Баспана тарту етті
qarmaqshy-tany.kz ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫНДАҒЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БІЛІКТІ МАМАНЫ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ ОРЫНБАСАР ТӨЛЕПОВ БАСШЫЛЫҚ ЕТЕТІН «ЖАҢАЖОЛ» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ АУЫЛДЫҢ ӨСІПӨРКЕНДЕУІНЕ ҚОСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҮЛЕСІ ОРАСАН.
Шаруашылық өткен жылдарда ауыл тұрғындарының әлауқатын арттыруға, олардың заман талабына сай өмір сүруіне, туған ауылының гүлденуіне көптеген игі істер атқарып, құрметке бөленіп жүр. Атап айтар болсақ, түрлі гүлмен көркемделген ауыл орталығындағы алаң, оған қарама-қарсы орнатылған саябақ, оның ортасында орналасқан Бәйтерек пен су бұрқағы қай кезде барсаңыз да сұлулығымен көз тартады.
Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – ауылда өтіп жатқан барлық қоғамдық жұмысқа белсене араласып, тұрғындардың заман талабына сай өмір сүруіне қолдау көрсетуі. Міне осындай бірлігі мен берекесі тасыған ауылда өнегелі өмір жолымен елге танылған жандар жетерлік. Солардың бірі – ауданымыздың Құрметті азаматы, даңқты тракторшы Бибігүл Әбішева.
Ол 1951 жылы Төрткүл елді мекенінде дүние дидарын ашқан. Алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданында тракторшы болып бастаған Бибігүл апайымыз кейіннен отбасылық жағдайымен қазіргі Дүр Оңғар ауылына қоныс аударған. Мұнда келген соң да тракторшы болып еңбек жолын жалғастырады. 1975-1977 жылдар аралығында шаруашылық басшыларының қолдауымен ауылда «Шалқар» атымен құрылған жас шопандар комсомол жастар бригадасына жетекшілік етеді. Ал бұдан кейін ол трактор руліне қайта отырып, жылдар өте трактор жүргізушісі мамандығымен бірге диқаншылықты меңгеріп, 2009 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады.
Бибігүл апайымыз еңбектегі ерлігі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің және «Озат еңбегі үшін» медалімен марапатталған. КОКП-ның ХХV және Қазақстан Компартиясы ХVІ съездерінің делегаты. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сонымен қатар, Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде 2 күміс және қола медальды омырауына таққан ардақты жан.
Бибігүл Әбішева өмірлік жары, саналы өмірін ауылдағы «Жаңажол» шаруашылығында механизатор болып еңбек еткен Кариман Сыдықовпен бірге өткізіп, өнегелі ұрпақ өсірді.
Осындай ауыл ардақтысына құрмет көрсеткен «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заманауи үлгіде салынған жеті бөлмелі тұрғын үйді сыйға тарту етті.
Салтанатты шарада оған құрметті қонақ ретінде шақырылған аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов, облыстық мәслихат депутаттары, ақын Шаһизада Әбдікәрімов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлепов құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Содан соң жаңа тұрғын үйдің лентасын қиып, Бибігүл Әбішева апайымызға баспананың кілтін тапсырды.
Іс-шарада Бибігүл Әбішева осындай игі істің басы-қасында жүріп, өзіне қолдау көрсеткен облыстық мәслихат депутаты, «Жаңажол» серіктестігінің басшысы мен ұжымына аналық алғаусыз алғысын айтып, батасын берді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ