Қандай бақытты ұрпақпын!
Қыраны көгінде қалқып, тектілікті ту еткен қазағымның тәуелсіздігі оңай келген еместін. Азаттыққа ұмтылған ата-бабаларымыздың арманы орындалып, шекарасын шегелеген елде шалқып өсіп жатқан ұрпақтың басқа қандай арманы бар? Бүгінгі тәуелсіз күн қазағымның басына бақ болып бітіп, болашақ ұрпаққа ізін салды. Азат күнді көрген азаматтар қараңғы қазақтың көгіне өрмелеп, өрнектелген таңбасын нық бекітті. Рухы шаншылып, армандары ауыздарында кеткен аталардың алға қойған мақсаты орындалып, ертеңнен көп үміт күткендердің күні қара бұлттан ашылған-ды.
Тәуелсіздік – әр қазаққа сеніп тапсырылған асыл мұра. Бүгінгінің баласы білімге ұмтылып, ат тұяғымен қорғаған батырлардың қарыстай жерін аялаумен өтуі керек. Қазақ ел болғалы ұлттық құндылығын, салт-дәстүрі мен мәдениетінен алысқа аттамаған қауым. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Әрбір түйір тас қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» дейді. Бүгін мен болашақтың арасын жалғау елі үшін езіліп қызмет қылатын адал азаматтардың қолында.
Тәуелсіз елдің дәні болған мен қандай бақытты ұрпақпын. Көк Туымыздың астында, қазақ баласының арманы асқақ, рухы биік болуы керек. Біздің ғылымға деген бетбұрысымыз тарихты жазып, ұлттық иммунитетімізді нығайтатын қадам. Оқуда озат, кәсіпте ширақ болып, ізденіс үстінде жүру тектегі ізгілікті оятпақ. Ұлттың шамын сөндірмей, қараңғыда қалған қоғамын алға сүйреп, қара домалақ қазағына қамқор болу – ұлтты сүюдің формуласы. Тату болған топты ешкім түртпек емес.
Ананың әлдиімен ауылда өскен қазақ баласы өркениетке адымдап ілесіп, ақсақалдың ақ батасымен көгермек-ті. Қасиетті Қармақшының топырағын жалаң басып, биік бәйтеректі жайқалтып жүрген азаматтардың тұғыры төбеден түспеуі керек. Ақиқаттан аттамаған жанның кішкентай кемесі де алып мұхиттан құрғақ өтпек. Бізге берілген аманатты сақтап қалу арқылы ұлттың абыройын көтеріп, береке- бірлігімізді одан әрі бекітпекпіз. Бірімізге біріміз жанымыз ашып, жоғымызды түгендегенде ғана қара мұржадан шығатын түтініміз тоқтамасты. Ошағын өшірмейтін оғландарымыз барда ел мен жердің гүлденуі көз алдымызда тұрмақ. Ат әбзелдерін ерттеп, ер тұрманынан бастап, жүген-ноқтасы мен тізгін-шылбырын еркін таққан ұлылардың ұрпағына артылған міндет ешуақытта жеңіл болмаған. Бейбіт һәм бақытты елді тұтастай сақтау, қара қазақ қамы үшін тас шайнап, қан түкіру әр азаматтың арқалаған борышы.
Тәуелсіз Қазақстан болашағынан зор үміт күттіретін ұрпағын қайрап өсіруі керек. Қайралып қайраттанған ұрпақ қана ел мерейін асқақтатып, қанмен келген топырағын сақтап қалмақ. Қазақтың ұзақ жолыңда хан Кенедей жан қиып, сұлтан болар жігіттер бар дей аламын. Беліңде бес қаруы болмаса да, жатып ішкен баладан мен де ұяламын. Қазағыма күн болар ұрпақ керек, қыран құстай түлейтін қарлы ұядан...
Нұрасыл БЕКМАТОВ