Қазақ металлургі
qarmaqshy-tany.kz Қ.СӘТБАЕВ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕТАЛЛУРГІ, ҚАРМАҚШЫ ТОПЫРАҒЫНДА ТУЫП, СЫР СУЫНА ШОМЫЛЫП, ҚОРҚЫТ САРЫНЫ СІҢГЕН ДАЛАНЫҢ БОЗ ЖУСАНЫН КЕШІП, СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН МАҚАМ-САЗДАРЫМЕН АСТАРЛАНҒАН ӨСИЕТ ЖЫРЛАРЫН САНАСЫНА СІҢІРІП ӨСКЕН ҰРПАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ БІРІ ДЕ БІРЕГЕЙІ – ТӨЛЕГЕН МҰСАҰЛЫ ӘБДІРАХМАНОВ.
Оның өмірге келуі мен балалық шағы Қазақстандағы болған жантүршігерлік қаңқұйлы оқиғалармен бетпе-бет келіп, халық айтқан «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен» заман жүгін сәби санамен сезіп, балалық жүрегімен бастан кешті.
Қазақстан халқын қыру мақсатындағы жүзеге асырылып жатқан Голощекиннің «Аштық жылы» жаппай белең алынған 1933 жылы ақпан айының 25-і күні Қазалы ауданына қарасты Байқожа стансасының жанындағы 101 разъезінде болашақ қазақ металлургі даңқты теміржолшылар әулетінің бірінің отбасында дүниеге келді.
Даңқты дейтініміз, сонау 1900 жылы Орынбор-Ташкент теміржолы салына бастаған тұста қазақ сахарасының күн күйдірген қазағы Бұхарбаев Әбдірахман бір қыз, алты ұлымен Айшагүл, Әбдірей, Ыбырай, Мұса, Мәдірей, Садық, Сыдық есімді балаларымен Байқожа стансасына (бекетіне) көшіп келіп, жол бойының бригадиріне өзін жұмысқа қабылдауына өтініш береді.
Өзі жұмысқа қабылданған соң, 1915 жылы 18 жасар ұлы Әбдірей, екі жылдан соң Ыбырай, Мұса атты екі ұлы әкесінің жолымен темір жолға жұмысқа келеді. Ал, Ұлы Қазан революциясынан соң Мәдірей, Садық және ең кіші ұлы Сыдық та осы жұмысқа келеді. 1900 жылдан теміржолшы жұмысын таңдаған Әбдірахмановтар әулетінің ұрпақтары бүгінгі күнге дейін сол Байқожа бекетінде теміржолшы.
Бұхарбаевтың осы алты ұлы да «Ленин» ордені мен «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері. Қазалы мен Жосалы арасындағы теміржол бекеттері «Әбдірахмановтар жолы» атанғалы қай заман?!
Біз тілге тиек етіп отырған Төлегеннің әкесі Мұса Бұхарбаев Әбдірахманның үшінші ұлы. Төлегеннің балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын арқалаған сол кездегі қазақ балалары сияқты өтті. Мұны Төлеген көкем өзінің «Өмір белестері» (Алматы – 2003 ж) кітабында: «1944 жылы 4-ші класта оқып жүргенде үйіміз Байқожа стансасында тұрды. Сол жылы әкей жұмыстың ретімен сапарға жиі шығып тұрды. Шешем сырқаттанып жатып қалды. Көктемде елмен бірге әртүрлі қара жұмыс істедім. Соғыс жылдары ғой. Жағдай қиындау болды. Ауылдың үлкендерімен бірге түйемен екі күндік жерден сан мәрте белді майыстырып тұз да тасыдым. Оны пойыздағы жолаушыларға сатып та жүрдім», – деп еске алады.
1945 жылдың күзінен бастап әкесі Мұса Әбдірахманов Жосалы стансасына аға шебер болып тағайындалуына байланысты Төлеген 5 класты Қармақшы поселкесіндегі Калинин атындағы орта мектепте жалғастырады. 7 класта оқушылар комитетінің төрағасы, мектеп бітіретін жылы комсомол комитетінің хатшысы, спортпен шұғылданып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Мектепті күміс медальмен бітіріп, 1950 жылы Алматының тау-кен металлургия институтының металлургия факультетіне оқуға түседі. Бұл жоғары оқу орнында үздік оқитын Н.Сатыбалдин, Калнин, С.Жарболов, С.Сәкенов, В.Дукреев, Н.Левченко, Д.Павлов, Ш.Қабыловтармен қанаттас білім алған Төлеген Мұсаұлы мықты маман оқытушылардың дәріс бергенін ыстық ықыласпен еске алады. Олардың ішінде, студент шақтарынан кейін де іс-қызметінде ұстаз-кеңесші болып жиі араласып тұратын мыс технологиясының өте білікті маманы-ғалым, техника ғылымының докторы, академик Х.Австесян, ғылым докторы Б.Пономарев, ғылым докторы Е.Пономарева, ғылым докторы К.Сушковтар болды.
Студенттік алғашқы практикалық жұмыстарын атақты Алтай жеріндегі Лениногорск қаласындағы қорғасын зауыты, Орск қаласындағы Орск Халиловск комбинатының никель өндіретін зауыты, соңғы практикасы қорғасын зауытында өтеді. 1955 жылы бұл оқу орнын бітіргенде кәсіпорынның бөлуімен Шымкент қорғасын зауытына тап болғанымен, бірге оқыған жолдасының қарсақбайлық Шакуар Оразбековтің «Сенің ауылың Жосалы Қарсақбайға жақын, қатынап тұруыңа жақсы. Біздің ауылға бірге барайық» деген өтінішін жерге тастамаған Төлеген Мұсаұлы министрліктен рұқсат алып, Қарсақбайға келеді. «Ауылыңа жақын» деген сөз жүрекке жатып, көңілге қонған сыңайлы.
Еңбек жолын 1955 жылдың 11-тамызынан Жезқазған кен-металлургия комбинатының Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмыскер боп бастаған ол кенді өңірдің қыр-сырына алғаш Ахметов Айтбай, Калекенов Кетебай сияқты зауыттың байырғы еңбеккерлерінен қанығады. Бұл кісілер жосалылық болғандықтан Төлеген Мұсаұлымен арақатынасын үзбей, сыйластықта болады.
Ең алғашқы тәлімгерлері болған Сыдықов Жолдасбек, Оразаев Әбутәліп, Телкоңыров Сәкен, Жәкеев Сәмет, Естаев Байжұман, Небога Геннадий, Приходко Юрий, Қожабаев Әбдірахман аға балқытушы, шеберлер еді. Сол кездегі металлургия цехының бастығы Қошқарбаев Дана, аға шебер Казазаев Тихон Михайлович, көптеген аға шебер, участоктың басшылары жоғары деңгейде білімдері болмағанымен практикада шыңдалған мамандар екен. Қазақ жеріндегі кен орындары туралы, оның тарихы туралы деректер көп. Көркем әдебиетіміз мектеп қабырғасындағы оқушы кезімізден бізге сыр шертіп, ой ақтаратыны бар ғой. Бір ғана Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы, Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды» романдарынан оқып отырып ой түйетініміз – қайран қазақ жерінің байлықтары-ай! Қалай талан-таражға түскен?!, – деп қынжыла еске аламыз өткен шақты. Олай болса, еңбек жолын Қарсақбай өндірісінен бастаған Төлеген Мұсаұлы алғаш оның өткен тарихын терең оқып танысқанын мына сөздерінен көреміз: «Жезқазған жерінде мыс байлығы тұнып тұрғандығын орыс патшасына саяхатшы Н.Рыжков 1771 жылы баян еткен көрінеді». Бірақ, не себеп болғанын қайдам, Ресей жақтан мол қазынаны игеруге ешкім бел шешіп, білек түре қоймайды. 1897 жылы Петропавловск қаласының саудагері Никон Ушаков деген адам Кеңгір өзенінің бойындағы және Жездідегі байлықтарды біліп, жергілікті жердегі қазақтың байынан бар болғаны 400 сомға сатып алған. Осыдан кейін жер талапайға түсіп, бір қолдан бір қолға өтеді. Көп ұзамай Ушаков қазақ байынан алған жерді Рязанов атты саудагерге сатады. Ол болса, жерді XIX ғасырдың басында Англияның акционерлік қоғамына сатады.
Ағылшындар 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін иелік еткенімен әрі қарай кенді орынды ұстап қалу мүмкіндігінен айырылған кезде кен өндіру орындарына салынған құрылысты бүлдіріп, шахталарға су жіберіп, маған да жоқ, саған да жоқ дегендей, жан-жақты бүлдіріп кетті, – деп оның тарихын әрі қарай сабақтай түседі.
Жезқазған төңірегіндегі байлықтың көзін ашуда ұлы ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің зор екендігіне арнайы тоқталып, ол кісімен кездесуін, оған деген құрметін ыстық ықыласпен еске алады. Қаныш Имантайұлы 1929 жылы Атбасар тресінің геологиялық-барлау бөлімінің бастығы және бас геолог болып тағайындалады. Ол Қарсақбайда 1929 жылдан 1941 жылға дейін 12 жыл бойы қызмет етеді. Өзінің барлауы арқылы Жезқазғанда мыстың мол қоры бар екенін, маман даярлауды, жұмыскерлерді оқытуды, басқа қалалармен тәжірибе алмасуды жолға қойды.
Қ.Сәтбаевтың үлкен Жезқазғанның әкесі екенін көреміз. Оның еңбек жолына көз жүгіртсек, отызыншы жылдардың ортасында сол кездегі одақтың ауыр өнеркәсіп халық комиссары Серго Ордженикидземен кездесіп, үлкен Жезқазғанды ашу жөнінде оның келісімін алу да ерлікке пара-пар іс. Сөйтіп, үлкен Жезқазған комбинатының құрылысы 1936 жылы 25 наурызда басталған. Ол 1940 жылы Ленин орденімен марапатталып, КСРО ҒА-сы Қазақ филиалының мүшесі, кейін оның директоры, жетекшісі болып бекітілді.
Туған халқын жан-тәнімен сүйген ұлы тұлғаның мына бір сөзі кім-кімді де бей-жай қалдыра қоймас. Еңселі маңдайы жазық Қанышты көрген Ұлыбританияның әлемге аты мәшһүр көрнекті мемлекет қайраткері У.Черчильдің «Қазақтардың бәрі сіздей биік пе?» деген сауалына «Жоқ, халқым менен де биігірек» деп қолма-қол жауап беруі кейінгіге қалдырған сүйіспеншіліктің құнды үлгісі емес пе?!
Қ.Сәтбаевқа деген сүйіспеншілігін Қарсақбайға жаңа ғана келіп түскен жас металлург жігіт Төлеген көкем сол кездегі әсерін төмендегіше жазып қалдырыпты:
«... Менің жүрегімде мәңгілік ұялаған бір есім бар. Ол ұлтымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым, қоғам, мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы. Қанекеңнің еңбектерімен студент кезден-ақ жақсы таныс болдым. Ал, Қарсақбай жерінде еңбек жолымды бастағанымда бойымды ерекше қуаныш кернеді. Өйткені, бұл топырақта ұлы адамның ізі сайрап жатыр. Сол ізді басқаныма шаттандым. Қаныш ағаның ізімен жүргенім бойыма күш-қайрат қосты, жігер, шабыт берді».
1961 жылы 1 қаңтарда түсті металлургияның қарашаңырағы атанған Қарсақбай зауытына директор міндеті жүктелген уақытта да халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған тұрғын үй мәселесін, аяқ су мен ауыз су, ірі мәдени демалыс кешендерін салумен қатар, Төлеген Мұсаұлы жүрегіне мәңгілік сүйіспеншіліктің ұясын салған Қаныш ағасын есінен шығармады. Оған арнап Қарсақбай қаласынан мұражай үйін ашты. Қала ортасынан ескерткішін орнатты. 1964 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатына Сәтбаев есімі берілуіне куә болса, 1999 жылы 100 жылдығы атап өтіліп, мыс шаһары Жезқазған қаласынан да оның ескерткіші орнатылуына мұрындық болғаны сол өңір халқына аян.
Т.Мұсаұлы зауыт директоры болып қызмет атқарған кезде шешілген маңызды шаруа Қарсақбай түсті металлургия зауытының құрылысын заманауи техникамен және технологиямен қамтамасыз ету, өнімділігін арттыру, жұмыс процестерін автоматтандыру мәселелері жедел қолға алынды. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету, Қарсақбай зауытында келешекте Жезқазғанда салынатын жаңа зауыттың технологиясына қажетті сирек кездесетін металды алудың жолдарын қарастыру. Арқаның ақбас боранымен алыса жүріп талай қиындықта шыңдалған ол, 1989 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытының директорлығына сайланды.
Қазақ жеріндегі осындай екі бірдей алып кәсіпорынның тұтқасын ұстаған оның іскерлігінің арқасында талай белес бағындырылып, талай асу алынды. Ел тәуелсіздігін алған жылдардан соңғы ізденістер мен жаңа серпін Қарсақбай мен Жезқазған зауыттарынан шығатын өнімнің сапасын жаңа деңгейге көтерді. Енді бұрынғыдай Мәскеудегі ғана іс тәжірибесі үлгіге алынып қоймай, дамыған елдер Германия, Америка, Финляндия, Белгия, Франция, Англия сияқты елдердің іс-тәжірибесі назарға алынады. Осы елдерге жұмыс сапарымен барған ол көп нәрсеге көзі жетті.
1991-1992 жылдары комбинатта тек қана котод мысын өндіріп қоймай өнімнің басқа да жетілдірілген түрлерін шығару жайы күн тәртібіне қойылады. Осы мақсатпен котод мысынан мыс ширатпасын өндіру көзделінді. Ол ширатпадан кейін мыс сымдарын шығармақшы болады. Осы мақсатта Германияның Гамбург қаласындағы «Норддойче Аффинери» зауыты Америкадағы «Саутвайер» фирмасының жұмысын Қазақстанда да жасау үшін Жезқазғаннан мыстың ширатпасын шығаратын зауыт ашу қолға алынады. Бұл зауыттың шығаратын қаражатын шешуге Мәскеудің «Моска- бель» зауыты, Финляндияның «Нокия», АҚШ-тың «Саутвайер», Түркияның «Ентес», Жапонияның «Томен корпорейшн» фирмалары қаражат бөліп кіреді. Төрағалығына Төлеген Мұсаұлы сайланып, іс басталып кеткен.
Құрылысты «Ентес» фирмасы 2-2,5 жылда толығымен аяқтап, «Саутвайер» фирмасы жабдықтары Америкадан әкеп орналастырылады. Құрылыстың және «Саутвайер» фирмасы жабдықтарының сапалылығынан зауыт осы күнге дейін күрделі жөндеусіз, тоқтамай жұмыс істеуде.
Әке жолын жалғаған Болат Әбдірахманов та осы зауытқа директор болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін мыс ширатпасын сым түрінде сатылымға шығару үшін Еуропа, Азия елдерінің іс-тәжірибелерін зерттеп көріп, өз зауытында жүзеге асыруға тер төкті.
Аңыз адам Сәтбаевтан кейінгі қазақ металлургі атанған Төлеген Мұсаұлы шетмемлекеттерге барған жұмыс сапарларында ол елдердің кәсіпорындарының жаңа технология сапасының мықтылығына ғана қарап қоймай зауыт ішінің экологиялық тазалығына тәнті болып (автоматтандырылған, адамның ауыр еңбек күшін оңтайландырудағы робототехника жұмысы) сол барған қаласының архитектурасы мен мәдени- тарихи ескерткіштері, тазалығы мен бау-бақтары, халқының мәдени деңгейіне жіті назар салып отырғанын көреміз. Қазақстанның ірі кен орны болып табылатын Қарсақбай мен Жезқазған сияқты екі бірдей кәсіпорнының басшылығында болған жылдары ол қаланың сәулеті мен гүлденуіне, халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін нысандардың құрылысына, сол сияқты қаланың мәдени ошақтары мен экологиясына зор мән беріп, жағдай жасап отырды. Жанұялық жағдайында жұбайы КүлжаҺан екеуі 5 бала (Болат, Сәуле, Зәуре, Серік, Алмат) өсіріп тәрбиеледі. Сәулесі ғана дәрігерліктен зейнетке шықса, қалған төртеуі әке жолын қуып металлург болды. Алыстағы ағайындарымен де ара үзбей қатысып, жыл сайын туған жер төсіне келіп бір демалып қайтуды естен шығарған емес. Әкесі Мұсамен бауырлас Әбдірей, Мәдірейдің балалары үйінде жатып оқып (Әлтай, Гүлсім) диплом алды. Өзімен бірге туысқан 2 ұл, 2 қыздың бәрі (Балайымша, Жақсылық, Баян, Жақсыбай дүние салған) Балайымшадан басқасы маңайында, өз қамқорлығында болса, қызметтес дос-жолдастарынан басқа ауылдас, жерлестерін Мархабат, Қуатбек, Аманбай, Ибрагим, Нұрперзент, Қалжан, Болат, Бостан, Дүйсен, Еркіндерді бауырларына басып ағайындай араласып отыр.
Еткен еңбек, төгілген тер еш кетпеді. Тәуелсіз елі мен туған халқына адал қызмет еткен Төлеген Әбдірахмановтың басқа наградалары мен мақтау қағаздарын айтпағанда кеудесінде «Құрмет белгісі» мен «Еңбек Қызыл Ту» ордені жарқырайды. Қазақстан тәуелсіздік алғанда «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі болды. Ол бүгінде КСРО-ның «Құрметті металлургі», Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жезқазған қаласының құрметті азаматы». Зейнеткерлік жасқа жетіп еңбек демалысына шыққаннан кейін де Арқа төсіндегі Ұлытау жерінде жүрді. Өмір бір қуаныш, бір қайғы демекші, сүйікті ұлы Болат пен қосағы Күлжаһаннан айырылса да сол сабырлы, сырбаз қалпын сақтап бойын тік ұстаған қалпынан танбады. Арқа төсінен асқаралы Алатау төсіне қоныс аударып бара жатып ол артына бұрылып: «Корпорацияның кемелдене түсуін біз отбасымызбен тілейміз. Өзім, жұбайым, балаларым бар, бәріміздің корпорациядағы бүгінге дейінгі еңбек стажымыз 126 жыл болған екен. Бұл аз жылдар емес қой. Әулетімізбен қызмет етіп жатқан, еңбегімізді елге танытып жатқан қасиетті орын – «Қазақмыс» әрдайым да биік асулардан көріне берсе екен. «Қазақмыстың» қазіргі қадамы барынша қуантады. Ол ел экономикасының өрге басуына лайықты үлес қосуда. Мерейің арта берсін, Мыс алыбы! Сәтбаев бастап кеткен сара жолдың жаңарып, гүлденіп дами бергенін қалаймын» дейді өзі тәрбиелеп соңынан ерткен шәкірттеріне.
Ұлытаудың ұлылығын ұлықтаған Төлеген көкемнің шаңырағына бас сұғып сәлем бере барғанымда тоқсанды алқымдаған абыз жүрек мені жазбай танып:
– Оһо! Апамның көзі, артында қалған сөзі келді ғой, деп қарсы алды. Сәл ғана көз жанарының кішірейгені болмаса бойы тік, еңсесі биік қалпын сақтап, сөзден жаңылмай тереңнен толғап отыр. Менен Жосалы, Сырдария туралы сұрап, кеудесін көптен бері кернеген сағынышын жасыра алмай:
– Апырмай, туған жердің не құдіреті бар екен?! Бір ғажайып күш солай қарай тартады да тұрады. Сыр бойының қамыс-құрағы, құмда өскен сағыз, көсік пен жуа, қоңыраулы шеңгелдер, ұзақ уақыт гүлдеп тұратын қызыл-жасыл жыңғыл, хош иісті жиде, бал татитын қауын-қарбыз бәрі, бәрі ыстық, – деп әрі қарай сөзін сабақтай түсті.
– Шешем Зибагүл Кете руынан болғандықтан ба өлең жырға жақындығы бар еді. Өлең құрастыратын. Суырып салмалығы да болды. Ол мені өнерді түсінуімді, ән айтып, домбыра тартқанымды қалайтын. Осындай тәрбиенің арқасында Сыр сүлейлерінің өлең-жырларын сүйіп тыңдап, сүйсіне оқитынмын. Олар шығармаларында адамгершілікке, парасаттылыққа, қарапайымдылыққа, имандылыққа үндейді. Кеудемсоқтықтан, мақтаншақтықтан, даңғойлықтан алыс жүруге шақырады.
– Жапанның жайсыз жатқан даласындай,
Көрінеді өткен өмір бұлдыр-бұлдыр.
Бұлтартпай сол бұлдырмен жүргеніңде,
Ордақдап ор қояндай өмір зырғыр.
Өң бермей өтінішке өте шығар,
Жалынып десең-дағы «өмір құрғыр».
Қызылқұмның жол асатын қиясындай,
Артында талай заман қалар қыр-қыр.
Сүргінде соныменен жүргеніңде,
Аяққа айырылмастай түсер шылбыр.
Тотыдай торға түскен отырарсың,
Рас сөз, ақылымен аңда шын біл.
Қызықты қызық көрер шағың осы,
Ертерек есің болса мұны бір біл, –дейтін Кете Жүсіптің толғаулары нағыз өмір философиясы емес пе? – деп маған мұңдылау жанарын аударып, күйзелісті көңілінің түкпірінде жатқан елге деген сағыныштың сарынан аңғартқан сыңай танытты. Тоқсанның төріне шыққан Төлеген көкеммен осылайша ұзақ отырып әңгімелесіп қайттым.
Талайлы ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі