Әке мәртебесі – әулет өнегесі
Ел ішінде «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, немере-шөбересін қызықтап, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылар қатары аз емес. Сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі.
Осындай өнегелі отбасылардың бірі ауданға қарасты Қуаңдария ауылында тұрады. Соғыс ардагері Сыдық атайдың кенжесі Қалдан ағамыз 1953 жылы өмірге келген. Батыр әкеден үлгі алып, өміріне адалдықты өнеге еткен ол көлік жүргізіп, қой баққан. Қарапайым жұмысшыдан бастап түрлі қызметтік сатыдан өтіп, бас инженерлік қызметке дейін көтерілген. 1978 жылы іргесі қаланған шаңырақ қазір үлкен әулетке айналуда.
Бүгінде отағасы Қалдан Сыдықов пен отанасы Гүлсім Әлиасқарова 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, жиырмаға жуық немере сүйіп отыр. 45 жылдан астам олар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Үлгілі шаңырақтың бүгінгі келбеті өзгелерге өнеге. Еңбексүйгіштігінің арқасында ерлі-зайыптылар мақтаулы маман, өнегелі ата-ана атанған.
Ата-бабамыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп адам өмірінде отбасы тәрбиесінің мәні мен маңызын баса айтады. Расында да, отбасы – өмірге жаңа келген сәбидің тұңғыш ұясы, алғашқы ұстазы. Аяғын апыл-тапыл басқан ол ненің ыстық, ненің суық, ненің жаман, ненің жақсы екенін осы өзі өмірге келген отбасынан біліп өседі.
Берекелі әулеттің перзенттері ұрпаққа сана себер сәуледей әрқайсысы өз жолын таңдап, бүгінде тек білікті маман ғана емес, адами тұрғыда кемелденген азаматтар биік белестерді бағындырып отырған жайы бар.
– Отбасы – адамды үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Ал сапалы білімді, саналы тәрбиені бала өзара түсіністікте, бақытты ортада өмір сүретін, сол бақытты жасай алатын отбасынан алады. Біз де ел қатарлы ұл-қыз өсіріп, солардың тілеуін тілеп отырған жандармыз. Балаларыма қай істе болсын әділдік танытып, адал еңбекпен нан табу қажеттігін айтып отырамын. Себебі маңдай термен келген заттың құны жоғары, адал адамның мерейі үстем болады, – дейді Қалдан ата.
Бұл үйдегі ерекше сыйластық, жас буынға ой саларлық тағылымдары, ғибраты мол әңгімелері өзге отбасыға үлгі боларлықтай. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мерейі тасыған Сыдықовтар отбасына қандай мақтау айтса да жарасады. Қызметтің талай сатысынан өтіп, құрметпен зейнет демалысына шықса да еңбексүйгіш кейіпкеріміз құр отыруды құп көрмеген.
– 2018 жылы зейнетке шықтым. Содан бері қарап отырмайын деп, шаруа қожалық аштым. Балаларым кейін жалғастырып, алып кетсе бұл бір берекелі кәсіп қой. Мемлекет те бұл бағытты қолдап, түрлі жеңілдіктер жасап жатыр. Менікі жол көрсетіп, бастап беру ғой, – дейді ардақты әке.
Үлгілі отағасының өнеге болар ісі мұнымен шектелмек емес. Ол ауыл ішінде береке-бірлікке бастайтын медиатор, сондай-ақ мектептегі қамқоршылық кеңестің төрағасы. Ал ауласында 30-дан астам жеміс ағашы өсіп тұр. Ұрпағының болашағы үшін төрт түлікті түгел өсіріп, табиғи өнім тұтынады. Мұның бәріне үлгеру үшін тынымсыз еңбектің қажет екені белгілі. Бірлігі жарасқан ерлі-зайыптылар кәсіпті де жүргізіп, үй айналасын да көркейтіп, саналы бала тәрбиелеп, ынтымақты өмірі, мәнді тірлігімен айналасына үлгі болып отыр. Мұның сырын сұрағанымызда:
– Мен отбасында ер адамның рөлі мен мәртебесі биік болуы керек деп ойлаймын. Балаларға тәрбие беруде әкенің орны ерекше. Бала әкесін асыраушысы ғана емес қамқоршысы, жанашыры ретінде бағалауы керек. Әке – асқар тау, оның берген тәрбиесі мен ақылын ешкім бере алмайды. Ата-ананың шексіз махаббатын сезінген бала ешқашан біреудің ала жібін аттамайды. Бұл – біздің өмірлік ұстанымымыз, – дейді отанасы.
Осы орайда Саққұлақ бидің «Адамның бас- шысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген аталы сөзі ойға оралады. Осы қасиеттерді бағалай білгендер ғана үлгілі отбасы бола алады. Талай жыл өтсе де сыйластығы үзілмеген жандар деп осы отбасыны айтуға толық негіз бар. Атамыз сөз бастаса апайымыз отағасы сөйлеп болғанша күтуі, бір-біріне қамқорлық танытуы, балаларының әрбір жеңісін ерекше ықыласпен айтып беруі бізге көз тойып, көңіл қуанарлықтай әсер қалдырды. Елу жылға жуық қол ұстасып келе жатқан жарасымды жұптың берекелі тіршілігіне сүйсіне қарайсыз.
– «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-ананың бір-біріне қарым-қатынасы, жүріс тұрысы, сөйлеу мәдениеті барлық іс-қимылдары баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. Күн сайын ертеден кешке дейін, отбасында ата-ана, ағайындары тарапынан бала алдында мінез-құлықтың сан алуан үлгілері өтіп жатады. Осының барлығын жас бала бойына сіңіріп өседі. Бұл әулеттің үлкендері үлгілі болса, балалары білікті маман, немерелері оқуда озат оқушылар. Мұның барлығы әулеттегі әдемі көріністің, берекелі тірліктің нәтижесі. Ауыл халқы ағамыз пен апамызды құрметтеп сыйлайды. Қажет кезде кеңес сұрап та тұрамыз. Қолынан келсе көмек беруге аянып қалмайтын осындай аға буыннан үйренеріміз көп, – дейді ауыл әкімі Ардақ Аймырзаев.
Сыдықовтар жанұясының ерекшелігі де бір-бірімен үйлесім тауып, бір-бірін толықтырып тұруында. Өйткені, үйлесім тапқан отбасында тыныштық пен жылулық, өзара сыйластық, ынтымақ, бақыт орнайды. Ардақты әже жарқын жүзбен «Балаларымыз оқуда озат, сайыста жүлделі. Біз олармен мақтанамыз» десе, «Немере демейміз, апаларың қызғанады. Ешқайсысын бөліп-жармаймыз. Бәрі де біздің ұрпағымыз ғой» дейді жарасымды әзілмен. Бұл көріністен мейірімі төгілген әжені, отбасының береке-бірлігін арттырып отырған атаны аңғарамыз.
Түптеп келгенде, отағасы тек отбасы үшін емес, қоғам, туған жері үшін қызмет ететін азамат болса, отанасы еліміздің ертеңі болашақ ұрпақты тәрбиелеуші жан. Міне, осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген ұрпақ еліміздің тұтқасын ұстап, азамат болып қалыптасатынына сенім мол. Сыдықовтардай сыйластығы жарасқан отбасылар көбейсе, қазақы болмысымызды сақтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін, салиқалы да салмақты ұрпақтың өсері анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ