Халықтың бақ жұлдызы
qarmaqshy-tany.kz Тәуелсіздік – халқымыздың асыл мұраты, төзімділік пен қайсарлықтың өшпес белгісі. Қазақ халқы үшін 16 желтоқсан – ең айтулы мереке. Себебі дәл осы күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялап, шекарасын белгілеп, дүниежүзі картасында айшықты түрде орын алды. Қазақ елі 31 жыл аралығында дәстүр мен сананы жаңғырта отырып, дербес мемлекет ретінде барша әлем жұртына танылды. Тарих қойнауына зер салатын болсақ, тәуелсіздік жылдарындағы елеулі де еңселі жетістіктеріміздің қатарына мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануын, ата заңымыздың жариялануын жатқыза аламыз.
Халқымыздың әл-ауқатын жақсартып, ел экономикасын көтеріп, еркіндігімізді нығайту жолында қаншама жұмыстар жасалынғаны баршамызға мәлім. Бүгінгі таңда дана халқымыздың саналы ұрпақтары заман талабына сай технологиялық жобаларды ойластыру арқылы еліміздің гүлденуіне септігін тигізіп жатқандығын байқай аламыз. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті жолдауын мұқият зерделей отырып, тәуелсіздіктің құнды асыл мұрамыз екендігін, оның қоғамымыз үшін өзектілігін атап өтуге болады. Қасым- Жомарт Тоқаев «Біздің міндетіміз – гүлденген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру» деп нақты айтты.
Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабамыз не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Сонау ел басына түскен нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткендердің елге оралған сәттегі туған жерді, ата-бабаларының кіндік қаны тамған топырақты құшырлана сүйген сәттегі бейнелерін көргенде қалайша толқымассыз?
Міне, ежелден еркіндікті аңсаған азат халқымыз тәуелсіздігінің 31 жылдығын тойлауға да жеттік. Қазақстан, тәуелсіз мемлекет ретінде, дүние жүзіндегі барлық елдерге түгелдей дерлік танылды. Бәрінен бұрын адамның жан дүниесі, рухы мен ар-ұжданы азаттықты тілейді екен. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға қазақ халқы жетті.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды.
Тәуелсіздік тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Оны қастерлеп, құрмет тұту, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру – қазақстандықтардың борышы және міндеті. Қазағымның қуанышы көп болғай. Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды етсін!
Эльмира ТИЫШТЫБАЕВА,
No85 орта мектептің мұғалімі