Диқандар еңбегі еселі
Жыраулықтың туын тіккен өңіріміз ақ күріштен тау тұрғызған еңбеккерлер мен дала диқандарының тер төккен қасиетті мекені. Бүгінде аты аңызға айналған еңбек ерендері Сәлима Жұмабекова, Қасымтай Ізтілеуов сынды даңқты аға-апалардың ұлы еңбек көші өз жалғасын табуда.
Еңбеккерлер үшін «Еңбек күні» мерекесі жыл сайын асыға күтетін мейрам. Бұл – ала-жаздай тастүйін еңбек етіп, Сыр маржанын төкпей-шашпай жинау жолында күні-түн демей тер төккен қармақшылық диқандардың еңбегі айшықталатын күн.
«Еңбек күні» мерекесіне орай Ақжар ауылында егінжай ерлерімен кездесу өтіп, ақ күріші жайқалған, қызу еңбегі қайнаған дала қосында өткен іс-шара нағыз еңбек пен берекенің көрінісіндей болғаны бар.
Оған арнайы атбасын тіреген аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Үкімет қабылдаған маңызды тапсырмаларға сәйкес облыс әкімінің тікелей қолдауымен өңірде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстардың легін тізбектеп өтті. Одан бөлек өңір басшысы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының «Тұрғындарды картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы және азық-түлік қорын көбейту, сондай-ақ сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту мақсатында әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындау және бақша дақылдарын егу» тапсырмасына сай атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады. Одан соң шаруашылық басшыларымен, еңбеккерлермен күріш жинау науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау және алдағы міндеттер жайында өзара пікір алмасты.