» » Алқапқа тұқым себілді

Алқапқа тұқым себілді


Көктемнің жылы шуағы еніп, жердің сызы кетісімен, дала төсінде егіс жұмыстары басталды. Күзде орағын кәдеге жарататын егіншілердің тағы да қарбаласқа түсетін шағы келді. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымы егіс алқаптарына алғашқы дән себу жұмыстарын бастады. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, Жер-Анадан берекелі өнім жинай білген Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» ЖШС биыл табыс қазанын қайнатуда алғашқы дән себу рәсімін өткізді.
Қазақ халқы ежелден көктемгі егін егу нау­қанын бастар уақытта дәнді дақылдардың тұқымын қолмен шашу дәстүрін жасаса, осы игі үрдісті жалғастырған шаруашылық ауданның жақсыларын жинап, «Сыр күріші – ел ырысы» атты дән себу рәсімін өз деңгейінде атап өтті. Оған аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов, мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов қатысты. Іс-шараның алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімі алып, барша дала еңбеккерлеріне сәттілік тіледі.
– «Көктемнің әр күні – жылға азық» дегендей қасиетті Рамазан айында дала жұмысының керемет бір көрінісіне куә болғалы отырмыз. Ата дәстүрден жаңылмаған Жаңажол ауылы бүгін Жер-Ана құшағына дән сеуіп, еңбектің қазанын қайнатқалы отыр. Ендеше Жаратқанның көктен төгер нөсері мол, суымыз көп болсын. Даламыз әнге, несібемізге қарай қамбамыз дәнге толсын, – деді аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов.
Мұнан соң ауданымыздың жас ақыны Сырым Әділбеков қонақтарға арнау жыр айтса, «Сыр сұлуы» әнімен Айжан Қыдырбекова Сыр даласын керемет күйге бөледі.
Кезек дән себу рәсіміне жалғасып, ауыл ақсақалы Бегалы Пілдашев ақ батасын берді. Одан кейін №3 бригадада игі іс-шараның лентасы қиылып, дала төсіне күріштің «Лидер» сор­тынан дән себілді.
Былтыр дала диқандары су тапшылығына қарамастан жоғары көрсеткішге қол жеткізді. Биыл да осы межеден шығуды көздеп, аудан бойынша 25347 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын орналастыруды қолға алса, соның ішінде негізгі күріш дақылын 12523 гектарға егуді жоспарлап отыр.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
30 сәуір 2022 ж. 687 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930