» » Өнегелі отбасы – өрелі ұрпақ

Өнегелі отбасы – өрелі ұрпақ


Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы болмақ. Бүгінгі мақала қоғамда өз орны бар тұлғалардан құралған өнегелі отбасы жайында болмақ.
Олар – ауданға қарасты Қармақшы ауылы, Қызылтам стансасындағы Қартабаевтар. Теміржол саласының ардагері, сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Рақымжан ақсақал осы ауылда туып өскен. Жастайынан әкенің қадірін біліп, киесін түсінді. Ананың ақ сүтін ардақтап, айтқанын орындауға тырысты. Бойына сіңген өнегелі тәлім-тәрбие оның кісілік келбетін жоғалтпауына, адамдық борышын адал атқаруға міндеттеді. Балалық дәурені соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ол 10 жасынан бастап ауылдың қырманында масақ теріп, аянбай еңбек еткен. 1952 жылы, яғни 16 жасында теміржол саласында еңбек етуді бастаса, осы жерден 1992 жылы зейнетке шығады. Өмірінің 40 жылын теміржол саласына арнаған тыл ардагері нағыз құрметке лайық жан. Тыл Еңбегі еленіп Ұлы Жеңістің 50, 60, 70, 75 жылдығы, «Еңбек Ері» медалдарымен марапатталған.
Ал өмірлік жары Алматай Сарбасовамен 1953 жылы отау құрады. Ол да осы ауылдың тумасы. Теміржол саланың ардагері. Ардақты ана 2015 жылы өмірден озған. Ерімен 10 баланы өмірге әкеліп, оларға тәрбие берген алтын құрсақты ана. Бүгінде бұл шаңырақта 24 немере, 15 шөбере бар.
«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Жанындағы жарын құрметтеп, балаларына әкесін қадірлеуді үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп, ұйытқысы болған Алматай апайды көркіне ақылы сай, байсалды адам деседі құрбылары.
Еңбекшіл жас отбасының алдында бір мақсат болды. Ол – көзге көрінген балаларын өсіріп, тәрбиелеп, жетілдіру. Бүгінде олар түрлі салада қызмет етуде. Арасында ата-ана жолын жалғап теміржол саласында жүргендері бар.
Отбасының тұңғыш перзенті Рахматулла 35 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықса, жары Үршат сан-эпид орталығының ардагері. Екінші ұлдары Нағымет теміржол саласында еңбек етсе, жұбайы Сәуле дәрігер. Қызы Жұпаркүл жұбайы Яхиямен ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Отбасының төртінші перзенті Тұмар балабақшада тәрбиеші. Бесіншілері Шынаркүл мектепте жұмыс істесе, жұбайы Еркін ауыл шаруашылығында. Отбасының алтыншы перзенті Шырынкүл балабақшада қызметін атқарса, жұбайы Ермек теміржол саласында. Құтты шаңырақтың жетінші перзенті Жұмахмет мал шаруашылығымен айналысады. Одан кейінгі қызы Сәуле мал дәрігері болса, жұбайы Самат жеке кәсіпкер. Ал Жаңагүл медбике. Ал құтты шаңырақта отырған Қыдырбек әке жолын қуып теміржол саласында 30 жыл қызмет етіп келе жатыр. Ерен еңбегімен көзге көрініп 2010, 2016 жылы Қызылорда жол дистациясының алғыс хатпен марапатталған. Зайыбы Айгүл ауыл клубында әдіскер. Өнерімен елге танылып, ауыл ықыласына бөленген ол 2015 жылы ауыл әкімінің алғыс хатын, 2018 жылы облыста өткен «Үздік әдіскер» байқауында ІІІ орын иеленді. 2019 жылы облыс орынбасарының марапатына ие болған. Қазіргі кезде немересі Жомарт «Бизнес бастау» бағдарламасы негізінде қайтарымсыз грант алып, кәсіппен айналысуда. Кішкентай немересі Жания да өнерімен танылып, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Әрбірі әр салада еңбек еткенімен, барлығы да өз ісіне адал. Өнегелі отбасынан өрбіген саналы ұрпақ. Құтты шаңырақ иелері ата-аналық борыштарын адал атқарды, оқытты, тоқытты. Балалары да олардың атына кір келтірмеді. Бүгінде мың жылдық құда, жүз жылдық күйеубаламен сыйласып отырған жайы бар. Ара-тұра балдай тәтті немерелері мен шөберелері шапқылап, атасының қуанышын еселеп кетеді.
– «Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деп Елбасымыз айтқандай, шаңырақтың шайқалмауы үшін отбасында сыйластық болуы қажет. Сонымен қатар отбасындағы тәрбиенің де маңызы зор. Біздің кезімізде ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Атаның жыр-дастанын, әженің ертегісін тыңдап өскен ұрпақтар рухани байып отырған. Аталарымыздан «тәрбие көрген», «иман жүзді», «көсегесі көгерген» деген сөздерді жиі естуші едік. Сол сөздер осындай жас отбасыларға қатысты айтылса керек. Отан – ортақ үйіміз деп қарайтын болсақ, ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке бірлігін ұйыта ұстау – ортақ міндетіміз, – дейді ардақты ата.
Елімізде отбасы құндылықтарын насихаттау жыл сайын, Елбасы тапсырмасына сәйкес дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіледі. Байқау – ауыл-аймақтан басталып, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Аталған байқаудың аудандық кезеңінде бақ сынаған Қартабаевтардың шаңырағы жеңімпаздар қатарынан көрінді. Өнегелі өмір жолы, бар жанұяны аудан әкімі арнайы қабылдап, сый-сияпат табыстады.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ










17 шілде 2021 ж. 908 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 264

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 363

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930