай жанның рухани шөлін қандыратын сыр шертетін. Әр сабағын тереңнен толғап, ерекше толғаныспен өтетін ұстаздың өзінөзі ұстауы мен сөз саптауына еліктеп өстік. Қолымызға құрал-саймандар беріп, жасаған затымызды көкке көтере мақтап, көңілімізді көтеріп тастайтын. Біз мектеп бітірген жылы ердің жасы елудің ар жақ, бер жағына кеп қалған Амангелді ағайға ауылға ат басын тіреген сайын соғып, аман-саулығын біліп тұрамын.
6-7-сынып оқитын кезім. Парталасым Жамбылдың әдемі, жаңа қаламына қызығып, қалтама сүңгіте салғам. Балалық қой. Қоңырау соғылып, сыныпқа кіргесін Жамбыл жанталасып, қаламын іздей бастады. Бойымды бір ыңғайсыздық билесе де сыр бермеуге тырыстым. Көпшіліктің көзінше қайтарып беруге батылым жетер емес. Амангелді ағай әрбірімізге байыппен қарап шықты да көзімізді байлап, қалтамызды қарай бастады. Менің қалтамды қараған кезде бойым дірілдеп қоя берді. Біткен жерім осы. Масқара болатын болдым. Көзімізді ашып, ағай өз үстелінің жанына барды. Көзін төменге салып: «Ой, мына жерде бір қалам жатыр ғой. Іздеген қаламың осы ма еді?» деп еңкейіп, қаламды жерден көтеріп, иесіне қайтарып берді. Әңгіме осымен бітті. Бұдан кейін ағай маған да артық сөз айтқан емес.
Көктемнің соңына ала бере құрдастары мызбен жиналып, мектеп бітіргеніміздің 25 жылдығын атап өттік. Туған жер төсіне келіп, аунап-қунап бір жасап қалдық. Әзілқалжыңымыз жарасып, кезіндегі тентектігіміз бен бұзықтығымызды еске алып, партаға отырып, сол бір қайта келмес шақтарды қайта бастан өткергендей сезімге бөлендік. Мерекелік дастарқан төрінде жетпісті ал қымдап, қолына таяқ ұстаған, жүзіне өмір ден көрген-түйгені әжім болып сызылған Амангелді ағайымыз да отырды. Бір кездегі адамға қарағанда өңменіңнен өтіп кете жаздайтын өткір көздері солғын тартып, шүңірейе түскен. Қара мұрттың орнын күміс түстес сақал басқан. Бізбен бірге көңілі жасарып, әрқайсысымызға ойлы көзімен қарап қояды. Жетістігіміз бен жақсылығымызды естіген сайын жүзіне күлкі үйіріліп, риза кейіпке енгені көрініп тұр. Өзі сөз алған тұста:
– Айналайын, қарақтарым, сендердің өмір жолында үлкен белестерді бағындырып, бірбір мамандықтың тұтқасын ұстап, елге адал, еңбекқор, білімді азамат болғандарыңды көріп, бір марқайып отырмын. Сырттай тілеулеріңді тілеп отырамын. Шүкір, жаман аттарыңды естіген емеспін. Өздерің дүниеге келген киелі топырақтың адал перзенті бола білдіңдер. Шәкіртінің жетістігі – ұстаз мерейі. Туған жерді ұмытпай, өздерің білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектептеріңе келіп, кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге сый-сияпат жасауларың да үлкен азамат болып қалыптасқандарыңды байқатады. Өздерің білесіңдер, мен бүгін де зейнет демалысындамын. Қызметті тоқ татқан соң бұрыннан айналысып жүрген бағбандықты шындап, қолға алғанымнан да хабардарсыңдар. Үйімнің жанындағы бақ шамды кеңейтіп, түрлі жеміс ағаштарын отырғыздым. Сендерден кейін сабақ бергенім болмаса, ешқандай сыныпқа жетекшілік еткен жоқпын. Сынып жетекші ретінде өздеріңді жаныма жақын тұтам. Сендердің құрметтеріңе 23 тал жеміс ағашын отырғыздым. Бір қызығы, барлығы жайқалып өсті. Жыл сайын жеміс береді. Сол жемістерді немерелерімнен бөлек ауыл балаларына да бөліп беремін. Уылжып піскен өрік пен алма, алмұртқа қараған сайын еліміздің әр өңірінде қызмет етіп, бір-бір отбасының тірегіне, ұйытқысына айналған бір кездегі өрімдей ұл-қыздың бейнесін көргендей күй кешемін. Күз уақыты болса, сол жемістерді қоржындарыңа сықап, толтырып берер ем. Қазір құлпынайдан басқа ешнәрсе пісіп үлгере қойған жоқ. Ауыз тисін деп сол құлпынайды теріп алып келдім, – деді де, сәл әріректе тұрған қораптың аузын аша бастады. Қораптан шыққан қып-қызыл құлпынайдың аса ұқыптылықпен жиналғаны көрінеді. Бір кездері бала жанының бағбаны болған ұстазымыздың өз қолымен өсірген жидегінен дәм татып, алғысымызды білдірдік.
Кенет машина үлкен жолдан кілт бұрылып, сонадайдан көрінген ауылға қарай тарта берді. Ауылға кеп қаппыз. Бойымды жинап ала қойдым. Менің келуімді күтіп, буыныптүйініп отырған әке-шешеммен амандасып, жуынып-шайынып, балбырап піскен тоқтының етіне тойып, көшеге шықтым. Көлік жүргізіп келген жолдасым ертең тағы жол жүретінін ескеріп, ерте жатып қалды. Ауыл да тұратын бірлі-жарым құрдастарыммен кездестім. Олар менің әке-шешемді көшіріп алып кетсем, ауылға енді жиі келмейтінімді тілге тиек етіп, мұңайып қалды.
Ертеңіне таңғы астан кейін Амангелді ақсақалдың үйіне бет алдым. Ағай әдеттегідей ерте тұрып, бақшасында жүр екен.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! Дауысымды естіп, жалт бұрылып, сәлемімді алғанымен, бірден жыға танымай, көзін сығырайтып, алға ентелей түсті.
– Ә-ә-ә, Батырмысың. Аман-есен келдің бе? Денің сау ма? Бала-шағаң қалай? Келінжанның жағдайы қалай? – деп біршама уақыт есенсаулық сұрасқаннан кейін әңгімелескісі келетін сыңай байқатты. Ағайдың бақшасын аралап, өмірлік ұстанымынан бір сәт те болса айнымаған ұстазымның әрбір ісіне сүйсіне түстім. Көзім бақшаның қоршауының сыртында өсіп тұрған бір ағашқа түсті.
– Ағай, анау бөлек тұрған не ағаш?
– Е-е-е, ол жаңғақ ағашы ғой. Оны басқа ағаштардан оқшау, бөлек өсіреді. Бойынан көмірқышқыл газын бөлетін болғандықтан, саясына адам демалмайды. Тек жемісін күтеді. Үйге жақын жерге егілген ағаш сол үйге жамандық әкеледі деп сенген екен бабаларымыз. Алайда күтімін таба білсең, нағыз берекелі ағаш. Айтпақшы, қазір жинап қойған жаңғақтан да саған берейін.
Әрбір заттың, құбылыстың мәніне терең үңілетін ағай бұл жолы да салтынан жаңылмады. Жаңғақ ағашы жайлы әңгімелеп, бағытын жүзімдікке қарай бұрды. Жүзімнің қос уыстан асатындай тұсына келіп, жақсы піскендерін таңдап тұрды да:
– «Өзбектер мұны юзим дейді, бір-бірлеп үзіп жейді. Қазақтар мұны жүзім дейді, бір жегенде жүзін жейді» деген екен бұл жарықтықты. Пайғамбардың сүйікті жемісінің бірі ғой, қалаға балаларыңа апарып бер, әкесінің ауылының дәмін сезінсін, – деп кезекпен үзіп алып, маған ұсына берді.
– Бұл ағаштар жеміс беруін тоқтатса да әлі талай жанның кәдесіне жарайтыны анық. Мен келмеске кеткен кезде ауылға ат басын бұрып тұрсаңдар, осы баққа да көз салып қоярсыңдар, – деді қоштасар сәтте.
Жүгімізді тиеп жолға шықтық. Алыс жолды артқа тастап, сол жол бойы балалықтың балдәурен сәтінің әр тұсына саяхат жасап, қалаға да жеттік. Ертеңіне айы-күні жетіп отырған келіншегім атұстарды дүниеге әкелді. Үшінші баламыз болса да қырықтан асқан шағымда дүниеге келген ұлыма ерекше мейіріммен қарап тұрып, есімін Амангелді деп қойдым. Әке-шешемді үйлі-қуатты шағында аман-есен қолыма әкеліп алғаныма шүкіршілік еттім бе әлде өмір жолымда әрбір қадамын өзіме үлгі тұтқан ұстазымның атын жиі атап жүргім келді ме, аса байыбына бара қойған жоқпын. Әкем менің шешіміме дән риза болды. Ол кісі де Амангелді ұстазды құрметтеп, қадір тұтатын. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйлағаның жөн, балам. Дүние есігін ашқан Амангелді баламыздың ғұмыры ұзақ болсын!» деп бетін сипады. Мен балама өз әкемдей әке болуды ойлаумен бірге ұлымның болашақта Амангелді ағай секілді ұстаздан білім алып, тәрбиесін бойына сіңіруін іштей армандап тұрдым.
Лаура БАҚТЫБАЕВА