» » » Еңбек пен ерлік үлгісі

Еңбек пен ерлік үлгісі

Ақжар ауылдық округі аудандағы іргелі елді мекен. Онда ғылымға, әдебиетке, өнерге, спорт cаласына үлес қосқан перзенттерімен қатар, туған жер топырағына маңдай тер еңбегі сіңген азаматтар қатары да аз емес. Таңмен таласа тұрып, ауыл тірлігіне араласатын еңбекқор ағайын күн райының ыстық-суығына да қарамайды. Жүрегі ел деп соққан ондай жандар кеше де болған, бүгін де бар арамызда. Саналы өмірін елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне атсалысып, кеудесіне "Құрмет белгісі" орденін жарқырата таққан ауыл азаматының бірі – Кеңшілік Нақшораев болатын. 
Көзден кетсе де көңілден өшпеген еңбек адамының ауылында істеген істері мен еңбек беттері әлі күнге дейін ақжарлықтардың аузында жылы шыраймен аталады.      

Ақжар ауылында дүниеге келген Кеңшілік ағамыз орта мектепті бітіре сала трактордың руліне отырған. Бозбала қатары секілді қалаға қарай тартып кетпей, туған жерінде қалып жұмыс істеуді жөн санайды. Кәмелет жасқа толған әрбір жас жігіттің алдында әскер деген айбынды күштің күтіп тұратыны белгілі. Ол да осы қатарды өзінің қайсарлығымен, батылдығымен толтырып, азаматтық борышын өтеді. Сонау 1969 жылдан бастап өмірінің соңына дейін кеңшарда түрлі еңбек етіп, елдің құрметіне бөленді. Кеңшарда күрішші, механизатор, болып жауапты жұмыстар атқарып, табанетінің арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Жас маман ретінде ол ауылға сыйлы, техника мен егіннің жайын бес саусағындай білетін білікті ағаларынан тәжірибе жинап, үйренуден шаршаған емес. Тынымсыз еңбек пен тиянақты жұмыстың нәтиже беретінін ол санасына жастайынан-ақ құйып қойған еді. Еңбекке ерте араласқанның пайдасы да бәлки осы болар. Таң ауада көлігін от алдырып, егіс алқабына қарай кете баратын жанның еңбектен рақат табатынын ауылдастары жақсы білетін. Ер азаматқа тән мінезімен, әдемі әзіл-қалжыңымен жүрген ортасын күлкіге бөлейтін еңбеккеш жан аудан, облыс көлемінде озат шығып, талай жарыстың көркін қыздырып қана қоймай, соңынан ерген жастарға үлгі-өнеге де бола білді. Оның көпжылдық жемісті жұмысы лайықты бағаланып, 1972 жылы мемлекеттік жоғары награда – "Құрмет белгісі" орденімен марапатталады. Келесі жылы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медаліне, облыстық, аудандық басқару органдарының көптеген мадақтама қағаздарына ие болады. Ресейдің Краснодар өлкесінде өткен одақ көлеміндегі көрмеге де облыс атынан қатысып, еңбегінің жемісі мен жеңісін көріп қайтқаны еңбек адамын бұрынғыдан да ынталандыра түсті. Ал 1975 жылы облыстық атқару комитеті мен кәсіподақтары кеңесінің қаулысымен облыстық социалистік жарыстың озаты белгісімен мадақталып, "Еңбек екпіндісі" атанғаны да оның еңбегіне берілген әділ баға болатын-ды. 

К.Нақшораевты танитындар ол кісінің адамгершілік жақсы қасиеттерін айта жөнеледі. Арада қаншама жыл өтсе де кешегі күннің естелігі көңілдерінде сақталып қалған. Солардың бірі – Қармақшы ауданының құрметті азаматы, замандасы Орынбасар Сариевтің де өз айтары бар.   

– Кеңшілікті ауылшаруашылығы басқармасында бас инженер-механик болып жүрген кезімнен білемін. Ол әрі механизатор, әрі күрішші болды. Ондай адамдар сирек кездеседі. Күрішті егіп өсіргеннен кейін мамандар біреуі комбайн, біреуі жатка, енді біреуі трактормен қызмет жасайтын. Ал Кеңкең болса, өзі сол жұмыстарды атқара беретін. Сол кездерде ұмытпасам, ол Алтынбек Диханбаевтың бригадасында егін екті. Дөңбайда егін бітік болды. Каналдың жаңадан қосылған кезі. Әр гектарынан 50 центнерден өнім алды. Ол кезде 50-ден өнім алу дегеніңіз, үлкен көрсеткіш. Күзде егін науқаны аяқталған соң әсіресе механизатор, күрішшілерді марапаттау рәсімі басталады. Соның ішінде Ақжардан Нақшораев та болды. Оның құжатын дайындау басқарманың бірнеше бөліміне тапсырылды. Құжаттың көрсеткішін дайындайтын жоспарлы бөлімнің басшысы Шайхымұрат Сейтенов, егіншілік бөлімінен Қаппар Қайназаров, мехбөлімнен маған жүктелді. Үшеуміз жабылып құжатын дайындадық. Ол кезде Ақжарда партия ұйымдастырушысы Алмабай Тұрбаев. Алтекең, бригадир Алтынбек Диханбаев 2 жерде күріш екті – Айдарбайда және Дөңбай бөлімшелерінде. Кеңшілік Дөңбайдағы бөлімшеде екті. Жері құнарлы, суы мол жер. Өнімді өте жақсы алды. Күзде құжаттары дайындалып, жоғары жаққа ұсынылды. Бізде атқару комитетінің төрағасы Нәжмадин Ысқақов еді сол уақытта. Хатшы Өмірбек Таңқаев бәріміз болып құжат дайындағанымыз елі есімде, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері еңбек майталманы жайында еске алып. 

Сонымен қатар, жерлесі, ақжарлық Қоңырбай Дәуменов те ауылдасы туралы лебізімен былайша бөліседі. 

– Өте пысық адам тұғым. Шаруасын мірдің оғындай тас-түйін істейтін. Екінші бір байқағаным, есепсіз ештеңеге аттап баспайтын. Барған, келгенінде, екі рет бармайтындай қылып жүретін. Бірде маған келіп, жүрмей тұған трактор бар еді, "мен айдайын" деп сұрады. Қарсы болмадым. Содан сол тракторды бастан-аяқ жөндеп шықты. Амангелді Жүсіпов ол кезде техника қауіпсіздігінің инженері. Кеңкең Амангелдінің соңынан қалмай жүріп техника қауіпсіздігінің журналына қол қойды. Кейіннен қайтыс болған соң тексеріп келіп жатты. Сонда Амангелді Кеңшіліктің соңымнан қалмай жүріп қол қойып еді, деп айтқаны бар. Сондай пісентті болатын. Көп әңгіме-қауғасы жоқ. Кесіп сөйлейтін. Тынбайтын. Көп уақыт бір ауылда, бір жерде тұрдық. Сәлеміміз түзу. Әкелеріміз бірге жұмыс істеді. Өмір бойы бір-бірімен сыйластықта өтті. Сол заманнан танимыз. Өте бір жақсы кісі. Күліп жүретін, күліп сөйлейтін, күліп әңгімеге тартатын. Өзіңді сөйлетіп қоятын. Нағашы-жиенбіз деп ойнайтынбыз. Нағыз еңбек адамы деп сол кісіні айтуға болады, – дейді кезінде "Ораз ахун" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы болған ағамыз. 

Өкінішке қарай Кеңшілік Нақшораұлы 2002 жылы өмірден озды. Тіршілігінің мөлдір бұлағы, маңызы болған 8 ұлы мен қызы, зайыбы Дариха апамыз артында қала берді. Шиеттей бала-шағаны анамыз өсіріп-бағып, бүгінгі күнге ер-азамат етіп жеткізді. Балалары әке өсиет еткен жоғары оқу орындарында білім алып, отбасын құрды. Олардан тараған ұрпақ еліміздің әр түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп, ел дамуына үлестерін қосып жүр.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
22 қыркүйек 2024 ж. 106 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 181

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031