Тағдыр тауқыметі
qarmaqshy-tany.kz ЖАҚЫНДА АНАМ БАЛАГҮЛ ТҰРҒЫЛЫҚТЫ ЖЕРІ ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІНДЕГІ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАДАН ЕМ АЛЫП ШЫҚТЫ. СОЛ КЕЗДЕ КҮНІМШАР ДЕГЕН АПАМЕН БІР БӨЛМЕДЕ ЖАТЫП ЕМДЕЛЕДІ. ОЛ КІСІ БАЙСАЛДЫ, КӨПТІ КӨРГЕН, ӘҢГІМЕШІЛ, ЕШКІМДІ ЖАТЫРҚАМАЙТЫН, ТҮСІ ИГІ ЖАН ЕКЕН. ӘЙТЕУІР АНАМА ҚАТТЫ ҰНАП ҚАЛЫПТЫ. СОДАН АПАДАН ЕСТІГЕН ӘҢГІМЕЛЕРІН ҚАҒАЗҒА ТҮСІРІП АЛЫП: «ЖУРНАЛИСТ ҚЫЗЫМ БАР, СОҒАН БҰРЫНҒЫНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ КЕРЕК», ДЕП БІРАЗ ДҮНИЕНІ ТҮРТІП АЛЫПТЫ. ӨЗІ АУЫРЫП ЖҮРСЕ ДЕ, БАЛАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫН ОЙЛАҒАН АНАМНЫҢ ТІЛЕГІН ЖЕРГЕ ТАСТАМАЙ ОСЫ ӘҢГІМЕНІ БАЯНДАҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІМ.
Күнімшар апа қазыналы Қазалы ауданының Бозкөл кеңшары, Тасарық ауылының тумасы. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан салиқалы жанның әлі де әңгімесі түзу, қимылы ширақ. Жоқшылықты да, кеңшілікті де, аштықты да, тоқтықты да көрген (осындайда көпті көрген деп жатады ғой) адам екені бір көргеннен білінеді.
Соғыстан кейінгі жылдар. Бұл уақытта небәрі 5-6 жасар шамасындағы ол есін біліп қалған қағілез бала болады. Отбасында үбірлі-шүбірлі он ағайынды. Әкесі өз ісіне тиянақты, адал еңбекпен нанын тапқан, мейірімді, қайырымды, ақкөңіл, ел сыйлай білген адал азамат екен. Ол уақытта халықтың, елдің жағдайы мәз емес шақ. Ауылдағы бас көтерер, еңбекке жарамды жанның бәрі тайлы-тұяғы қалмай, таң азаннан тұрып, егістікке қарай аттанатын. Ауылда тек кемпір-сампыр, бала-шаға секілді жұмысқа жарамсыз жандар ғана қалушы еді.
Бір күні мынадай оқиға болады. Бұл ауыл тұрғындарына үрей туғызған еді. Апаның үйіне көрші соқыр кемпір мен екі баласын бағып отырған, күйеуі соғыстан оралмаған бір әйел тұратын. Сол әйел үйдегі балалары аш отырған соң, қос уыс бидайды уқалап қалтасына жасырып салып алады. Оны ауыл бригадирі сезіп қалып, қалтасын қарап, алған бидайын өлшеп, 800 грамм бидайды ұрлады деп, әйелді екі жылға соттатып жібереді. Сөйтіп, көрші үйдегі соқыр әже мен екі немере қараусыз қала береді. Үйінде сауынды, бұзаулы сиыры болғанмен оны сауатын адам жоқ. Әжейге көмектесіп сиыр сауып беретін ауыл әйелдерінің барлығы азаннан қара кешке дейін жұмыста. Содан не болды дейсіз ғой. Сол кезде небәрі 6 жасар шамасындағы Күнімшар апа көрші әжейді аяп, сиырын сауып беруге тырысатын. Алты жасар қыз бала жіп байлауды білмесе де, талпынып бұзаудың бас жібін қазыққа орап бұзауды байлап қойып, енді сауа бергенде бұзау ұрына-ұрына жібі шешіліп кетеді де, сиырға келіп соғады. Соқыр кемпір мен кішкентай бала сауған сүт сол күйінше ақтарылады да қалады.
«Бұзау шешіліп, сиырға кеп соққанда, екеуміз екі жаққа құлаймыз, сауған азғантай сүт төгіліп қалатын. «Аштың аңы жүрмейді», деген осындайда айтылса керек», – деп еске алады кейуана өткен өмірін, балалық шағын көз алдынан өткізіп.
Үйде анасы рабайда бір нан пісіреді. Бұл сол кездегі балалар үшін үлкен қуаныш. Анасы пісірген нанды шүпірлеген балаларына бөліп беріп әлек. Ал Күнімшар апа болса, көрші әжейді мүсіркеп өзіне берген бір үзім нанды жемей, сол кісіге апарып беретін. Ол байғұс кемпір де үндемей жей бермей, «қайдан алдың?» деп сұрақтың астына алатын. Ойын баласы естімегендей болып, секіріп ойнап қашып кететін. Содан көрші әжейдің сотталған келіні бір жарым жылдан кейін қайта оралады. Келіні келген соң көп ұзамай-ақ әжей о дүниеге аттанып кете барды. Иә, соғыстан кейінгі жылдар балалар үшін тым ауыр болды. Олар балалық шақтың бал дәмін татып, асыр салып ойнай да алмаған еді. Таң азаннан көзін уқалап тұра сала ата-анасы ұжшар жұмысына егін басына кетеді. Бар болғаны алты жастағы Күнімшардың негізгі жұмысы – үйдегі үйелмелісүйелмелі іні-сіңлілеріне қарау, су тасу, тезек теру секілді бітпейтін шаруалар еді.
Бір күні бір жарым жастағы інісі жылай берген соң, егістік басындағы анасына барып, емізіп қайтпақ болып егін жаққа беттейді. Бір інісін жетектеп, бір інісін арқалап жүре береді, жүре береді. Бала емес пе, басқа бағытқа қарай жүріп, ақыры адасады. Қалың тоғайдың арасы. Сыңсыған маса. Жаудай масаға таланған үш бала жылап-сықтап, улап-шулап жүре береді. Артынан іздеп шыққан ауыл адамдарының даусын өздерінің жылаған дауыстарынан түк естімейді. Маса мен шыбын-шіркейден қорғанып бетін бүркеп алған адамды көріп, зәреиманы ұшып, шыңғырып қашқан сәтте, ол кісі: «Келе ғой, сендерді іздеп жүрміз» деп атын айтып, әрең дегенде үйлеріне алып барған-ды. Бірақ сол сарсаңнан кейін бір жарым жастағы інісі басына күн өтті ме, әлде қатты шошынды ма екен, кім білсін, әйтеуір аз күнде шетінеп кеткен еді.
«Соғыстан кейінгі жылдар ішерге тамақ, киерге киімнің жоқтың кезі. Балалар бірде аш, бірде тоқ. Талғажау қылатындар малы бар үйлер, сүтін сауып, қатық, айран қылады. Оның да майын үкіметке өткізеді. Сондай қиын бір замандар да өтті басымыздан» деп күрсіне еске алады әжей.
Дәл осындай уақыт шиттей он баласы бар Күнімшар апаның отбасына да оңайға соқпады. Әкесі өз жұмысына өте адал, қайырымды, ақкөңіл, мейірімді, ел сыйлаған жан еді. Үйдегі аш-жалаңаш балаларының қамын ойлап, бір күні қырман қарауылынан «Балаларым аш, маған шамалы бидай берсейші» деп сұрап, түнделетіп қырман басына келеді. Уәде бойынша қарауыл берген жарты қап бидайды арқасына салып, шыға бергенде біреу келеді. Қараса ауыл бригадирі екен, зәресі ұшып, қол-аяғы қалтырап құрыған жерім осы деп ойлайды. Ал бригадир болса, «Қабыңды толтырып ал» деп өзі де салып береді. Әкесі жол бойы ой үстінде келеді. «800 грамм бидай алған адамды соттады, мен де сотталатын болдым, мен кетсем балашағам қалай өмір сүреді» деп ойлап келе жатып, ауыл шетіндегі кеңсенің жанына жақындай береді. «Мені кеңсеге апарып, милиция шақыратын шығар» деп ойласа, жоқ кеңседен де өтіп бара жатыр екен. Сөйтіп, үйіне де келіп жетеді. Әкесі ертесіне келіп әкететін шығар деп күтеді. Жоқ. Арада бір-екі күн өтеді. Бригадир аяқ аттап баспайды. Содан бидайды жерге ұра қазып көміп, шетінен аз-аздап алып, ұн жасап, нан көміп жейді екен. Келінің, диірменнің даусы шықса аш отырған ауыл адамдары әлі жетсе дәнін, ұнын тартып әкететін болған.
«Әкем еш адам баласына қиянаты жоқ, өте мейірімді жақсы адам болған соң әрі «шиттей бала-шағасы ашыққан соң келген ғой» деп бригадир де кеңшілік жасаған екен» деп еске алды өткен күндерін Күнімшар апа.
Бұл Күнімшар апаның балалық шағындағы көрген қиыншылығы, яғни сол замандағы ауыртпалығы болатын. Бертін келе елдің жағдайы жақсарып, оның өзі де отбасын құрып, ақ жаулықты ана атанды. Бір әулеттің арқасүйер отанасы болды. Бірақ, сол балалық дәурендегі ел басына түскен қиын жағдайлар есінен кетпейді.
Апамыздың құдай қосқан қосағы кеңес заманы кезінде шопандарға азықтүлік, керек-жарағымен қамтамасыз ететін автодүкен жүргізіп, қызмет жасаған. Бірде отағасы шопандарға азықтүлік апара жатқанда қатты боран болып, қалың қарға көміліп, одан көлігінің жанармайы таусылып бір жарым сөтке далада қалады. Боран басылған соң тікұшақпен іздеп әрең тауып алады. Сол аласапыранда жолдасының өкпесіне суық тиіп, айықпас дертке ұласқан. Ақыры содан ұзақ жыл емделіп, 2004 жылы қайтыс болады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген. Жаны бөлек болғасын тірі адам тіршілігін қылады. Апа балаларының ортасында ақылшысы болып қала берді.
Міне, бүгінде сексеннен асқан ардақты ананың басынан кешкен тағдыры сол замандағы балалардың балалығын соғыс ұрлаған жылдар деп айтсақ, ерсі емес шығар. Дегенмен, қазір заман түзелді. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Күнімшар апа да бүгінде немере-шөберелерінің ортасында бақытты әже атанып отырған жайы бар. Ол өзінің сонау балалық шағындағы өмірін ұрпағына жыр қылып айтудан жалықпайды. Қаншама қиын тағдырды басынан кешірсе де ол бүгінгі бейбітшілік заманда өмір сүргеніне, өміріне дән риза.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ