» » «Ұлдарым – тынысым, келіндерім – өрісім»

«Ұлдарым – тынысым, келіндерім – өрісім»

qarmaqshy-tany.kz Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтың ошағы, яғни зиялы қоғамның алтын діңгегі. Оның басты қағидасы бірінші болып балаларды бақытты етуінде.
Міне, осындай берік те бақыт пен шаттыққа толы құтты шаңырақ иелерінің бірі – Көмекбаев ауылының байырғы тұрғындары – Мақсұт пен Мафура Жұмабаевтар.

Шаңырақ иесі Мақсұт ағай ауылдағы шаруашылықта көп жыл су маманы болып еңбек етсе, Мафура апайымыз үй шаруасында, бала тәрбиесінде шыңдалған ана. Алты ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған ұрпақтардың аяулы ата-әжесі атанып отырған бақытты жандар.
Отағасы ауыл құрметтісі, жастардың кеңесшісі. Олардың қо¬ғамнан өз орнын қалап алуына қолдау көрсетіп жүрген азамат болса, Мафура апайымыз да өзінің өнегелі өмір жолымен ел құрметіне бөленген ардақты ана, қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Күміс алқа» иегері.

Осындай шаттыққа толы шаңырақтың ерекшелігі, онда үш келін тату-тәтті тұрады. Яғни, ене, бас келін, қалған екеуі жас келін. Отбасының отанасы Мафура апайымыздың ұлы Ораз бірер жыл бұрын отбасына Айнұр есімді келін түсірсе, жақында ата-салт дәстүрін ұлықтаған Ақгүл есімді бойжеткен осы шаңырақтың босағасын аттады.

«Мен Жұмабаевтар отбасының бірінші келінімін, ал әулеттегі алты келін Мақсұтовтар отбасының келіндері. Алты ұлды өмірге әкелдім. Өзім де көпбалалы отбасыдан шыққан ауыл баласымын. Әруағыңнан айналайын марқұм анам Нәуіш те өмірге көп ұрпақ әкеліп, «Батыр ана» атанған ардақты жан еді. Ұлдарымның барлығы да отбасылы. Төртеуі еліміздің әр аймағында еңбек етіп, өмірлік жарларымен татутәтті өмір сүріп жатыр. Ал Оразым мен Темірбегім қолымда. Ауылда еңбек етеді. 17 немере сүйіп отырмыз. Келіндерім де тәрбие көрген, ата-ана өнегесін алған жандар. Ата-енеге де, елге де сыйлы. Ал, қолымдағы қос келініме келсек, олар отбасындағы жұмысты бір-бірімен келісіп істейді. Бірі – тамақ дайындап, қонақ жайғаса, екіншісі – кір жуады, үй тазалайды, бала бағады. Отбасылық өмір екі жастың басына көп міндет жүктейді. Шаңырақ көтерген жұп міндетті түрде соған дайын болғаннан кейін барып, отбасын құру шешіміне келеді. Әрине, екі жастың арасын мәнді ететін тетігі – махаббат. Енді бір айта кететін жайт, өнегелі отбасында тәрбиеленген ұл мен қызды біз тек ата-аналық қуаныш ретінде ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқпыз. Керісінше, жақ¬сылықты, имандылықты, отансүйгіштікті, сыйластық пен даналықты, кішіпейілділікті санасына сіңіріп, халқын қадірлеген азамат болып өсуі тиіс», – дейді бақытты ана.

Шаттыққа толы шаңырақ иесі Мақсұт аға отбасы өмірін былайша өрнектейді. «Мен осы ауылдың байырғы тұрғынының бірімін. «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле өлгенше соны таныр қиядан» деп Шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұни айтқандай, мен бала жасымнан ата-ананың өнегелі өміріне қанығып, олардың берген тәрбиесімен «өмір» деген сан сырлы өзенде жүзіп келемін. Өмірімнің мәнді де сәнді өтуіне, ел алдында абыройлы болуыма, ұрпақ сүйіп, олардың қызығын тамашалауға, алаңдамай еңбек етіп, өмір сүруіме Құдай қосқан жарым Мафураға алғысым шексіз. «Еңбек – азаматты елге танытады» дегендей, ұлтқа сыйлы болған ағалармен, азаматтармен қызметтес те, шәкірт те, дос та болдым. Олардың еңбек жолындағы тәжірибелерін бойыма сіңірдім. Дос-жаран, ағайын-туыс алдында абыройлымын. Мұның бәрі өзім көтерген шаттықты шаңырақтың ішінде өсіп-өнген алты ұлымның, олардан тараған немерелерімнің арқасы. Алты балам бір-бір төбе. Олармен мақтанамын. Ал, келіндеріме келсем, барлығы да ибалы мінездерімен, көрегенді істерімен отбасымызды елге танытып жүргендеріне аталық батамды беремін, құрметтеріне дән ризамын. Ұлдарым – тынысым, келіндерім – өрісім», – дейді Мақсұт аға.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
06 мамыр 2023 ж. 444 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930