БІЛІКТІ МАМАН
Әлемде адамдарға көмек көрсетуге бағытталған сан алуан мамандық бар. Солардың бірі – дефектология. Бұл мамандықты ерекше деп атауға болады. Себебі ол педагогика, медицина, психология сынды бірнеше ғылымды біріктіреді. Сала мамандары психикалық немесе физикалық дамуында ауытқуы бар балалармен жұмыс істейді. Сондайақ ерекше бүлдіршіндердің қоғамға бейімделуіне көмектеседі.
Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға қол ұшын берер мейірбандыққа ұмтылған салаға таңдауы түскен жанның бірі – Гүлжауһар Нұрпейсова. Ол Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында арнайы білім саласы бойынша «Дефектолог» мамандығын бітірген. 2009 жылы аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде педагог-дефектолог болып еңбек жолын бастайды. Бүгінде осы аталған мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болыпты.
– Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі маңызды қадамы. Әрбір жан мектеп қабырғасында жүргеннен бастап болашақта қандай мамандық иесі болғысы келетінін армандап жүреді. Бала кезімде мұғалім болуды армандайтынмын. Осылайша арнайы білім беру саласына келдім. Дефектолог – бұл физикалық немесе ақыл-ой дамуында бұзылысы бар балаларды оқытуға мамандандырылған мұғалім. Бүгінде бала арманымды орындалды деуге болады. Әрине, мамандығым сабырлықты, төзімділікті, шыдамдылықты қажет етеді. Сондықтан өз жұмыстағы жауапкершілігімнің жоғары екенін білемін, – дейді ол.
Педагог-дефектологтың жұмысы физикалық немесе психикалық дамуында бұзылысы бар балаға толыққанды өмір сүруге, айналасындағы әлемге, оның жетістіктері мен құндылықтарына қосылуға мүмкіндік береді. Осылайша арнайы білімі бар дефектолог мұғалім ата-аналарға балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Олардың қиындыққа мойымай заманауи әлеуетке бейімделуге, өмірге құштарлығын арттыруға, көзқарасын өзгертуге, болашағына бағыт-бағдар беруге жол сілтейді.
– Әр баланың жас ерекшелігі мен бұзылыс түрлерін ескере отырып, қазіргі таңда психикалық дамуында бұзылысы бар, аутизм спектрлік бұзылысымен қоса сөйлеу тілі дамуының бұзылысы бар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға түзете-дамыту сабақтарын беремін. Балалардың ақыл-ойын, көріп-қабылдауын, ойлауын дамыту, зейінін тұрақтандыру, қоршаған ортамен байланысын нығайтуға бағытталған түрлі дидактикалық ойындарды, монтессори әдістемелері мен АФК, СИ элементтерін жеке және топтық түзете-дамыту сабақтарымда қолданамын, – дейді кейіпкеріміз.
Арнаулы білім саласында еңбек етіп жүрген Гүлжауһар Кендебайқызы өзінің жан-жақтылығы мен біліктілігінің арқасында марапат биігінен жиі көрініп отырады. Түрлі республикалық байқауда балаларға жетекші болып құрмет грамотасымен, облыс әкімінің алғыс хаты, облыстық білім басқармасының, кәсіподақ комитетінің, аудандық білім бөлімінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
Уақыт өзгереді, оқыту мен тәрбиелеу тәсілдері жаңартылады, бірақ ерекше балалар мен жұмыс істейтін дефектолог мамандығы ешқашан қажет тілігін жоймақ емес.
Ақнұр САҒЫНТАЙ