» » » Азаттықты аңсаған – Ақмырза ахун

Азаттықты аңсаған – Ақмырза ахун

Қазақ жері үшін қазақ халқы қолына қару атқа қонған қаншама ерлер ұмытылмас тарихи тұлғаға айналды. Қазақ ұлтын тәуелсіздікке қол жеткізген Керей мен Жәнібектен бастау алған ұлт-азаттық күрес жолы күні кешеге дейін жалғасын тапты.
Міне, сол азаттық жолында қаншама ерлеріміз қан төгіп, жандарын қиды.  Әбілқайыр хандығын қалпына келтіруге тырысқан өзбек ханы Шайбанимен отыз жылдық соғыс, Әмір Темір әулетімен, өзбектермен, Моңғол билеушілерімен өткен қанды шайқастар, Жоңғар шапқыншылығына қарсы жүз жылдық соғыс қазақтарды тәуелсіздік жолынан тайдырып, жігерін мұқалта алмады. Шығыстағы Қытай империясы Абылай ханның көрегендік саясатының арқасында тоқтатылса, батыстағы Ресей империясы Қазақстанды отарлауға жүз елу жылға жуық уақытын жұмсады. Отаршылдыққа қарсы Сырым Датұлы 14 жыл, Кенесары Қасымұлы 10 жыл арпалысты. Саржан, Исатай мен Махамбет, Есет, Жанқожатағы басқа да батыр бабаларымыз ел тәуелсіздігі үшін азаттық жолында атқа қонды. Монархиялық-патшалық Ресейдің орнына келген Кеңес үкіметі де ел үмітін ақтамады. Қызыл империяның солақай саясаты қазақтарды қырғынға ұшыратып, ата жұртынан ауа көшуге мәжбүр етті. Орыс мәдениетін зорлап енгізіп, дінге ашық түрде тиым салды. Олардың тәркілеу, ұжымдастыру сияқты саясаттары халықты ашаршылыққа ұшыратып, ел ішінде ашу-ыза туғызды. Соңы көтерілістерге ұласты. Осындай ашу-ызадан туған көтерілістің бірі – Қармақшы аумағындағы Қызылқұм өңірінде, Қуаңдария бойында өткен Ақмырза көтерілісі.
Есімі Сыр бойындағы тарихи тұлғаларының қатарында аталуға тиіс ағартушы-ұстаз, Қызылқұм өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы атанған Ақмырза ахун  халыққа неге таныс емес, оның аты неліктен аталмай келеді. Осындай тарихи тұлғаның көп жағдайда ескерусіз қалуы қалай?
Ақмырза Төсұлы қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін аңсаған, дінін қорғау үшін қол жинап, көтеріліске шыққан, азаттық жолына өзін құрбан еткен Қармақшы аймағындағы бірден-бір тұлға. Ол атадан балаға жалғасып келе жатқан азаттықтың ұлы жолында тәуелсіздіктің ізімен жүріп өткен елжанды, қазақтың қазақи ұлттық намысын ту еткен, дұшпандарының алдында рухы сынбаған ұлтшылжан болатын. 
Тектілік тұқым қуалайды
Ақмырзаның арғы аталары «Тектілік тұқым қуалайды» дегендей, көптеген би, батырлар шыққан текті тұқым болып саналады. Кіші жүздің Шөмекей тайпасындағы бір рудың атын алып отырған Жолай Ырысымбетұлы би, батыр, ұлт басшылырының бірі болған. Ол жатжерлік басқыншыларға қарсы соғыстарда батырлығымен, елді ұйымдастыруда қазақ жерінің тұтастығын сақтауда ерекше көзге түскен. Кіші жүз ханы Әбілхайыр мен замандас, сол кездегі кейбір даулы мәселелерді бірлесе шешіп отырған. Ол шамамен 1700-1770 жылдары өмір сүрген. Оның баласы Кетебай Жолайұлы да би әрі батыр, шамамен 1730-1815 жылдары өмір сүрген. Абылай ханмен тұстас оның ел бірлігі жолындағы саясатын қолдаған рубасы-билердің бірі. Ресей, Хиуа, Бұхар, Қалмақ елдерімен болған соғыстарға қатысып, ұлт азаттығы үшін күрескен. Бекет аталығын басқарған ру басы, жеке мөрі бар ықпалды би, беделді шешен болған.
Алғашында Жолай би ел бірлігі үшін Әбілқайыр хан туының астында болғанымен кейін Кіші жүздің Ресейге қосылу саясатын қолдамай одан бөлініп, осы саясатқа қарсы Батыр сұлтанның жағына шығады. Осыған байланысты қудалау көрген Әлім-Шөмен руларының біршама бөлігі ата қонысы Кеңгір өзенінің бойынан қазіргі Қуаңдария бойына қоныс аударғанда Жолай ұрпақтары да осы өңірге келіп қоныстанған.
Жолай ұрпақтарынан көптеген атақты адамдар шықты. Таңат палуан, Өтетілеу, Пірәлі, Аман, Алмас, Әбдірейім, Дабыл билермен қатар Сопақ, Қожеке, Түбекбай, Арғынбай, Алданқұл, Ысқақ сынды батырлар ел мүддесін қорғаса, Молдашер ахун әрі палуан, Достан сопы, Ақмырза ахун тағы басқа елге танымал діни қайраткер мен ағартушы-тұлғалар болған. Бұлардың барлығы да  қазақ жеріндегі отаршылдық саясатқа қарсы күрес жағдайында өмір сүрген. Ақмырза ахун осылардың ішіндегі өз ерекшелігімен ел есінде қалған бірегей тұлға.
Ақмырзаның балалық шағы
Ақмырза Төсұлы 1881 жылы Қуаңдария бойындағы Қарақ маңында (қазіргі Т.Көмекбаев ауылы) дүниеге келген. Оның әкесі Төс қарапайым шаруа адамы болса керек. Ол Ақмырзаға бала кезінде қозы-лақ бақтырып қойыпты. Ауыл балаларының ауыл молдасында діни білім алып жүргенін  көріп, күн сайын білімге деген құштарлығы арта түскен бала бір күні бағып жүрген лақ-қозысын тастап молдаға келіп, «Менде оқиын»,-дейді. Ақмырзаның білімге құштарлығына риза болған молда оған күн сайын тапсырма-сабақ беріп тұрыпты. Ал, өз кезегінде шәкірті тапсырманы аса ыждағаттылықпен орындап, зеректігімен көзге түседі. Лақ-қозыны қараусыз қалдырғаны  үшін ол әкесінен талай  таяқта жеген. Кішкене бала Ақмырзаның мешітке өзі келіп-кетіп жүргенін байқаған туысы Құтыш Төсті шақырып алып:-Мына баланы оқыту керек, мал соңына салып қор қылма, түбінде осы баладан бірдеңе шығады,-дейді. Сол Құтыш мал соңында жүріп, жара басып кеткен Ақмырзаның басын әйеліне тазарттырып, өз қолына алып оқытады. Бала оқуға зерек, алғыр және ынталылығымен көзге тез түседі.
Ақмырза білім жолында
Ақмырза ауылындағы мешітте Елмұрат молдадан дәріс алып, әптиек құранын аз уақытта игеріп шығады. Бұл оқуды азсынған ол оқу іздеп Бұхарадағы Көкілташ медересесінде оқуын жалғастырады. Бұдан Ауғанстанда, Түркияда білімін толықтырып, «Ахун» шатырхатын алып 18 жылдан соң  1910 жылы елге оралады.
Әуелі Қазалы ауданындағы Кеңтүп деген жерде ағайындардың көмегімен салынған мешітте дәріс береді. Содан кейін 1915 жылдар шамасында Шыбынтай Шортан деген кісі Қуаңдария бойында Үштөбе маңынан мешіт салдырып, (қазір Т.Көмекбаев ауылы Ақмырза мешіті деп аталады) Ақмырзаны дәріс беруге арнайы көшіріп алдырады.
 Ақмырза ахунның бай кітапханасы болған. Тоғыз түйеге жүк артып келгенде көбі кітап болған екен. Осы жерде айта кететін бір ерекше жәйт, Ақмырзаның ұсынысы бойынша мешіт жанынан арнайы дәріс беретін мектеп, балалар жатып оқитын жатақхана салынған. Мектеп орны Ақмырза мешітінің жанында әлі күнге дейін сақталған. Ақмырза өзіне ғана емес өзгеге болсын дейтін жомарт жан болған деседі. Ол кедей отбасыларына ерекше қамқорлық жасап отырған.
Білімге құштар Ақмырза бар ынта-жігерін ағартушылық жолына арнаған. Қызылқұмдағы ел балаларының арабша, латынша сауатын ашып, көптеген елге белгілі азаматтарды баулып, тәрбиелеген ғұлама ұстаз. Одан білім алған Серғали Толыбеков ҚазПИ-де ректор, Әлқуат Қайнарбаев шежіре жинаушы, Абдолла Сәндібеков Қарақалпақстанда қаржы министрі қызметін атқарған.
Ағартушы ұстаз-Ақмырза
Ол:-Халқым, балаларыңды қашанғы қой соңында салпақтатып қоясыңдар. Білекті бірді жығатын, білімді мыңды жығатын заманға келе жатырмыз. Елін қорғар, оған шамасы келмесе өзін қорғар білім алсын-дағы. Алла тағала иіс алмас надандықты, ұйқылы ояу күн кешуді құрсақ толып, құлқын тойғаннан өзге тоят іздемес қамсыздықты біздің маңдайымызға жазып қоймаған шығар»,-деп тебірене айтып отырады екен.
Ақмырза қазақтың белгілі ағартушылары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариннің жолын қуып, ісін жалғастырушы, өз замандастары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен бірге қоғам алдындағы міндетті айқын түсінген сол заманның озық ойлы тұлғаларының бірі десек артық айтпаған болар едік.
Сонымен бірге, ол дін, ұлт-азаттығы үшін отаршылдық саясатқа қарсы елді бастаған күрескер болды.
Қазақстанда Кеңес өкіметінің  саясатына қарсы наразылық белгілері 1928 жылы біліне бастады. Бұның басты себебі осы жылы Қазақ жерінде жүргізілген тәркілеу және жаппай ұжымдастыру науқаны болатын. Және дінге қарсы қудалаулар мен орынсыз салынған алым-салықтар халықтың наразылығын туғызды. Ол 1929 жылдың күзіне қарай ашық көтерілістерге ұласты. Көтеріліс қазақ жерінің көптеген өңірлерін қамтыды. 1929 жылы 27 қыркүйекте Қостанай округі, Бостандық ауданы мен басқа да жерлерде қарулы көтерілістер өтті. Бірақ, нашар қаруланған көтерілісшілердің бір-бірімен байланысы болмады. Бұл жерде атап айтатын бір жайт, көтеріліске шығу жөнінде ортақ шешім болғанымен, ұйымдастыру, бір орталықтан басқару жағы мүмкін болмады. Сондықтан көтеріліске шыққандарды өкімет әскері әр аймақта, әр уақытта жеке-жеке талқандап отырған. 1930 жылғы көтерілістер Шығыс Қазақстанда, Жетісу аймағында, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда округінде және Маңғыстауда болды. Осы жерде бір назар аударарлық жайт, Ақмырза көтерілісімен қатар ақпан, наурыз, сәуір айларында Қазақстан аумағында бірнеше бас көтерулердің болуы. Атап айтқанда, 1930 жылғы 12 ақпандағы «Созақ көтерілісі»,  1930 жылғы 20 ақпандағы Өскемендегі көтеріліс, 1930 жылғы 20 наурыздағы «Жетіқара» көтерілісі, 1930 жылғы 27 наурыздағы Жетісу өңірі Ақсу ауданындағы көтеріліс, 1930 жылғы 30 сәуірдегі «Қарақұм» көтерілісі.  Сонымен қатар, 1930 жылғы 4 қыркүйектегі Қазалы ауданында өткен «Асан көтерілісі».Ал, «Ақмырза көтерілісі» наурыз айында болды. Қарап тұрсақ осы бас көтерулер арасында бір заңды байланыс бар сияқты. Көтерілістің бәрі талқандалды. Барлық қатысқандар мен қоса маңындағылардың өзі де аяусыз жазаланды. Кемпір-шал, бала-шағаға дейін жапа шекті. Қазақтар үдере көшіп, шекарадан әрі асты.
Ал, енді мақаланың негізгі тақырыбы «Ақмырза көтерілісі» жайлы тоқталар болсақ, жоғарыда айтылған көтерілістердің құрамдас бөлігі Қуаңдария бойындағы Қызылқұм өңірінде болған Ақмырза көтерілісімен бір мезгілде Қазалы ауданында Ақмырзаның туған інісі Тоқмырза да сарбаз жинап көтеріліске дайындалған. Бұл екі көтеріліс өзара байланыста болған. Өйткені, азық дайындап, әскерге етік тіккен адамдар да ортақ болған. Олардың барлығы да көтеріліс талқандалғаннан кейін әрқайсысы он жылдан сотталған. 
Қызылқұм көтерілісінің басшысы Ақмырза ахун барлық қызметін, бүкіл ғұмырын дін жолына арнаған, дінді берік ұстанған адам. Оның маңайына 500-ден аса мерген сарбаз жиналған. Ақмырза сарбаздары мен жазалаушылар арасындасоғысқа жол бермей, бейбіт келісім жасау жолында Кеңес мұғалімі Хамза Жомартов көп күш жұмсағанымен  ол еш нәтиже бермеді. Оның өзі осы көтерілсте қаза болды.
Ақмырза сарбаздары 250 адамдық жақсы қаруланған қызыл әскермен Меңей сайында бірнеше рет бетпе-бет ашық майданға шыққан. Пулеметпен қаруланған Кеңес әскері Ақмырза жасағын көп шығынға ұшыратты. Ақмырза да қару күші тең емес жазалаушылармен одан әрі шайқасудың орынсыз екенін түсініп, шегінуге мәжбүр болады.
Бұл жағдайды түсінген Ақмырза ахун: «Жазалаушылардан жеңілетініме менің зейінім жетті. Дін мен ұлттық мүддені қорғау жолында өлсем арманым жоқ. Аман-сау тұрғанда бас сауғалаңдар»-деп өз сарбаздарына рұқсат береді. Көтеріліс жеңіліс тапты. Ақмырза 1930 жылы 26 наурызда қаза болды. Ақмырзаның өлімі туралы нақты дерек жоқ. Әртүрлі болжамдар айтылады. Біреулер оны сол жерде өлтіріп құдыққа тастады десе,  енді біреулер  оны қызылдар тірілей ұстап Қазалы түрмесіне қамады, одан Қызылордаға ауыстырып сол жақта атылды дейді.
Осындай текті ортадан шыққан, елі үшін қызмет жасаған, діні үшін өзге ұлтқа бас имеген, отаршылдыққа мойынсұнбаған, жаны таза, рухы биік жанның сүйегінің қазір қайда қалғаны белгісіз. Кеңес өкіметі  «Ақмырза» көтерілісіне қатысқандар мен олардың жақындарын, тіпті руластарына дейін тоз-тозын шығарды. Ақыр аяғында ахунның рулас ағайындары Өзбекстанның Тамды ауданына қоныс аударып, алды Ауғаныстан, Иран, Түркияға дейін асып кетті.
Ақмырза ахун соғысты қаламаған. Бірақ дінін, ұлтының азаттығын сақтау  мақсатында қолына қару алған. Кеңес өкіметі кейіннен Ақмырза мешітін бұзып, оны қой қораға айналдырды. Тіпті, ауылдастарына Ақмырза атын атауға тыйым салды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Ақмырза туралы деректер жиналып, есімі ауызға алына бастады. Шашырап кеткен ағайын-туыстары елге оралды. Есімі ұлықталып, Қызылорда қаласынан көше берілді. Қазалы ауданының Ақсуат ауылынан мектеп мұғалімі Мұстай Дүйсенбаевтың ықпалымен «Ақмырза» мешіті салынды.
Ақмырза дүниетанымдық еңбектер мен бірнеше оқулықтар жазған. Оның көптеген еңбектері Кеңес өкіметінің қолына түсіп, барлық жинаған кітаптарымен бірге өртелген. Тек шетелге қашқан ағайындарында «Түрік иман» атты бір ғана кітабы сақталған.
Ақмырза-ағартушы ұстаз. Қол бастаған сардар. Ұлттық намысын биік ұстаған діни қайраткер. Тірісінде өз ұлтының құрметіне бөленген ол өлгенде өзге ұлт саясатының құрбаны болып атаусыз қалды. Ол Қармақшы аймағында қол жинап, Кеңес үкіметіне қарсы шыққан бірден-бір тұлға.ХV ғасырда Керей мен Жәнібек сұлтандар іргесін қалаған Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтау үшін бодандыққа бас имей өткен, азаттық деп жанын қиған есіл ерлердің бірі.
Ақмырза Сыр бойында қасиетті Қармақшы топырағында туып, өмір сүрген, ұлт азаттығы үшін осы топырақта құрбан болған, кейінгі ұрпақ есімін еске сақтап, мақтан тұтарлық ұлы тұлға.

Сақтапберген Қосбаев
06 желтоқсан 2022 ж. 405 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031