Ауылдағы стелла
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШТЫ СӘТІНІҢ ОРАЙЫ КЕЛДІ. ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫНА ТАБАН ТІРЕГЕННЕН-АҚ ОҚТАЙ ТҮЗУ КӨШЕЛЕРДЕГІ САП ТҮЗЕГЕН ҮЙЛЕР МЕН ЖАҢА ӨМІРГЕ, МЕКЕНДЕГІ ТҰЩЫМДЫ ТІРЛІККЕ КУӘ БОЛАСЫЗ. ОРТАЛЫҚ АЛАҢ ҚАЙТА АБАТТАНЫП, ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРГЕН. САЯБАҚ ІШІ ЖАРЫҚШАМДАРМЕН ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛЫП, БРУСЧАТКА ТӨСЕЛІП, КӨПШІЛІК ДЕМАЛАТЫН ОРЫНДЫҚТАР, ӘТКЕНШЕКТЕР ОРНАТЫЛҒАН. ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ, «ЖАҢАЖОЛ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ МЕН АҚЫН ДҮР ОҢҒАР ДЫРҚАЙҰЛЫНЫҢ 160 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ СТЕЛЛА МЕН ДЕМАЛЫС САЯБАҒЫ САЛЫНҒАН.
Сырдың жағасында мал мен егіннің жағдайына қарап, 1928 жылы бес майда серіктестік құрылған болатын. Олар – Қызыл әскер, Бидайкөл, Жаңажол, Комсомол және Энгельс атындағы серіктестіктер. 1930 жылы осы бес шаруашылық бірігіп, «Жаңажол» ұжымдық шаруашылығы ірілендіріліп қайта құрылды. 1963 жылы «Мәдениет» жылы болып аталып, ауыл облыс көлемінде «Мәдениетті ауыл» атағын жеңіп алды. 1990 жылы ауылдың 60 жылдық мерейтойы облыс көлемінде атап өтілді. 1994 жылы 15 наурызда облыс әкімінің шешіміне сәйкес Жаңажол колхозы болып аталды. Заман талабына сай әр жылдарда бірнеше атаулармен аталып, 2004 жылдан «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды.
Стелланың бес жұлдыз болып салынуы, майда бес шаруашылықтың бірігуінің белгісі болса, жоғары жағында «Жаңажол» ЖШС эмблемасы орнатылыпты. Оны ұстап тұрған қол – елдің бірлігінің символы болып саналады.
Жуырда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен ауылда болып, орталық алаңның ашылу рәсіміне қатысты. Орталық алаңдағы арка, стелла, әуенді субұрқақ, балалар ойын алаңы және спорт алаңының көркі көз тартады. Аймақ басшысы мен ауыл ақсақалы Оңғарбек Бекмұрзаев лента қиғаннан кейін, қонақтар «Жаңажол саябағын» аралады. Балаларға арналып салынған спорт алаңы мен сауда дүңгіршектерін көрді. Содан соң стеллаға барып, қолтаңба қалдырды. Саябақта орналасқан «Айман» шаруа қожалығының сүт өнімдерінен өндірген азық-түлігінің дәмін татты. Ауыл ақсақалдары, ауыл тұрғындарымен пікір алмасты. Мұнан соң әуенді субұрқақты тамашалады.
Игілікті істің қасынан табылған жандарға, шаруашылық төрағасына ауыл бүлдіршіндері дән риза. Кішкентай балғындарды аталмыш алаңқайдың жазғы маусымда қолданысқа берілгені де қуантты.
«Бізге бұл алаң қатты ұнады. Әткеншектері бар. Енді осы жерде үнемі ойнайтын боламыз. Осындай алаң салуға көмектескен ағайларға көп рақмет айтамыз. Бәріне ұнап жатыр. Әсіресе кешкі көрінісі жақсы. Өйткені шамдар жанып тұрады, субұрқақ ағады. Құдды қалада жүргендейміз» деп қуанады ауыл балалары.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)