» » Қаламгер рухына құрмет

Қаламгер рухына құрмет


ТАРИХТА ҚАЛҒАН ТАРЛАНДАР ӨМІРІ БІЗ ҮШІН ҮЛГІ. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАЛЫ ТІЛІНІҢ БІР ПҰШПАҒЫН ИЛЕГЕН ТАЛАЙ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРЫМЫЗ СӨЗ МАРЖАНЫНЫҢ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫН ДӘЛЕЛДЕП КЕТТІ. ӨМІР АТТЫ ТЕҢІЗДЕ ҚОЛДАРЫНА ҚАЛАМ АЛЫП, ДҮНИЕ СЫРЫНА ТОЙМАЙ, ТАМСАНА ЖАЗҒАН ТАЛАЙ ДАНА АДАМДАР БАР. ДҮНИЕГЕ ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП КЕЛЕТІН, ХАЛЫҚТЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРЕТІН СОНДАЙ ДАРА ДА ДАРЫНДЫ ЖАНДАР ӘРКЕЗ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ.
«Сыр медиа» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне қарасты 90 жылдық тарихы бар аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакция ұжымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай белгілі қаламгер, ұзақ жыл аудандық газетке редакторлық еткен, қаншама журналистің ұстазы болған ұлағатты жан Әзілхан Аманов атында «Тәуелсіздік – ел өмірінде» атты эссе жазу байқауын ұйымдастырған-ды.
Байқаудың талабы бойынша шығармалар осы жылдың 15 тамыз – 15 қазан аралығында газеттің электронды поштасында қабылданды. Іріктеліп алынған эсселер газетке жарияланды. Байқаудың мақсаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қол жеткен тарихи табыстары мен жетістіктерін оқырманға кең көлемде насихаттау, шығармашыл жас өкілдердің қаламын ұштау болатын.
Аудандық балалар кітапханасында өткен кеште Әзілхан Амановтың өнегелі өмір жолы мен еңбегі насихатталып, байқау қорытындысымен жеңімпаздар марапатталды. Байқауға қатысушыларға қаламгердің отбасы, қызы, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Айнұр Аманова демеушілік жасады. Кітапхана залының сөресінен Әзілхан Аманов туралы жазылған естеліктер, оның марапаттары мен суреттері, газеттің қиындылары орын алды. Әуелі экраннан қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы дайындалған видеоролик көрсетілді. Аудандық Жыраулар үйіндегі «Қобыз», «Жетіген» үйірмелерінің шәкірттері орындаған композициялық күйімен басқосу шымылдығы түрілді.
Аудан тарихында «Қармақшы таңы»-ның ізгілікті ізі бар. Әр жылдары басылымның аты өзгергенмен заты сақталып, ол қашанда аудан өмірінің айнасына айналып келеді. Ауданымыздың бас газеті атағын абыроймен алып келе жатқан аудандық газет Тәуелсіздік жылдарында тыңнан түлеп, шын мәнінде бұқаралық басылымға айналды. «Қармақшы таңы»-ның сөзі – аудан халқының сөзі. Аудан жұртшылығы газет бетіндегі мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын, ел мен жер тарихын, ауданымыздың дамуына үлес қосқан еңбек ерлерінің өмірін, халықтар достығы туралы, ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлер, тағы басқа көптеген көкейтесті мәселелерді күнделікті оқи отырып, оған өздері де үн қосады.
Кеште алғашқы құттықтау сөз Әзілхан Амановтың шәкірті, аудандық басылымда ұзақ жыл бас редактордың орынбасары, жауапты хатшы қызметтерін атқарған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Қаналиеваға берілді.
Білікті басшы, отбасына да, ұжы­мына да жайлы жан болатын. «Коммунизм шамшырағы» газетіне 28 жыл редакторлық еткен Әзілхан Аманов­тың егемендікті көрмей, 1991 жылы небәрі 60 жасында дүние салғанын айтқан баспахана, редакция ардагерлері Мариямкүл Әбдіраманова, Баян Әлиасқарова, Ақсұлу Ршауова, Жұмагүл Жайшылықова, Алтын Үбайдуллаева, Нарша Ал­даназаровтар өт­кен өмірлеріне сәл шегініс жасады. Көздеріне жас алып, белді тұлғаны ұмыт­пай, еске алып жатқан газеттің қа­зіргі ұжымына, ұрпағына алғысын жа­у­дырды. Азаматтық болмысы мен жақсы қасиеттерін жастарға үлгі ретінде насихаттай білді. Газетпен шығармашылық байланыстағы ардагер ағаларымыз Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбаев, ақын Дастан Нәзікбаевтар рухани басқосудың маңыздылығын, шығармашылық өкілдерінің еңбегі жайында айтса, орталық кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева балалар кітапханасының меңгерушісі, әріптесі Айнұр Аманованың әкесіне тартып туғанын мақтанышпен айтты. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық деген осы» деді өз сөзінде.
Ақын-жазушының жары болу – кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Өйткені ақынды ақын ететін, елге танылуына себепкер болатын адам – үйіндегі жары. Көпке танымал, шығармашыл адамның жары болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Алла қосқан жарының жағдайын жасап, өнегелі ұрпақ өсірген қаламгердің зайыбы Қаршыға Махамашова рақметін айтып, асыл азаматтың отбасындағы өнегесі турасында әңгімелеп берді.
Ескі газеттер... бұл күндері оларды қарап отырсақ, сол бір кезеңдердегі аудан тынысын айқын сезінесің, өзің білмейтін көп жайларға қанығасың. Аға ұрпақ өкілдерінің жүріп өткен жолдары мен істеген игі істері көз алдыңда сайрап тұрады. Өткен күнді бүгінгі күнмен салыстырып, өркендеген елімізге қарап сүйсінесіз, елмен бірге өзіңіздің де мәртебеңіз өседі. Бұл алдыңғы толқын ағалар мен апалардың жемісті өмір сүре білгенін, маржандай маңдай терлерін ел ырысы үшін төге білгенінің нәтижесі екенін сезіну адамға бір ғанибет, таптырмас үлгі-өнегедей.
Кеште ақын Тұрар Бекмырзаевтың «Темірқазық» атты Әзілхан Амановқа арнауын журналист Гүлжанат Дүзенова оқып берді.
Кеш соңында «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Ра­йымбаева мен Айнұр Аманова жеңімпаздарға «Сыр медиа» ЖШС бас директорының дипломдары мен сыйлықтар тапсырды.
Байқауға қатысушы №250 мектеп-лицейдің оқушысы Ақнұр Серікбай «Жас қаламгер», №26 мектептің оқушысы Айбибі Есентемірова «Зерек ой», №26 мектептің мұғалімі Жансая Бегман «Сөз шебері», білім бөлімінің қызметкері Арайлым Шәкімбаева «Ұшқыр қалам» номинацияларымен марапатталса, жүлделі ІІІ орынды №185 орта мектеп мұғалімі Жадыра Қошманова мен №250 мектеп-лицейдің мұғалімі Абылай Шаймерден, ІІ орынды №30 орта мектептің оқушысы Айғаным Әбдуәлиева, І орынды №183 орта мектептің мұғалімі Әсем Жүсіпбек иеленсе, бас жүлдені №183 орта мектептің оқушысы Аяу­лым Жаудетова жеңіп алды. Бас жүлде иесіне табысталған домбыра Әзіл­хан Амановтың ұлы, шебер Бектас Әзілханұлының қолымен арнайы дайын­далған.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)
11 желтоқсан 2021 ж. 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 316

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930