Дала құрылысының академигі
qarmaqshy-tany.kz Интернационализм, халықтар достығы деген екінің бірінің, егіздің сыңарының уысында ұйып, құшағына сыйып, ойына оңайлықпен орныға қоймайтын ірі құбылыс. ІІІ Интернационал бұрын да, қазір де облыстағы саусаққа сиятын іргетасы берік, қабырғасы қалың, омыртқасы орнында, еңсесі биік, санаулы шаруашылықтардың қатарында. Осының бәрін өзінің ерекше еңселі ақыл-ойымен, ұзақ жыл төккен тері, адал еңбегі, жүрегінің жылуымен жасаған, елеулі дәрежеге жеткізіп, қалыптастырған – Цай Ден Хак. Ол шаруашылықты елу жылға жуық басқарды.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, сол жарты ғасырда не болмады десеңізші? Бәрін де көріп, қиыншылыққа көніп соған бейімделді. Аштықтың ауыртпалығына шыдап, арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмей, халықты абыроймен ауыр кезеңнен аман алып шықты. Ол өз атын адал еңбекпен еліміздің тарихына мәңгілік жазып кеткен ірі тұлғалардың бірі, шебер ұйымдастырушы, білікті маман, өз дәуіріндегі ауыл шаруашылығының маңдай алды майталманы.
Цай Ден Хак Қиыр Шығыста, Уссури уезінде 1913 жылы дүниеге келген. 16 жасында күріш егісінің бригадирі болып, 24 жасында «Кедровая Звезда» колхозының төрағалығына сайланады. Сол кездегі өмірдің қиыншылығы оны ерте есейтіп, ел ісіне араласуды үйретеді.
1937 жылы Қиыр Шығыстан бүкіл кәрістер күштеп, еріксіз Қазақстанға жер аударылады. «Кедровая Звезда» колхозының адамдары түгелдей ауданға келіп орналасады. Цай Ден Хак осында келгенде де тұрақты төраға болып қала береді.
Халқының басына қалың қайғы түскен қаралы күндер мен қиын кезеңде Цай Ден Хак өзіне ерген қандастарын аман алып қалып, азаматтық ерлік жасаған. Оның ақыл-парасаты, іскерлігі, сабырлылығы, көргенділігі, имандылығы, мейірімділігі тағдыры тәлкекке түскен өз халқына, қазаққа, түрікке, орысқа бәріне құт болды.
«Кедровая Звезда» колхозы Қазақстандағы өзінің жаңа екінші өмірін ештеңе жоқ, тақыр жерден бастаған. Бір жылдан кейін аты ІІІ Интернационал болып өзгертіледі. Екі-үш жылда колхоздың ісі оңға басып, береке кіре бастайды.
Халық өздері жарты құрсақ аш отырса да, бар тапқан-таянғанын майданға жөнелтті. Соғысқа азаматын да, азығын да берді. Ауылда кемпіршал, жесір ана, бұғанасы қатпаған тірі жетім балалар ғана қалды. Осы сын сағаттарда Цай Ден Хак әр отбасында неше жан, неше бала барын, олар аштан өлмеу үшін қанша жанбағыс, қорек керегін, әрқайсысының жағдайын өзі ғана білді. Бір тақия бидай үшін адам сотталып жатқан қатал уақытта, біреуге сеніп, тапсырма беру тым қауіпті. Сондықтан таң алдында өзі ғана жүріп, әр үйдің терезесін тықылдатып, уыстап бидай таратып, басын бәйгеге тікті. Бірде-бір адамды соттатпады, ешкімді аштан өлтірмеді. Бүкіл көп ұлтты ауылды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман алып шықты.
Цай Ден Хак «Бүкіл өмірімде, колхозда бірде-бір адамға жамандық жасағаным жоқ, жақсылық жасамаған бірде-бір адамым жоқ» дейді екен. Соғыстан кейін ІІІ Интернационалға екі колхоз «Черновая земля» және «Утренняя Заря» қосылып, облыстағы іргелі, көпсалалы шаруашылықтың біріне айналады. Осы жылдан кейін шаруашылық шын мәнінде тұрақты өсіпөркендеу, өрлеу жолына түседі. Күріштен облыста ең жоғары өнім алып, басқа салалары да еселі қарқынмен дамиды. Осылайша шаруашылық төрт аяғын тең басады.
Колхозшылардың тұрмыс дәрежесі жақсарып, барлығы да малды, үйлі-күйлі болады. Цай Ден Хак «Колхозшылар бай болмай, колхоз бай болмайды» деген екен.
Ол бірінші кезекте күрделі құрылысқа, өндірістік базаға, мәдени ошақтар мен әлеуметтік нысандар салуға мән береді. Шаруашылықта облыста жоқ зәулім мектеп, мәдениет үйі, кеңсе, монша, денсаулық, сауда орындары бой көтерді. Өндірістік ғимараттар салу толығынан шешімін табады. Көшелер асфальтталып, су құбырлары тартылады.
ІІІ Интернационал архитектуралық сәнділігі, көркемдігі, көгалдандырылу, мәдениеті, тазалығы жағынан облыстағы өнегелі ауылдың біріне айналады.
Осының бәрін Цай Ден Хак өзінің күшжігерімен, колхозшылардың белсенді еңбегі, ынта-ықыласымен іргедегі Байқоңыр космодромының елеулі көмегінің арқасында іске асырады.
Ол космодром басшылары, генералдармен жолдастық, іскерлік, түсіністік, сыйластық қарым-қатынаста болады. Адамның жұмысы адаммен бітеді емес пе? Оларға жағдай жасап, тіл табысады. Космодром ұжымын көкөніс-бақша, жеміс-жидек, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Әскери ғарышкерлер де өз кезегінде аянып қалмапты. Ол кезде ғарыш айлағының мүмкіншіліктері өте жоғары-тын. Осылайша білікті басшы – космодромның жетістігін өз шаруашылығының пайдасына ұтымды, тиімді, шебер пайдалана білді.
Цай Ден Хак адамды алғашқы кезекке, яғни бірінші орынға қойған. Оның өмірі, тағдыры, тұрмыс жағдайы, көңіл-күйі, ынтаықыласы шешуші мәселе деп түсініп, бәрін соған бағындырып, бағыттаған. Адамсүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері оның барлық табыстары мен жеңістерінің құпиясы болса керек.
Колхоздағы мыңдаған адамды өзі жете танып, мінез-құлқын, қадір-қасиетін, қауқарқабілетін, кімнің кім екенін білген. Өзінің қамқорлығындағы халықпен бірге бір бүтін болады. Солармен бірге күліп, бірге жылап, бірге қуанып, бірге қайғырады. Цай Ден Хактың ерекше қасиеті келешек бас маман, колхоздың сала басшылары болатын кадрларды мектепте оқушы кезінен бастап танып, табатыны. Оларды жеке қамқорлыққа алып, оқытып, тәрбиелеп, түпкі мақсатына нәтижелі жетіп отыратындығында еді. Осылайша қаншама кадр тәрбиелеп, олар бүгінгі күнге дейін жемісті еңбек етті. Атап айтсақ бүкіл облысқа белгілі Тельман Дямуршаев, «Даңқ» орденінің үш дәрежесін алған Ким Николай Иванович, 40 жыл бірге жұмыс істеген Әбдісәлім Әбсейітов, Сталиннен мадақтау алған, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұзаппар Бижанов, үздіксіз бас су маманы Баттал Гайдаров, 25 жыл машина жүргізушісі Фриддин Мардиев, сол кезде партия ұйымын басқарған, кейін колхоз басқармасының төрағасы болған Ким Петр Ивановичтер.
Цай Ден Хак ауылда электр жарығы мәселесін түпкілікті шешу үшін екі үлкен дизель моторын сатып алып, оны орнатып, енді іске қосуға дайындалып жатқанда, колхозға жарықтың мемлекеттік жүйесі де келіп жетеді. Сонда ол іске қосуға дайын тұрған екі дизель моторының сыртынан салынған әдемі, берік ғимаратты болашаққа сол күйінде сақтау керек, алда қандай заманның күтіп тұрғанын кім біледі, уақыт шіркін қашан тұрақты еді деп, ғимараттың есіктерезесін қышпен өргізіп, келешекке аманат етіп қалдырады.
Колхоз орталығында сол ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау кешегі күнге дейін сақтаулы күйінде келіпті. Дуалы ауыз айтқандай-ақ, заман өзгеріп, жарық қайта өшеді, ауыл тағы да қараңғылық жамылады. ІІІ Интернационалдықтар ақ отаудың есік-терезесін ашып, дайын дизельді оталдырып, жарыққа қарық болады. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей, білікті басшы елге, халыққа қырық жыл несібе, бақыт әкелсе, халықта Цай Ден Хактың бұл ісін өнеге тұтып, әруағы алдында басын иіп, құрмет көрсеткен.
Ол ауыл шаруашылығының барлық саласының білікті маманы, шебер ұйымдастырушысы, тәрбиеші, саясаткер, сезімтал, халық дипломатиясын шебер меңгерген кісі. Өзінің болмысымен, сергек сезімімен, ісімен, жүріс-тұрысымен, өнегесімен халықтар достығы, ұлтаралық қарымқатынасты өмірде, іс жүзінде ұтымды, үйлесімді шешкен. Оның ел есінде қалған ерекше қасиеті, қарауындағылардың кемшілігін, өтірігін, кейде майда қылмыстық әрекеттерінің үстінен түссе де ешкімге бір ауыз сөз айтпайды, үндемейді екен. Адамдар оның тіс жарып, үндемегенін ең қатаң шара, ең ауыр жаза деп қабылдап, бір ауыз сөзіне зар болып, тиісті қорытынды шығаратын болған.
Цай Ден Хак сондай-ақ қазақ, орыс, кәріс тілдерін жетік меңгерген тілмаш болыпты. Колхозда барлық ұлттың өкілдерімен өз тілінде сөйлесіп, сыйласады. Арасында жарасымды, жанға жайлы, құлаққа жағымды әзіл де айтып қояды екен. Қазақ ағайындармен әзілдескенде «Біліп қойыңдар, мен қалың Шөмекейдің, Қаратамыр руынанмын» дейді екен.
Мамандар мен өндіріс басшыларына «Мен бастық болғанмен ел, халықтың, жанның, малдың, егіннің, барлық атқарылар істің тағдыры сендердің қолдарыңда. Мен сендерге сүйенемін, сендерге сенемін» дейді екен. Ерекше қасиеті – оның қайырымдылығы. Жетім-жесірдің, жоқжұқаның, ауру-сырқаудың, жалғыз қариялардың жанашыры да, қамқоршысы да, әкесі де, шешесі де өзі болған. Ол кісі үшін өгей бала жоқ, бәрі де өз баласы, бел баласы. Ауданға алыстан, жақыннан келетін қадірменді қонақтардың да, барлық дәрежедегі басшылардың, уәкілдердің, бәрі-бәрінің есебін тауып, күткен. Нардың жүгін көтеруге жаралған азамат десе де жарасады.
Цай Ден Хак сол кездегі сайланатын органдардың бәріне сайланып, алатын атақ-абыройдың барлығын да алған. Социалистік Еңбек Ері атағын иеленсе, екі рет Ленин, Қазан революциясы, Халықтар достығы, екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальмен, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Аудандық, облыстық партия комитеттеріне мүше, аудандық, облыстық және үш рет қатарынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланған. Осының бәрі Цай Ден Хакты бұза алмады, аспады да, таспады. Ол ештеңе болмағандай, қарапайым, сыпайы, мәдениетті, мейірімді қасиеттерін өмірінің соңғы күніне дейін сары майдай сақтап өткен.
Еңбек ардагері 1984 жылы 5 мамырда ІІІ Интернационал ауылында дүниеден өтті. Бүгінде облыста және сол ауылда ардагердің атында көше бар.
1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға 100000 кәріс күштеп жер аударылды. Сондайақ, соғыстың алдында, соғыс жылдары Кеңес үкіметінің батыс шекараларынан Қазақстанға – 532500 орыс пен еврей, латыш, 102500 поляк, 361600 неміс, Солтүстік Кавказдан 507000 шешен, ингуш, болкар, қарашай, қалмақ, қырым татарлары, түрік, курд пен грек жер аударылды. Қаншама адам қайғы-қасірет шекті, қаншама жанның жаны жараланды. Олардың барлығы да Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, экономикалық қуатының артуына өз үлестерін қосты. Қазақстан олардың екінші Отанына айналды. Қазақ халқы олардың бәрін де өгейсінбей, өз бауырындай қабылдады. Жүрегінің жылуы мен шуағын аямады, соңғы бір турам нанын бөлісті, өзінің қазақ даласындай кең пейілін, қонақжайлығын, мейірімділігін, имандылығын бәріне де танытты. Олардың барлығы да қазақ халқының алдында бастарын иеді, өздерінің өлмей аман қалғанын бірінші Құдайдың құдіреті болса, екінші қазақ халқының арқасында деп біледі. Қазақ халқы қаншама достар, қаншама тілектестер, қаншама насихатшылар тапты. Соның ішінде кәрістер ерекше еңбекқор, қай іске болса да бейім, қабілетті, диқан халық. Сөзіне, уәдесіне, сертіне берік. Облыста күріш дақылын өсіруде, оны қалыптастыруда, күнкөріс, табыс көзіне айналдыруда, көкөніс дақылдарын игеруде кәріс ағайындардың еңбегі зор. Олар пияз өсіруді біздің облыс ғана емес, бүкіл одаққа үйретті. Олардың ғылымда, өнерде, спортта, қазір бизнесте де өз қолтаңбалары бар. Жағдайға, уақытына, қиындықтарға көнгіш, бейімделгіш халық.
Облысымызда күріштен Социалистік Еңбек Ері атағын алғандардың үштен бірі – осы ағайындардан. Цай Ден Хак, Пак Чен Ир сияқты ірі тұлғалар аз болған жоқ. Олар Ким Ман Сам, Хан Леонтий, Ким Яков Яковлевич. Жалпы кәрістерден басқа қай халықтан болсын, алатын өнегеміз баршылық. Жақсысынан үйреніп, жаманнан жиренуіміз керек.
Болашақ ұрпақты өз ұлтымыздың жақсы жақтарын жетілдіріп, жаман жағынан арылтып, басқа халықтардың жақсы қасиетімен суарып, сусындатып отырсақ, қандай ғанибет болар еді.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері