Қастерлі ұғым, қымбат қазына
qarmaqshy-tany.kz ТӘУЕЛСІЗДІК – ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖЕМІСІ ДЕУГЕ БОЛАДЫ. СЕБЕБІ, ҚАЗАҚ ЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІК МӘРТЕБЕСІН ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ, ЖЕЛТОҚСАН ЖАУҚАЗЫНДАРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА АЛДЫ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ХХ ҒАСЫРДЫҢ СҮРГІНІН БАСЫНАН КЕШІП, ӨЗІНІҢ ТӨЛТУМА БОЛМЫСЫН, ЖАРҚЫН МӘДЕНИЕТІН, САЛТ-ДӘСТҮРІН, ТЕРЕҢ ТАРИХЫН КҮЛЛІ ӘЛЕМ АЛДЫНА ЖАЙЫП, ЖАҢА ӨМІРГЕ ҚАДАМ БАСТЫ.
Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы болатын. Тәуелсіздік үшін күресте батырларымыз жауға қылыш сермеп, талай қиындықты басынан кешірді. Атап айтсақ, тарихтағы атышулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған жоңғар шапқыншылығы қазақ елін есеңгіретті. Отаршылдыққа қарсы шыққан Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Жанқожалар да қазақ елінің тәуелсіздігін аңсады. Одан кейінгі 1941- 1945 жылдардағы адамзат тарихындағы алапат соғыс та тәуелсіздік үшін күрес болатын.
Ал, 1986 жылы Атырау, Алтай, Сарыарқа, Алатауға дейінгі байтақ жеріміздегі Желтоқсан дауылы үдей түсіп, қазақ елін дүр сілкіндірді. Қарапайым азаматтар тәуелсіздік үшін тері мен қанын төгіп, өмірлерін құрбан етті. Әділдік үшін бой көтерген азаматтарымыздың бастарына қара бұлт төнді. Неге? Не үшін? деген сұрақ қойылса, бұл да тәуелсіздік, дербестік үшін дей аламыз. Иә, Тәуелсіздік оңай келмеді қазақ еліне. Ел намысы үшін құрбандыққа жанын қиған жандардың арқасында қазіргі таңда біз азат елміз. Азаттыққа қол жеткізгеннен бері 30 жыл ішінде қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырды, өзін-өзі таныды.
30 жыл ішінде ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлыларын бүкіл дүниеге таныту, рухани қазынасын кейінгі ұрпаққа ұластыру жұмыстары атқарылып келеді.
Егемендік алған жылдар ішінде әлемге танылған мемлекет құрылды. Еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Қазақ елінің берік іргетасы қаланып, демократиялық жолмен дамуда. Қазақ деген елдің экономикалық жүйесі өзгеріп, нарықтық қатынастар құруға бейімделді. Қазақстан дүниежүзілік экономикада ойып орын алған елге айналды. Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, жүрер жолын айқындады, Ата Заңын қабылдады.
Ата-бабаларымыздың, батырларымыздың ата-ағаларымыздың төгілген ыстық тері мен қанының, ержүректіліктерінің, батылдықтарының, еңбектерінің арқасында азаттық алдық.
Тәуелсіздік Тәңірден келген тәтті сый дегендей, тәуелсіз елдің азаматы болғанымды мақтан етемін. Мен Жанқожа батыр атындағы No269 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Педагогикалық өтілім – 16 жыл. Педагогика саласында қызмет етіп жүрген уақытта қаншама түлек мектеп қабырғасынан жаңа өмірге қадам басты. Әрбір жылғы түлектер өмірлеріне қажетті рухани азық пен адами қасиеттерді бойларына сіңіріп, азамат болып шығуда. Бұлай сеніммен айту себебіміз, әрбір түлектің қызметіндегі абыройы мен отбасылық ынтымағын көре отырып, осы қасиеттерді бойына сіңіріп, өз болашағына үлгілі тәрбие мен қадірлі дағдыларды қалыптастырып жатқандығы көз алдымызда жүріп жатқан дүние. Шәкіртті өз елінің патриоты болуға тәрбиелеуде әрбір іс-шараның берері мол екендігінің айқын дәлелі деп ойлаймын. «Тәуелсіздік құрдастары» тақырыбындағы жүйелі жүргізілетін «Сыр-сұқбат» бағдарламасы, «Тәуелсіздікке тартуым» қайырымдылық акциясы, «Тәуелсіздік қымбат қазынамыз», «Тәуелсіздік Тәңір берген тәтті сый», тақырыптарында өткізілген ашық тәрбиелік шаралар, «Тәуелсіз елдің ұланымыз» тақырыбындағы «Жас Ұлан», «Жас Қыран» жасөспірімдерді ұландар мен қырандар қатарына қабылдау салтанатты жиындар мен «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында өткізілген ақындар айтысын, «Тәуеліздіктің ақ таңы» тақырыбындағы театр жобасы аясында жүргізілген көріністер байқауларын ерекше атап айтар едім. Баланың қабілетіне қарай ұлттық тәрбие мен салт-дәстүр құндылықтарын бойына сіңіргенде, тәуелсіз елдің білімді, өз елін сүйе білетін, адал, сенімді тұлға қалыптастыруға болатындығы белгілі. Болашақ бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Егер жас ұрпақ білімді, тәрбиелі, саналы болса тәуелсіздігіміз мәңгі сақталады.
Тәуелсіздік жарқын болашаққа жол ашты. Осы бақыт үшін баршамыз шүкір дейміз. Себебі, байтақ еліміз Қазақстан дамудың даңғыл жолында. Бабаларымыз арман еткен егемендігімізді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат қылу қазіргі жастардың міндеті. Қазақ елі көркейсін, қазақ халқы көбейсін десек біз, жастар ата-бабаларымыз аманат еткен тәуелсіздігімізді сақтай білуіміз керек.
Жасұлан ТӘЖІБАЕВ,
No269 мектеп директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары