» » Арқа төріндегі мерейлі мәртебе

Арқа төріндегі мерейлі мәртебе

qarmaqshy-tany.kz 7 желтоқсанда Арқа төрінде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен "Алтын сапа" және "Парыз" республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өңір халқы үшін үлкен жаңалық болды. Оның ішінде осы дүбірлі күнде Сыр елінің де мәртебесі биікке көтеріліп, еңбектің даңқы артты.

Атап айтқанда, "Қармақшы ауданының құрметті азаматы", облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Орынбасар Төлепов басқаратын "Жаңажол" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айтулы байқаудың жеңімпаздары қатарынан көрініп, серіктестік ірі кәсіпкерлік субъектісі санатындағы "Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын" номинациясы бойынша қола жүлдемен марапатталды.
Бүгінде қоғамда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі маңызды орын алады десек, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өсуі мен дамуында шаруашылықтың атқарып отырған үлесі мол. Ұжым басшылығы әркез әлеуметтік осал топтарға қол ұшын беріп, қайырымдылық істеуден кенде қалып көрген емес. Аудан мерейін асқақтатқан серіктестіктің әлеуметтік саладағы атқарған бірқатар жұмыстарына тоқталып өтейік.
"Жаңажол" ЖШС негізінен күріш егумен, яғни Сыр салысын өндірумен айналысады. Онда 400-ден аса ауыл тұрғыны нәпақасын тауып отыр. "Бар жақсылық – ауылыма" деген қағиданы ұстанатын шаруашылық ұжымы мекемеде еңбек ететін және жер үлескері болып табылатындарға жеңілдетілген бағада жем-шөп, күрішпен әр квартал сайын белгілі шекте қамтамасыз етіп отырады. Әлеуеті жағынан аз қамтылған 25 отбасыға және ауған соғысының ардагерлеріне қысқы дайындыққа орай 1,5 тонна тегін көмірмен көмектессе, асыраушысынан айырылған 25 отбасына жылына бір мәрте қаржылай және күрішпен жәрдем беріп отырады.
Жақында ғана "Қармақшы ауданының құрметті азаматы", ауылдың сыйлы анасы Бибігүл Әбішева анамызға баспана салып берсе, Президенттің биылғы жылды "Балалар жылы" атауына байланысты елді мекен орталығынан 3 бірдей балалар ойын алаңын ашып, абаттандырып берді. Ауылдың тарихына жүгінер болсақ, оның 5 елді мекеннен құралғанын білеміз. Жас ұрпаққа туған жерінің тарихын біліп, оған қастерлі көзбен қарау мақсатында орталықтан бірлік пен ынтымақтың белгісі ретінде Стелла ашылып (жан-жағы су бұрқақпен көмкерілген), елдің игілігіне берілгені де қуанышты жағдай.
Көктемнің қоңыр салқынынан бастап, күздің қара суығына дейін дала төсінде жұмыс істейтін еңбеккерлердің мерейі тасып, марапатқа кенелетін шағы – "Алтын дән" мерекесі. Сабантой мерекесін атап өту – ауылдың халқы үшін орны бөлек мейрам. Осы жылғы күзгі жиын-терім де еңбек адамдарының құрметін асырып, берекесін тасытты. Озаттардың алды автокөліктердің кілтіне ие болса, кейінгілері 500-100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды. Егіннің қорытынды нәтижесі шығатын мерекеде тек қана шаруашылық еңбеккерлері емес, сонымен қатар ауылдағы әкімшілік, мектеп, балабақша, медициналық бекеттің үздік қызметкерлері мен бірқатар ардагерлерді де қаржылай сыйлықпен марапаттаған. "Таза ауыл" номинациясы аясындағы қаражат та осы шаруашылықтың тарапынан ұйымдастырылады. Мұндай игі істерді әрі қарай да тізіп кете беруге болады. Алайда, осындай істеген қыруар шаруаның өтемі қайтып, еңбек пен маңдай тердің ақталғаны – әрине шаттанарлық дүние.
"Ердің жақсысы елімен ойласады" деген қазақта ертеден келе жатқан даналық сөз бар. Орынбасар ағамыз серіктестік тізгінін ұстағалы бері "Ауылымды қалайша көркейтемін, өркендетемін" деумен келеді. Оған газет жұмысымен өзіміз де талай куә болып жүрміз.
– Мемлекет басшысы аталған конкурстың дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанын және 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнім үлесінің 3 есе өскенін атап айтты. Салтанатты рәсімде "Өнеркәсіптік саясат туралы" арнайы заң қабылданғанын жеткізді. Бұл құжат жоғары және орташа өңдеу деңгейіндегі өнім өндірушілерге жақсы қолдау болатынын атады. Елімізде агро-бизнес саласы экономикалық дамудың тағы бір қозғаушы күшіне айналуы керек екенін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне жіті тоқтала келе күзгі жиын-терім науқанын сәтті аяқтаған шаруаларға алғысын білдірді.
Ал марапаттау рәсіміндегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Рәсімге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Біздің шаруашылық әлеуметтік сала бойынша марапатқа ие болды. Конкурсқа үш жыл қатарынан құжат тапсырып келеміз. Оның өз талап-шарты бар. Жеңіл деп айта алмаймын. Түсінгеніміз – мұнда шаруашылықтың (ірі өндіріс орындарының) өсу, даму динамикасын басты назарға алынатыны. Әрбір игі істер мен елге жасалған әлеуметтік қолдау- көмектеріміздің есебі ретінде фотоальбом жасап, конкурс комиссиясына ұсындық. Алда тағы да қатысуға ниеттіміз. Ендігі арман-мақсат – Қазақстан Республикасы Президентінің өз қолынан марапат алу, – дейді Ақорданың төрінен марапат алып қайтқан серіктестік төрағасы Орынбасар Өтепұлы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
10 желтоқсан 2022 ж. 406 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930