Аспаны ашық азат ел
Тәуелсіздік. Бұл ұғымға батыр халқымыз жаулардан қорғап қалған Қазақ елінің дархан даласы, азаттық үшін күресте төгілген бабалардың қаны, аналардың жасы, ұлтымыздың қасиетті тілі, салт-дәстүрі саяды. Ата-бабаларымыз бізге аманат еткен баға жетпес байлығымыз, асыл мұратымыз осы – тәуелсіздік.
Бұл күн – тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Бұл тек ел тұрғындары үшін емес, сонымен бірге шетелдердегі қазақ қандастарымыз үшін де маңызы зор мереке. Алыста, ата жұрттан жырақта жүрсе де Қазақстан үшін алаңдайтын, еліміздің болашағына біркісідей зор үмітпен қарайтын қандас бауырларымыз бұл күнді қалпақтарын аспанға лақтыра қуанып атап өтеді.
Бүгінгі уақыт – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің кезеңіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен іс-шаралар қарастырылған, экономиканы индустриялық инновациялық тұрғыда дамыту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Осының негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайта түсетін боламыз.
Тәуелсіздік – еліміздің егемендігінің айғағы. Көгімізде Тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 32 жыл уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйлады. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабалардың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Қазір елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген елеулі табысқа қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасы. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халқының өз болашағына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Бүгінде әрбір қазақстандық үшін мол мүміндік беретін Әділетті, Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз.
Биыл ел егемендін алғанына 32 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан – шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Еліміз Тәуелсіздік жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған қасиетті Қармақшы елі де өз үлесін қосып келеді. Аудан экономикасы жыл сайын өсіп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігі даму үстінде. Иә, ел егемендігін алғаннан бастап ауданымыз да өз тұғырынан түспей еңбек пен табыстың, татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Бүгінгі ұрпағы да ата-баба дәстүрінен айнымай, туған жердің дамуына өз үлестерін қосуда.
Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойы үкілі үміті үстем болып, еліміздің еркін дамуына айқара жол ашылған қастерлі мереке. Болашақта алар асуы мен шығар шыңы одан да биік боларына үмітіміз зор, сеніміміз кәміл. Тәуелсіздік – қолымыздағы ең басты байлығымыз. Біздің міндетіміз – туған Отанымыз Қазақстанды ары қарай дамыту және жасампаздық жолды жалғастыру.
Ақнұр САҒЫНТАЙ