» » ЕГІН ЕГУ МАУСЫМЫ ЖАЛҒАСУДА

ЕГІН ЕГУ МАУСЫМЫ ЖАЛҒАСУДА

Бұған дейінде өңірдегі көктемгі дала жұмысының жа­йын жазып, жалпақ жұртқа жария етіп жүрміз. Көктемнің әр күнін жылдың азығына балаған диқан бабамыздың бүгінде кетпені сайлаулы, көңілі жайғаулы. Ерте көктеммен бірге еңсе тіктейтін еңбеккердің дені бүгінде дала қосында еңбекпен біте қайнасқан. Жыл мезгілінің қайсысы болса да – еңбек адамының оң жамбасына дөп түседі. Көктемде дала төсін егінжайға дайындап, мол өнімнің ырыздығын жасаса, жазда еккен өнімін күтіп-баптайды. Ал әрбір күні қызу қарқынға толы сары күздің жайы тіпті де бөлек. Ол жай ғана жыл мезгілі емес, қырманы ырысқа, еңбегі ұлысқа жараған алтын шапақты күз. оны берекелі де мерекелі ететін жомарт жүректі, құрыш білекті еңбек адамы.
Әне-міне дегенше, сәуірдің 26-сында алғашқы күріш дәні Жер-ана төсіне себіліп, дүбірге толы дала жұмысы басталды. Ерен еңбек пен аянбай төккен тердің арқасында бүгінде 8482 гектар жерге Сыр маржаны егіліп, оның 5921 гектары суға бастырылды. Бұл айтулы дала жұмысына 152 трактор, 44 соқа, 24 тұқым сепкіш, 62 автокөлік, сондай-ақ 94 трактор тіркемесі тартылған. Шаруашылықтар ауыл шаруашылығы машиналарының жұмысына керекті 2020 тонна жанар-жағар маймен қамтамасыз етілген.
Жауапты науқанның жұмыс барысымен танысу мақсатында ауыл шаруашылығы бөліміне ат басын тіредік. Мұндағылар көктемгі дала жұмысының талапқа сай жүргізіліп жатқанынан хабар берді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сабырхан Зайыровтың айтуынша,  үстіміздегі жылы облыс әкімдігі мен  «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының келісімімен аудан көлемінде 22956 гектар жерге егістік орналастыру межеленсе, соның ішінде күріш – 14633 гектар, бидай – 280 гектар, майлы дақыл – 270 гектар, мақсары – 230 гектар, соя – 40 гектар, мал азықтық дақылы – 6669 гектарға, сондай-ақ картоп, көкөніс, бақша өнімі – 1100 гектар алаңға өсіру жоспарланған.
– Қазір көктемгі дала жұмысы тиісті бекітілген жоспар аясында атқарылуда. Аудан бойынша 4553 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, суарылды. Жаңа жоңышқа 2271 гектарға белгіленген межеден артығымен егілді. Сонымен қатар, 302 гектарға мақсары, 536 гектарға жаздық бидай, 125 гектарға арпа себілді, – дейді маман. 
Үстіміздегі жылдың ауыз толтырып айтарлық жаңалығы – «Жаңажол» және «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәжірибе ре­тінде 20 гектарға соя өсіруді қолға алуда. Түрлендіру мен әртараптандыру – ауыл шаруашылығы бағы­тында кеңінен қолданылатын әдіс. Топырақты тозып кетпеуден сақтап, оның құнарын арттыруда түрлендірудің пайдасы зор. Бұл мақсаттағы жұмыстар жыл басынан бері жүйелі түрде жүргізілуде. Алматыдан «1-класс» және «Жансая» сортының тұқымын әкеліп, бүгінде екі шаруашылықтың 40 гектарына дән себіліп, суарылған. Егер де тәжірибе ойдағыдай өтіп, себілген соядан жақсы өнім алынатын болса, шаруашылық құрылымдары соя өсіруді өндірістік негізде қолға алатын болады.
Күріш, басқа да дақыл сумен өсетіні белгілі. Су жеткізу науқаны басталғанға дейін аудан ша­руашылықтары бойынша 310 мың м³ ішкі ша­руа­­шылықаралық канал тазаланып, 102 гидро­техникалық құрылысқа, сонымен бірге 12 насос қондырғысы мен 41  гидробекетке жөндеу жүрген. Егіске қажетті 10400 тонна минералды тыңайтқышқа тапсырыс беріліп, оның басымы бүгінде тасымалданған.
Экономикалық тұрақтылық пен сапа сұранысын арттыруда экспорт әлеуетінің маңызы жоғары. Бұл тұрғыда үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуірінде аймағымызға белгілі шаруашылықтың бірі – Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Өзбекстанға өткен жылдың 4 айында 264 тонна Сыр маржанын сатып, одан 40 миллион теңгеден аса табыс түсірсе, үстіміздегі жылы 100 тонна күріш дақылын экспорттап, 15 миллион теңге пайда тапқан.
Түйін:
Біздің елдің басты бренді – Сыр маржаны. Оны өсіруде қармақшылық диқан қауымның ең­бегі ерекше. Олар өткен жылды табысты қорытындылап,  марапат төрінен ойып орын алса, биыл да дала дарабоздарынан мұнан да жоғары ерен еңбектің үлгісін күтеміз.   
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
21 мамыр 2019 ж. 1 764 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031