» » Журналистің жары

Журналистің жары

qarmaqshy-tany.kz 1963 жылы облыстық партия комитетінің бұйрығымен қазыналы Қазалыдан Қармақшыға қоныс аударған Әзілхан Аманов сол жылдан бастап аудандық «Коммунизм шамшырағы» қазіргі «Қармақшы таңы» газетіне бас редактор болып тағайындалып, газетті 28 жыл бойы үзіксіз басқарды.
Өзге өңірде туып-өссе де еңбегімен құрметті болған ағамыздың есімі аға буын өкілдерінің есінде қалды. Өмірлік жары Қаршыға Махамашқызымен ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өнді.
Халқының ықыласына бөленуіне бірден- бір себепкер, қуанышы мен қиыншылықтарын бірге өткеретін жан ол әрине азаматтың өмірлік жары.
Ал, енді осындай адал жар, ардақты ана туралы айтар болсақ, Қаршыға апай 1937 жылы Қазалы ауданына қарасты Аранды ауылында Махамаш есімді азамат пен Сағида атты ел құрметтілерінің отбасында дүниеге келген. Апайымыздың балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі майданға аттанды. Жас та болса Қаршыға анасымен бірге ұжымшарда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлесін қосты.
«Көптен күткен ұлы той» демекші, төрт жылға созылып, талай отбасыға қасірет әкелген соғыс та аяқталып, майданнан әкесі аман-есен елге оралды. Арада жылдар өтіп, Қаршыға да мектепті ойдағыдай бітіреді.
«Мен 1955 жылы мектепті тәмамдаған соң, Әзекеңе тұрмысқа шықтым. Сол кезде ол жоғары оқуды бітіріп, әуелі мектепте мұғалім, кейіннен яғни мен оған тұрмысқа шығар кезде аудандық газетте жауапты хатшы қызметін атқарып жүр екен. Содан аудандық басылымда қызмет етіп жүргенде Әзекең облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Жаңақорғандағы аудандық газеттің басшылығына тағайындалды. Сол ауданда Бектас, Шынтас, Олжас есімді ұлдарымыз дүниеге келді. Отағасы газетте 1962 жылға дейін басшылық қызмет жасады. Жасады дегенім, өйткені осы жылдары аудандардағы газеттер жабылды. Ол жабылған соң Әзекеңді сол ауданның партия комитетінде қызметте жүрген азаматтар туған елге шақырды. Содан біз ойласа келе Қазалыға көштік. Ол ауылға келген соң аудандық партия комитетіне жұмысқа орналасты. Бірақ келесі жылдың наурыз айында оны обкомға шақырып, Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетіне бас редактор етіп тағайындады. Міне, содан бастап осы ауданның тұрғыны атандық. Оған да биыл тура 60 жыл болыпты. Мен осы елге келген соң сатушы болып еңбек еттім. Еңбегім бағаланып, бірнеше рет түрлі мадақтамамен, медальдармен марапатталдым» деді Қаршыға апа.
Осы ретте, апайдан журналистің жары болу қиын ба? Әзілхан ағамыздай Сыр бойына танымал тұлға көптеген игі жақсылармен қызметтес болып, жақсы қарым-қатынаста өмір сүрді. Оларды отбасына шақырып, дәм таттырды. Сіз жұмыстасыз, осылардың бәріне қалай үлгердіңіз? – деген сұрақтар қойдық. Қаршыға апай күрсіне күліп әңгімесін жалғастырды.
«Шырағым, ер-азаматың халыққа қызмет етіп жүрсе, неге әйелі оның жағдайын жасамасқа. Бұл әйел заты үшін бақыт әрі міндеті. Оның ішінде, Әзекең аудан тұрғындарын рухани қолдауға, өңірдің әлеуетін арттыруға атсалысты. Қазақтың көптеген танымал тұлғаларымен араласты.
Отбасымызда Зейнулла Шүкіров, Әбділда Тәжібаев, Нәсіреддин Серәлиев, Құланбай Көпішев, Мұзарап Жүсіпұлы, Қали Шыңғысов, КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев, Байқоңыр қаласындағы әскери генералдарды, ел басқарған басқа да азаматтарды қонақ еттік. Кейде күніне екіүш рет қазан көтеретін кездер де болды. Ол кез мен үшін бақытты жылдар болып есептеледі. Төрт құбылам түгел, жарым да, балаларым да жанымда. Осындай бақберекесі дарыған киелі өлкеден сырлас құрбылар таптым. Әзекең қызмет еткен аудандық басылыммен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Өмірімнің мәні де сәні болған, қамқоршым, адал жарым, иманы саламат болғай марқұм Әзекеңмен 35 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, ұрпақ сүйдім. Бүгінде солардан тараған немерелер мен шөберелердің қызығын көрудемін», – деді ол өткен күндерін еске алып.
Ауданда Әзілхан Аманов отбасының өнегелі өмір жолы көпке үлгі. Отбасында өсіп-өнген 7 ұрпақтың үлкені – Бектасы домбыра жасаудың шебері еді. Одан кейінгі ұлдары – Шынтас пен Олжас, Мейірбек, қыздары Анар, Айнұр, Гүлнұр таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Ал, Қаршыға апай бүгінде олардан өрбіген 16 немере мен 20 шөберінің ортасында аяулы әжесі атанып отырған жайы бар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
07 наурыз 2023 ж. 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930