» » "Еңбегімді елеген еліме рақмет!"

"Еңбегімді елеген еліме рақмет!"

qarmaqshy-tany.kz Әрбір жылдың соңында істеген еңбегіне қарай сараланып, үздіктердің алға шығатыны бар. Ол үрдіс өткен жылы да ауданда аталып өтіліп, еңбек озаттары төрден орын алды. Аймағымыз республика халқын күрішпен қамтамасыз ететін бірден-бір өңір болғандықтан Сыр диқандарының бұл реттегі еңбегі орасан зор.

Көктемнің қоңыр салқын күнінен басталатын дала дүбірі күздің қара суығына дейін жалғасып, диқан қауымды бір ширатып алады. Еңбеккерлер де егін уақытындағы әрбір сәттің қадірін жете түсініп, оны ысырап етпеуге барын салып бағады. Таң баласымен таласа жүріп, егістіктегі әрбір дәнді балаша күтіп-баптайды. Жоғары өнімділікке қол жету үшін жер жырту, дән себу, су беру секілді жұмыстар өз мөлшерімен, уақытымен істелуі керек. Әйтпегенде еңбектің зая кетуі ғажап емес. Сол үшін де айтар ауызға оңай болғанмен, істер қолға егіншілік анау айтқандай жеңіл дүние емес. Сала майталманы Жомарт Жалғасбаевтың "Егіншілік кәсіпте қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Өйткен жағдайда елдің үміт еткен ырыс-несібесінің далаға төгілгені" дейтіні тегіннен-тегін болмаса керек.
Ал, жыл қорытындысындағы дүбірлі тойда ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің төрден көрінуі – бұл олардың күннің аптапты ыстығы мен ызғарлы суығына төзіп, төккен маңдай терге берілген әділетті баға болмақ. Осы іс-шарада есімі құрметпен аталған озаттар қатарында Ақжар ауылындағы "Ораз ахун ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Азат Нарымбетов те болды. Ол ауыл шаруашылығының білгір маманы, республикаға белгілі азамат, қоғам қайраткері Қылышбек Әбішев атындағы медальді кеудесіне тағып, қошеметке бөленді.
Азат Убайдуллаұлы Ақжар ауылында 1987 жылы өмірге келген. 2008 жылы агротехникалық колледжден "Агроном" мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын бастаған. Алғашында агрономның көмекшісі болса, біртіндеп еңбек сатысында өсіп отырған. Ол 2009-2011 жылдар аралығында қырманда таразышы, одан соң үш жыл егіс бригадирі болып, шаруаның қыр-сырын меңгереді. Агрономия – өсімдік-дақылдың Жер-Анадан нәр алып, адам игілігіне жарағанға дейінгі аралықты зерттейтін ғылым десек, нәтижелі өнім алуда қаншама есеп-қисап, жауапкершілік керек. Азат бауырымыз да өз мамандығын жете игеріп, тәжірибе жинай келе, басшылықтың сеніміне ие болады. Сөйтіп, 2019 жылдан бастап қазірге дейін осы шаруашылықта серіктестік директорының өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне көтеріліп, оны абыроймен атқаруда.
"Көргені жақсы көш бастайды" дегендей, агрономның әкесінен үйренгені көп. Убайдулла ағамыз да саналы өмірін ауыл экономикасының өсіп-өркендеуіне арнаған азамат. Елді мекеннің көркейіп-көгеруінде, шаруашылықтың нығаюында ол кісінің қолтаңбасы сайрап жатыр. 1977 жылы әскери борышын өтеп келген ол шаруашылықта көлік жүргізуші, бригадир болып еңбек етеді. Әсіресе, адалдық пен тазалықты қажет ететін қырман қоймасы да осы азаматқа тапсырылады. Талап пен сенім үдесінен шыға білген азамат бұл жұмысты 2020 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін адал атқарып, елден алғыс арқалаған.
– Ес білгенімізден әкемізден ауыл шаруашылығы жұмысының қандай болатынын көріп, біліп өстік. Еңбек еткеннің абыройлы, құрметті болатынын да отбасынан біліп келеміз. Агроном мамандығы мен үшін мамандықтың атасы. Қолымнан келгенше туған ауылымның гүлденуіне атсалыса беремін. Кешегіде біз ата-анамыздың үміті болсақ, бүгінде өзіміз де ұрпақ өсіріп отырған ата-анамыз. Сол бала-шағамызға еңбек еткеннің мәртебесі жоғары болаты- нын, төрден орын алатынын ұғындырсақ дейміз.
Қылышбек аға туралы айтқанда, ол кісінің еңселі бейнесі, елжанды сөздері есіме оралады. Нағыз елінің қамын ойлаған, жаны ашыған абзал азамат болды ғой. Енді сол кісінің атындағы төсбелгіні иелену – үлкен құрмет деп санаймын. Еңбегімді елеген азаматтарға да айтар алғысым шексіз, – дейді Азат Нарымбетов ілтипатпен.
Еңбек озаты Айдана атты қызбен 2017 жылы отбасын құрған. Екеуінің ортасында Жанерке, Айбар атты бүлдіршіндер өркен жайып, өсіп келеді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
28 қаңтар 2023 ж. 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 267

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 366

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930