» » Бағалағанға бақ қонады

Бағалағанға бақ қонады

qarmaqshy-tany.kz Әрбір отбасының тарихы – Отан тарихының бір бөлігі. Міне, сондай әдемі отбасылық тарихтың иесі – төретамдық Әбдіқалиевтер отбасы. Биыл олардың шаңырақ көтергеніне 55 жыл болды. Бүгінде 7 ұл-қызды үкілеп өсірген Самалбек пен Рауа ұрпақтарынан тараған 30 немере, 25 шөберінің бақытты ата-әжесі атанып отырған жайы бар.
Ал, енді осындай бақ пен береке қонған әулет отағасы Самалбек ағамыздың өнегелі өмір жолына тоқталсақ. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын-қыстау жылдары Ақжар ауылында дүние дидарын ашқан ол ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң трактор рөліне отырып, туып-өскен ауылдың өсіп-өркендеуіне перзенттік парызын қосады. Шаруашылықта 17 жыл абыройлы еңбек етіп, бірнеше рет түрлі деңгейдегі марапаттармен мадақталады. Айтпақшы ағамыз жүрек қалауымен өзінің сыныптасы Рауамен отау құрып, шаңырақ көтереді.
Содан соң тұрмыс жағдайымен Төретам кентіне қоныс аударған Сәкең теміржол саласына жұмысқа орналасады. Бастапқы кезде теміржолшы, кейіннен оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен тиянақтылығын ескерген басшылық бригадир етіп тағайындайды. Ағамыз бұл салада да 17 жыл тапжылмай еңбек етіп, өңірімізде теміржол саласының өркендеуіне сүбелі үлесін қосады. Қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, мекеменің мерейін тасытады. Бала жасынан өзі әуес болған домбырамен ән-жыр айтып, өнерімен ұжымдастарына, кент тұрғындарына танымал болады. Ал, Рауа апайымыз болса, ол да жары сияқты теміржол саласына орналасып, онда 17 жыл үздіксіз еңбек етіп, абыроймен құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. Елеулі еңбегі үшін Самалбек ағамыздай бірнеше рет түрлі деңгейдегі салалық мадақтамалармен құрметтеледі. Сонымен қатар, ол бала кезден өміріне серік еткен тігіншілік кәсіпті жалғастырып, ауыл тұрғындарының сұранысын орындап, алғыс арқалаған құрметті жан.
Он саусағынан өнер тамған Рауа апай тігіншіліктен басқа ән-жырға жақын өскен өнерпаз. Тіпті жасына қарамай тігіншілік кәсіпті әлі күнге дейін өмірімен байланыстырып келеді. Көрпе, жастық тыс тігеді. Ою, өрнек жасайды. Балаларының, көрші-көлемнің киімдерін қысқартып береді.
«Алтын алқа» иегері Рауа апай өмірлік жары Самалбек ағамен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ата-ана. Бүгінде шаттықты шаңырағында төрт келін ұстап отыр. «Абысын тату болса – ас көп» дегендей, төрт келін де бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Әрқайсысы өз міндетін біледі. Ұлдары да бірлік деген ұғымды ұстанып өскен. Аға мен іні бірлігіне берік.
– Біздің отбасының алтын қағидасы – ешқашан ата-баба салып кеткен жолдан таймай өмір сүру, әдет-ғұрыпты, дәстүрді ұстану. Сондай-ақ екінші бір басты ұстаным ол – татулық пен бірлік. Балаларымның бәрі келіндеріммен тату-тәтті. Олардың да басты ұстанымы – сыйластық. Бір-біріне құрметпен қарайды. Балаларыма үнемі «Қайырымды болыңдар, айналаңдағы мұқтаж адамдарға барынша жақсылық жасаңдар. Мейірім – адам баласының ең жақсы қасиеті. Екіншіден, ешкімнің ала жібін аттамай, өтірік айтпай, қандай жағдайда да әділдікті ту етіңдер» деп айтып отырамын. Отбасында әке мен ананың рөлі зор, біз баланың тәрбиесі мен біліміне, денсаулығына жауаптымыз. Немерелерім де «әжелеп, аталап» еркелеп көңілімізді бағады. Олардың әрқайсысы бір-бір төбе. Араларында аталары сияқты өнерпаздар да, мен сияқты тігіншілер де, спортшы да, басқа да мамандықты таңдағандары да бар. Әрбір ретте немерелерім өз жетістіктерін айтып келгенде қуанышымызда шек болмайды. Тіпті жүрегіміз алып-ұшып, туған-туысқандарды үйге шақырып, қуанышымызды бөлісеміз. Рас, біз бақыттымыз, осындай өнегелі отбасы құрып, үкілеп өсірген ұрпағымыздың қоғамның өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүргеніне, – дейді отанасы.

Ал, енді осындай мерейі мен берекесі тасыған бақытты отбасының мүшелеріне тоқталсак, шаттыққа толы шаңырақтың үлкені Бостан жары Мағирашпен 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 3 немере сүйіп отырса, Биханы да жары Алматпен 5 ұл-қыздан 3 немере көріп, олардың қызығына тоймай отырған бақытты жандар. Сонымен қатар, қызы Бихат Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханада қызмет етеді, жұбайымен бірге 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан 6 немере сүйіп отыр. Екінші қызы Гүлхан болса №277 мектеп-лицейде ұстаз. 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, олардан тараған 2 немеренің бақытты әжесі атанып жүр, әулеттің келесі мүшесі Дастан Байқоңырдағы Ресей Федерациясына қарасты мекемеде қызметте. Жары Манат екеуі 1 ұл, 4 қыз өсіріп, 7 немеренің қызығын қызықтап отыр. Рүстем кәсіпкер, жары Бақыткүл екеуі 2 ұл және 3 қыз тәрбиелеп, 2 немеренің ардақты ата-әжесі атанып отырған жайлары бар. Ал, отбасының кішісі Рамазан болса, ол да жеке кәсіпкер, өмірлік жолдасы, №80 мектеп-гимназияда бастауыш сыныптарға ұстаздық ететін Мақпалмен бірге 2 ұл тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Ежелден-ақ дана халқымыз отбасы құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекет қалыптасу үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке-бірлігі, жарасымы, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Себебі, төскейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ атамыз отбасы институтының беріктігі мен татулығына айрықша көңіл бөлген.
Иә, ешкімде ұлы мен қызын жаман болып өссін демейді. Сондықтан елімізде жанұяға маңызды орын берілген, өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады. Міне, осындай бақытты отбасының қатарына өмірі шаттыққа толы төретамдық Самалбек пен Рауа Әбдіқалиевтер отбасын қосуға әбден болады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ

31 тамыз 2023 ж. 531 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930