Бақыт сүйген жарыңды сыйлаудан басталады
ҚОҒАМНЫҢ ДАМУ ДИНАМИКАСЫ ДА, АЛҒА БАСУ ҚАРҚЫНЫ ДА – ОТБАСЫНДАҒЫ БЕРЕКЕГЕ ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. ӨЙТКЕНІ ЖАНҰЯДАҒЫ ТӘРБИЕ МЕН ТӘЛІМ ҚОҒАМДА БЕК КӨРІНІС ТАУЫП, ӨЗ ӘСЕРІН ТИГІЗІП ОТЫРАТЫНЫ АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ ЖАЙТ. СОЛ СЕБЕПТІ АДАМДАР АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚ ПЕН ҮЙДЕГІ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ АУЫЗБІРЛІГІ БӘРІМІЗ ҮШІН ДЕ АСА МАҢЫЗҒА ИЕ.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде отбасы құндылығын берік ұстанып, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге бойлатқан өнегелі отбасыларды қабылдап, олармен кездесу өткізді. «Отбасы күні» мерекесі аясында ұйымдастырылған іс-шарада аймақ басшысы «Алтын той» иелеріне ілтипат көрсетіп, марапаттау рәсімін жасады. Абырой биігіне қарапа йым диқаншы, сауыншы, құрылысшы болып көтерілген үлгілі әулеттер қатарында ауданымыздан Ешжановтар жанұясы да бар.
Ешжановтар отбасының асқар тау әкесі Қосжан Ерекешұлы мен шаңырақтың отанасы Шыназкүл Шаймаханова жүрек қалауымен 1972 жылы бас қосады. Үлкендердің ақ батасымен гүлденіп көркейген ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне де әні-міне дегенше жарты ғасыр уақыт өтіпті. Олар қазіргі кезде жылы ұяда 5 бала дүниеге әкеліп тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған мерейлі отбасының ардақты атасы мен асыл әжесі.
«Жалпы жар таңдау, үй болу – адамға бір-ақ рет берілетін бақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өзімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан, оның түтін түтетері – сүйген жарыңды сыйлаудан басталады» деп қазақтың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаев айтқандай, жанұяда жар сыйлау, бір-бірінің қас-қабағына қарау – Ешжановтар әулетінің қалыптасқан қағидасы деуге толық негіз бар. Ағамыз электр торабы мекемесінде ұзақ жылдар кірпік қақпай еңбек етсе, апамыз да білім саласының білікті маманы ретінде қырық жылдан аса уақыт қызмет етіп, елдің, шәкірттерінің, ұжымдастарының алғысына бөленді. Еңбекке берілген бұл құрмет – мінекей облыс көлемінде де өз жалғасын тауып отыр. Осындай әке мен ананың сыйластығы мен жылы қарым қатынасынан нәр алып өскен жас өскіндер де бүгінде бір-бір азамат болып ер жетіп, халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген жайлары бар. Балаларының барлығы да жоғарғы оқу орнын аяқтап, түрлі саланың пұшпағын илеп жүр. 5 баланың тұңғышы, үлкен қызы Тұрсынай – Алматы облысында Жамбыл орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ортаншы қызы Алтынай – Қызылордадағы «Абай» мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып істейді. Отбасының кіші қызы Мөлдір – аудандағы No183 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Анасының еңбек жолымен жүрген қыздары ұстаздық ету мамандықтың төресі деп біледі. Ұлдың үлкені Оспан – аудандық полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры. Келіншегі Әлия – No183 орта мектепте оқушыларды білім нәрімен сусындатуда. Шаңырақтың кенжесі – Мейірхан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде әдіскер болып қызмет етуде. Ал оның жары Айнұр – аудандық емханада дәрігер.
5 баладан 16 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Қосжан ағамыз бен Шыназкүл апайымыз шаңырағы шаттыққа толған бақытты ата мен әже. Немерелерінің алды Аякөз – осы жылы Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университетін «Биотехнология» мамандығы бойынша бітіріп, диплом алса, екінші немересі Азамат – Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің 4-курс студенті. Биыл ҰБТ-дан 121 балл жинаған немересі Жансерік беделді оқу орны Сүлеймен Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Қаржыгер» мамандығы бойынша грант иегері атанып, үздіктер сапында білім алуда. Басқа да немерелер мектептің үздік оқушылар қатарын толықтап жүрген оқу озаттары.
Үлгілі отбасы иелерінің еңбегі елеусіз емес. Қосжан ағамыз «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен, бірнеше мәрте аудан әкімінің алғыстарына ие болса, өткен жылы Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының «Ардагер энергетик» медалімен марапатталды. Шыназкүл Сатанқызы – 6 мәрте облыстық білім беру департаментінің құрмет грамотасымен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен мадақталып, облыс әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Икрам Адырбековтің қабылдауында болып, бағалы сыйлықтарға ие болған. Ұстаз-ана 1988 жылы облыстық «Аға мұғалім» атағын алса, 1998 жылы Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. «Ұстаз мақтанышы – шәкірттерінде, өзі шашқан ұрпағының өсіп-өнуінде» деп даналар айтып өткендей, Шыназкүл апайдың шәкірттері жыл сайын облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанып, мектеп, ұстаз мерейін асырып отырды. Өзі сабақ беретін шәкірттерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен бірнеше мәрте Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан ең жоғары 30 балл көрсеткішін көрсетіп, грант иегері атануы – ұстаз еңбегінің ақталғаны деп білеміз. Атап айтқанда оқушылары З.Тазиева, З.Елфутина, М.Ешжановалар республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздары болса, бұл күнде шәкірттері әр салада табысты жұмыс істеуде. Ұстаз білім берген «Қазақ тілі» бойынша ғылым кандидаттары да өсіп жетілді. Ардагер ұстаз былтыр АІІ бөлімінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шарада «Офицердің анасы» медалімен марапатталып, үлкен құрметке ие болды.
Жан жарымен үлгілі де өнегелі ұрпақ өсіргендері үшін міне тағы да облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының мерекелік қабылдауына шақырылып, мерейлері тасып отыр.
Бұл тұрғыда ардақты ананың өз айтары бар.
– Облыс әкімі жалпы аймақ бойынша үлгілі деген 9 отбасын қабылдап, құттықтады. Өрелі әңгімесін айтып, аймақтағы жағымды жаңалықтарымен, жетістіктерімен бөлісіп, хабарлама жасады. Мерекелік іс-шара өте жоғары деңгейде өтті, ән-шашулар болды. Жанұя мүшелерімен пікір алмасып, жылы ілтипатқа бөледі. Бір сөзбен айтқанда ауылымызға ерекше көңіл-күйде риза болып қайттық. Әрбір отбасының өз ұстанымы, өз құндылығы болады. Сол секілді біздің де отбасымыздың негізгі ұстанымы – адалдықпен өмір сүру, таза жолмен еңбек ету, мейірімділік пен адамгершілік қағидаларын ұстану. Отбасындағы басты құндылық – татулық пен сыйластық, ізеттілік пен имандылық, ештеңемен өлшенбейтін отбасы мүшелерінің бір-біріне деген ыстық лебізі мен махаббаты. Міне осындай ұлттық тәрбиені бойына сіңіре білген ұрпақтан үлгілі отбасы қалыптасады деп сенемін, – дейді білім саласының ардагері.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА