ӘБДУӘЛИ ЖАНАЗАРОВ КӨШЕСІ
1992 жылдың 12-шілдесінде аудан әкімі қызметін атқарған Жақай Бодықбаевтың Жосалы кенті мен оған қарасты барлық елді мекендегі мекемелер мен көше атауларын қайта жаңғырту мақсатындағы №192 шешімімен бұған дейін Пролетар атауымен аталып келген көше Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ұстаз Әбдуәли Жаназаров атындағы көше болып өзгертілді.
Әбдуәли Жаназаров 1919 жылы Қармақшы ауданында шаруа отбасында дүниеге келген.
Балалық және жігіттік шағы елімізде большевиктік саясаттың дәуірлеп тұрған жиырмасыншы және қырқыншы жылдарда қазақ халқының басынан өткен ашаршылық, ұжымдасу және қуғын-сүргін сияқты зұлмат жылдармен байланысты болды.
Әбдуәли Татабайұлы 1941-1945 жылдар аралығында КСРО халқының неміс басқыншыларына қарсы өткізген Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралған соң, соғыстан кейінгі өзі туып-өскен Қармақшы өңірінде халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмысына атсалысты. Сол жылдары, яғни 1948-1949 жылдары аудандық білім бөлімінде инспектор, 1949-1952 жылдар аралығында аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ал 1952-1960 жылдар аралығында Калинин атындағы №105 жетіжылдық мектептің, сондай-ақ №4 аудандық балалар үйінің және Төретам кентіндегі №417 орта мектептің директоры қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар, білікті ұстаздың білім саласындағы еселі еңбегі аудан басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, 1960-1963 жылдары ол аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, 1963-1982 жылдарда, яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің директоры қызметін абыройлы атқарды.
Білім нәрін сусындатқан ұлағатты ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірттер өздері таңдаған мамандықтары бойынша еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек сіңіріп, бүгінде өздері де шәкірт тәрбиелеп, ұстаздары сияқты ел құрметіне бөленуде. Тіпті, Әбдуәли Жаназаровтан тәлім алған көптеген білімді шәкірттер ұстаз жолын қуып, тәуелсіз еліміздің білім саласының дамуына үлесін қосуда.
Ұлағатты ұстаз Әбдуәли Жаназаров ел әлеуетін нығайту мақсатындағы елеулі еңбегі мен Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс басқыншыларына қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Құрмет белгісі», «Отан соғысы» және басқа да мемлекеттік орден-медальдармен, «КазССР Халықтық оқу ісінің озаты» төсбелігісімен, сонымен бірге КСРО Оқу министрлігінің және басқа да салалық ведомстволардың құрмет грамоталары және мадақтамаларымен марапатталды.
Отбасында 7 бала тәрбиелеп өсіріп, олардың қоғамнан өз орнын табуға еңбек сіңірген ардақты әке, ұлағатты ұстаз, майдангер Әбдуәли Жаназаров 1986 жылы өмірден озды.