» » » МҰЗБАЛАҚ НЕМЕСЕ ҚАРМАҚШЫЛЫҚ КИНОГЕР

МҰЗБАЛАҚ НЕМЕСЕ ҚАРМАҚШЫЛЫҚ КИНОГЕР

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген екен һакім Абай. Аласармас арман, биік мақсаттар кеудесінде алаулаған әрбір жан сонау Эверестің шыңына шығуға талпынады. Қанаты қатайған қыран сонау сары ауыз балапан сәтінен арман отын жансарайында тұтатады. Қасиетті топырақтан нәр алып, кіндік қаны киелі жерге тамған аудан түлегі, «Хабар» агенттігінде бірқатар жобалардың сценарий авторы Жәмит Сәйпенұлы Көшербаев бізбен әңгімесінде осы күнгі биіктің бастауы туған жерден өрістегенін жеткізді.
– Қасиетіңнен айналдым, қайран ел. Туған жер дегенің магнит күші тәрізді тартып тұрар алып күшке ие атамекен емес пе?! Мен жұмыс істеген жобалардың әрбірінің сценариінде қасиетті Қармақшының элементі кездеседі. Неге дейсіз ғой, өйткені, тілі шұрайлы, таза, бай болғандықтан көптеген диалогқа, мәтінге қосып тұрамын. Нағыз қазақы өңір ғой біздің ауыл. Жыр-терменің Отаны, бір ауылдан жүз шайыр шыққан жер. Кейде ауыл айтқыштарының тапқырлықпен айтқан сөздерін де салып отырамын. Кейде ауылға деген сағынышың кеудеңде менмұндалап тұрғанда осылай мауқыңды да басып тұрасың, – дейді Жәмит Сәйпенұлы.
Шығармашылығы шыңдалған тұста ол елдегі бас­ты арна «Хабар» агенттігіне орныққан еді. «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының редакторы қызметін атқарды. Кейіннен «Таң қалмаңыз», «Біздің көшенің тұрғындары», «Дударай», «Әзіл әлемі» сынды жобалардың сценарилерін жазды. Бұл бағдарламалардың әрбірінде қазақы иіс аңқып тұратыны сценаристің сиқырлы жазбаларындай боп көрінетін әрбір оқырманға. Асылы, елге деген сағынышты әрбір сценарийге сыйдыра білген қаламгердің шеберлігінде болса керек-ті.
– КВН біздің студенттік кезеңдерімізде бастау алды. 1996-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде білім алдым. Нұрлан Қоянбаевпен бір топта оқыдым. Олардың әзілдеріне сценарий жазып беретінмін. Сценарий жазу дегеніңіз осылай басталды. Өмір өзі арнасына бағыттайды ғой, – деді Ж.Көшербаев.
Осылайша ол қазақ тіліндегі көңілді тапқырлар клубының жұмысын үйлестіріп, артынша сол кездегі телеарналардағы жастарға жақын, жаңашыл бағыт «Шатақхана» бағдарламасын түсіруге атсалыса бас­тады. Телевидениедегі алғашқы баспалдақтарын осы бағдарламадан бастаған Нұрлан Қоянбаев, Нұрдәулет Шертім, Ақылбек Досжанов, Дәурен Айдарқұловтарды бір арнаға тоғыстырған да Жәмит Сәйпенұлының үйлестірушілігі еді.
– Оқу бітірген жылдары Серік Абас-Шахтың командасына келдік. Ол уақытта «Хабар» арнасы жаңаша бағытқа бет алған еді. Түрлі шоу-бағдарламалар жасақталды. Әзіл-қалжыңдарды да эфирге шығардық. Қазір ой жүгіртсем, он жылдай осылай тер төгіппіз. «ХХІ ғасыр көшбасшысына» облыстардан оқушыларды іріктейтінбіз. Редакторы болдым, сұрақтарды дайындайтынбыз. Бастысы, уақыт өткізіп жұмыс істеу емес, артыңа із қалдырып, «Жәмит осында былай қылып еді, олай қылып еді» деп өзіңнің жолыңды өзгелер ауыздан тастамай айтып жүретіндей ету, – деп ойын білдірген Жәмит Сәйпенұлы бұл күнде сериалдар мен фильмдердің сценариін жазумен айналысады.
Ол «Оралман из Питера», «Каникулы в Тайланде», «Бизнес по казахски», «Махаббат жағалауы» атты фильмдердің, көрермен көзайымына айналған «Базарбаевтар» сериалының, «Qazaqstan» арнасынан көрсетілімге шыққан «Жаңа қоныс», «Әпке», «Қазына», «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартқан «Мезгілсіз махаббат» сериалдарының сценарий авторы. Осынша зор жетістіктерге ол маңдай тер еңбекпен жетті. «Астана, махаббатым менің» фильмі де есіңізде болар, аталған туындының жарыққа шығуына Жәмит Сәйпенұлы да қомақты үлесін қосты.
– Биыл күзде «Хабар» арнасынан «Шашу» комедиясы, «Qazaqstan» арнасынан танымал журналист Арман Сқабылұлының шығармасының желісі бойынша жазылған «Жаным менің...» мелодрамасы жарыққа шығады. Аталған жұмыстарға да біршама еңбек сіңірдік. Бұйыртса, нәтижесін көріп, көрермен қауымға ұсынатын боламыз, – деген Жәмит Көшербаев осы күнгі жұмыстардың барысымен де таныстыра өтті.
Өңірде кинотеатрлардан көрсетіліп жүрген «Мент», «Бизнес по-казахский», «Оралман из Питера» комедиялары көрген жұрттың көңілін серпілтіп, езуіне күлкі ұялатқан. Қысқасы, өз миссиясын орындаған шығармалардың қатарындағы «Мент» фильмі Еуразия кинофестивалінен бас жүлдені қанжығаға байлаған. Әлбетте, сценарий – фильмнің қаңқасы, сценарист – фильмнің іргетасын қалаушы. Сондықтан бұл жетістікте де Жәмит Сәйпенұлының үлесі зор екені даусыз.
ТҮЙІН
Жосалы кенті. 1975 жыл. Сәйпен Көшербаев пен Базаркүл Нұрмаханованың шаңырағында алдындағы алты ағаның ізін басып, шекесі торсықтай ұл келді. Айналаға қуаныш сыйлап, мына өмірге ғашықтығын арқалай келген Жәмит еді бұл. Әкенің тәрбиесіне қанық қалыптасқан ол Сәйпен ақсақал мен Әлімбай құрдасының әзілдері, тауып айтқан сөздерін жадына тоқып өскен еді... Міне, бұл күнде сол қоржынмен өзі де елге том-том дүние сыйлап жүрген еңбеккер. Төрткүл әлемге танымал көк түріктің ортақ бабасы Қорқытты өмірге әкелген қасиетті мекеннің жатырын жарып шығып, талай перзент биікке бағыт алды. Асылында, қасиетті топырақ деп аталуы жайдан-жай емес болар.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
07 маусым 2018 ж. 1 455 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031