» » » КӨНЕ ДӘУІРДІҢ КӨЗІНДЕЙ ДҮНИЕЛЕР

КӨНЕ ДӘУІРДІҢ КӨЗІНДЕЙ ДҮНИЕЛЕР

Белгілі қылқалам шебері Зәкіров Қайырбай ағамызды сонау 80-жылдардан бері танимыз. Ол кезде біз ауылдан келген студентпіз. Институт қабырғасында жүргенде жарықтық Қомшабай Сүйенішов ағаймен бірге бұрынғы театрдың артындағы шеберханаға жиі баратын едік. Ақын ағасын Қайырбай аға жайраңдап қарсы алады. Бар жұмысын тастап, гитарамен әнді төгілте жөнелетін.

  Ол кезде шеберханаға жақсылар мен жайсаңдар көп жиналатын. Шайтұрсын, Қази, Асқар ағаларды мен сол жерде көрдім. Олардың өзара әзілдері де, әңгімелері де керемет еді. Сол дәуірдің рухты азаматтарының көзін көріп, көшелі пікірін тыңдап отырғанымды сол сәтте сезбеппін де. Бүгінде өмірден өткен әзиз ағалардың қоңыр үндері қазір тарих қатпарынан домбыраның сазды үніндей күмбірлеп тұратын секілді маған. Қазір ойлап отырсам, Қайырбай ағаның шағын ғана жұмыс орны ұлағаттың алтын ұясы болған екен-ау! Небір мықты туындылар осы қарапайым ғана шеберханада өмірге келіп, төрткіл дүниенің түкпір-түкпірін шарлап кететін құнды дүниеге айналғаны қандай керемет!
  Кейде терең ойға кетесің де, табиғаттың шеберлігіне қайран қаласың. Бір адамның бойына соншама өнерді сіңіре салған Алланың құдіретінде шек жоқ қой. Қайрекең – суретші, ақын, әнші, сөз зергері, мүсінші. Алтындай Арал толқындарының сәулесінен өміріне қуат алып, сұлу Сырдың сағасынан мейір қандырғаннан шығар, әз ағада адамды жатсыну деген болған жоқ. Әлі де жылдар ағысымен жаңарған шеберханасына бара қалсаңыз, елгезек жанның құрметіне бөленесіз.
  Жуырда жолым түсіп сол рухани орынға барғанымда көне дәуірден сыр шертер жәдігерлерге көзім түсті. «Қарындасым, менің осы құпияларымды әлі ешкім жаза қойған жоқ. Әрбірінің өз тарихы бар. Мәселен, мынау – қойдың бас сүйегі. Мұны Қадір Мырзалиев ағамыз өзі мүжіген»,- дейді ағам ағынан жарылып. Қойшы, әйтеуір, самсаған заттың ішінен ескі самаурынның түр-түрі, қобыз, көненің көзіндей ұршық, білтелі май шам, жез қоңырау, келі-келсап, ағаш табақ, үрмелі аспап дейсіз бе, бәрі осы жерден табылады. Өнер иесінің айтуынша, әр затта өз кезеңінің рухы мен қасиеті сақталып тұрады екен. Туған жеріне деген махаббат сезімі ғұмырына азық болған жанның ғана қолынан келетін қасиет қой бұл. Талант иесінің тарихпен өмірі қатар өрілгеніне қалай таңдай қақпассың?!
  Қылқалам шеберінің ғажап болмысын тамаша суреттеген көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран Ғайып; «Қайырбайды ақын деп, суретші деп бөле жарып қарауға болмайды. Бұл – оның Құдай берген тұтас, кемел дарыны. Сегіз қырымен, бір сырымен туған адам. Ақындығын мына қолымдағы «Шалқасынан туған ай» кітабынан, суретшілігін «Құс жолы» альбомынан көргенбіз. Айтқанда, мұның жыраулығын айту керек. Мұнша өнер бойына тұйықталған адам тегіннен болмаса керек. Суретте – ақын, өлеңде – суретші, елге салсаң – термеші, өзіне салсаң – қарапайым ғана қазақ. Бұл қазақтың мықтылығы да осында» деген болатын.
  Киелі өнердің сан түрін бойына тұмарлаған текті ағаның шеберханасы ұлттық құндылықтарға тұнып тұр. Ағаның мықтылығының түп қазығы бәлки, ұлтжандылығында болар деп түйдік.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА

17 сәуір 2018 ж. 1 645 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031