Тұғыры биік нар тұлға
«Сыр елі-жыр елінің» темірқазығы атанған Қармақшы ауданының топырағы күміс, суы алтын, ауасы жұпар демеске лажың жоқ. Себебі, бұл қасиетті өлкеде Түркі әлемінің атасы атанған Қорқыт бабадан бастап Ешнияз сал, Кетенің Жүсібі, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары мен Тұрмағамбет секілді дүлділдер шықты және тектілердің тұғырлы ұрпағы күні бүгінге дейін жалғасып келеді, ол әлі жалғаса да бермек. Өйткені, сол тау тұлғалардың ұрпақтары тектілікті аласартпай, бар саналы ғұмырыментуған елге қызмет етіп келеді.
Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі, қажыр-қайратын қара нардай елге жұмсап, саналы ғұмырын арқа сүйер асқар тау, ел саялар алып бәйтерек, көпшілік шөлін басар мөлдір бұлақтай етіп өткізген Сүлеймен абыздың баласы Болатбек болатын.
Ол ірі денелі, мығым жүрісті, нық сөйлеп, нақ айтатын, жүрегі елім деп соғатын көпшіл, ескі әңгіме мен пәлсапаға бай, кең кеуделі, жанына жан біткенді жақын тартар мейірімді, айтты-кесті шешімді, көрді-білді досшыл, яғни көпшіл еді. Ең бастысы, ол ел бүгіні мен болашағы үшін тұғыр болар ұлы істерді қолға алатын бастамашыл болатын.
«Тұлпардан тұлпар, сұңқардан сұңқар туар» дегендей, туымы артық Болатбектей арда азаматтың шыққан тегі, тартқан түбі осал емес еді. Әкесі Сүлеймен палуан әрі елге сөзі өтімді, жұртқа сыйлы, ел басқарған жан болса, атасы Жайсаң да заманында көреген, атсейістігімен танымал болыпты.
Ал, жігітті жақсы етер нағашысы екі рет қыдыр көрген Жәрімбет әулие еді. Осындай екі алыптың тоғысқан, екі өзеннің қосылғанындай саф әулетте 1938 жылы дүниеге келген Болатбек туып-өскен еліндегі мектепті бітірген соң еңбекпен ерте айналысады. Ол ауылда еңбек ете жүріп, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын және Жоғары партия мектебін бітіреді.
Болатбек Сүлейменұлы өзінің еңбек жолын туған ауылындағы шаруашылықта агрономдықпен жалғастырып, шаруашылық жұмысына өзінің еңбеккерлігімен, іскерлігімен тың серпілістер мен жаңа жобалар әкеліп, қайнаған тіршілікті одан әрі қыздыра түседі. Кейіннен ол аудандық комсомол комитетінде, аудандық бақылау комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарып, абырой биігінен көрінеді.
Іскер басшы 1972-1980 жылдары ауданда ауылшаруашылығы саласын басқарып, осы саланы дамытуға бар күш-жігерін салады, өңіріміздеауылшаруашылығы саласын дамыту мақсатында түрлі тәжірибелер жасап, оларды іске асыруға жұмыстар атқарады. Осындай жасаған озық тәжірибелердің арқасында аудан экономикасы нығайып, ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі өсіп, сапасы артты. Білікті басшының ел алдындағы елеулі еңбегі де ескерілді. Сол уақыттарда аудан Кеңестер Одағының «Алтын кітабына» енгізілді.
Сондай-ақ, Болатбек Сүлейменұлы аудандық партия комитетінің ІІ-хатшысы қызметін атқарғанда да қасиетті Қармақшы халқының әлеуетін, мәдениетін көтеруге күш салды. Тіпті, тыным таппай еңбек етті десе де болады. Әрине, ол сондай еселі еңбектің жемісін де көрді. Сыр өңіріндегісаяси басшылардың қатарынан орын алды.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ауданымыздың І хатшысы қызметін абыройлы атқарған іскер басшы Елеу Көшербаевтың басшылығымен даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 100 жылдығы аталып өтілді. Сонымен қатар, барша түркі халқының абызы Қорқыт ата кешені салынды.
Міне, жаңалыққа жаны құмар, ата-баба дәстүрін санасына құйып өскен Болатбек Сүлейменұлы осы игілікті шаралардың басы-қасында жүріп, жұмыстардың нәтижелі болуына өз үлесін қосты.
Расында да, жасынан Сыр шайырларының жырларымен сусындап, жүрегіне сіңіріп өскен ол сүлейлердің туындыларын құрметтеп, сөз арасында жиі қолданып, осы саланың дамуына баса назар аударды. Бір жерде жыр жырланып жатса іздеп барып, аяғына дейін тыңдап, жырауларды қолдап, қолпаштап отырушы еді. Тіпті, көңілінен шыққанына астындағы атын беруге де дайын болатын. Бүгінде Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырушы есімі дүйім қазақ еліне танылған жырау Алмас Алматов екеуі күш салып жүріп, ауданда бес жыраулар мектебін ашты. Оның қаржыландыруын шаруашылық басшылары қорының есебінен өтелуінің жолын тапты. Жыраулық мектептер Қазақстанда бірінші болып Сыр өңіріндегі атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнердің ғылыми тұрғыда негізделуіне жол ашты десе де болады.
Бұл қазақтың қанына біткен, сүйегіне сіңген, тектілігінің бірі жылқы десе делебесі қозып сала беретін атқұмарлығы мен атсейістігі тағы бар ғой. Міне, біздің Болатбек аға да сол тектілікті бойына сіңіре білген талант иесі еді. Ол сөреде тұрған әрбірсәйгүлікті сынға алып, қаншасын елдің көзінің алдына келтірді, қанша жүйрікті жазбай таныды. Оған дәлел ретінде мысал келтірер болсақ, бірде Болатбек Сүлейменұлы Маңғыстау өңіріндегі құдаларына қонаққа барып, ипподромда өткізіліп жатқан ат бәйгесін тамашалайды емес пе. Сонда бір-бірімен жарыса шауып келе жатқан жүйріктерге қызыға қарап, атойлап, бір отырып, бір тұрып, қолын санына ұрып, қиқуға басып отырған ағамызды сыртынан байқап отырған сол елдің өр мінезді бір ақсақалы ағамыздың кім екенін, қайдан келгенін сұрап біліп, «Ойпырмай, шынымен де сырбойылықтар да жылқы сынын біле ме екен?» деп сынай сөз айтыпты. Артынша Болатбек ағамыз «Көр де тұр, осы ат мәреге бірінші келеді» деген жүйрігі мәреге бірінші болып келгенде, әлгі ақсақал ағамыздың артынан қалмай қуып келіп, манағы айтқан ағаттық сөзіне кешірім сұраған екен.
Болатбектей ұлтжанды азамат, әсіресе қазақтың ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде көкпар, бәйге секілді ат спорттарымен қоса бүкіл әлем халқы сүйіп ойнайтын футбол мен күресті де жанындай жақсы көріп, сол спорт түрлерін өмірінің соңына дейін қызу қолдап өтті. Өйткені, оның туған әкесі Сүлейменге тартып бала күнінен күресіп, белдескендердің талайын қалпақша ұшырып түсіретін болған. Тіпті, десең оны сынамаққа келген мен деген жігіттердің талайының бетін қайтарған нар тұлға палуан болған екен.
Міне, сондай атпал азамат 1988-1994 жылдары аралығында аудандағы «Жаңажол» ұжымшарын басқарып, сол ауылдың экономикасының нығаюына көп еңбек сіңірді. Білікті басшы, әсіресе ауыл орталығын абаттандыруға көп күш салды. Сол жылдары ел экономикасы шатқаяқтап тұрғанда оның басшылығымен ауыл орталығынан заманауи мәдениет үйі мен жабық спорт кешені, сонымен қатар стадион салынды. Осы спорттық кешендердің арқасында облыстық спартакиада және күрес, футбол жарыстары осы ауылда жиі өткізіліп тұрды.
Сондай-ақ, білікті те іскер басшының ерен еңбегінің арқасында көп кешікпей ауыл орталығынан мешіт бой көтерді. Орталық қорым қоршалды, сол жылдары ұжшардағы бірнеше көшелер ретке келтіріліп, талдар егілді. Әруақтарды еске алу мақсатында жылына бір рет сол елдің азаматтарын жер-жерден жинап, ас беру үрдісін ұйымдастырды. Ауылда жаңа көшелер ашылып, отбасын құрған жастарға тегін үй салынды, жақсы оқитын талапты жастарға стипендия төленді. Қорыта айтқанда, ауыл келбеті заманауи талапқа сай дамыды және жастар спортпен шұғылдануға бет бұрды.
«Жаңажол» ұжымшарын басқарған жылдары Болатбек Сүлейменұлы облыстық колхозшылар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, Сыр бойы елінде ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Ел әлеуетінің көтерілуіне, өркениетінің қарыштап өсуіне, халықтың тарығуына жол бермеу мақсатында бар білімі мен тәжірибесін жұмсады.
Алайда, оның бойын көптен дендеген науқастығыағамыздың одан әрі еңбек етуіне кедергі келтірді. Денсаулығына байланыстызейнеткерлікке шықты.
Болатбек Сүлейменұлының туған халқының әл-ауқатын арттыру мақсатындағы елеулі еңбектерін Үкімет жоғары бағалап, оның омырауына «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен бірге «Лениннің туғанына 100 жыл» және басқа да мемлекеттік медальдарын тақты, сонымен қатар Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бірнеше рет аудандық Кеңес, мәслихатқа депутат болып сайланды. «Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер» атағына ие болды
Сондай-ақ, туған халқына еткен ерен еңбектерінің қайтарымы ретінде «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» болды.
Болатбек аға зейнет жасына шықса да үйде отырып қалмай, қоғамның қайнаған тіршілігіне араласып, ағайын мен туыстың ұйытқысы, сол жылдары ауданда өткізілген көптеген іргелі істердің бастамашысы бола білді. Ел басына қандай да бір сынақ түссе желдің өтінде, сыздың үстінде тұрып, қиындықтың барлығына қасқая қарап қарсы алып, қажырлылығымен жеңіп шығып отырды.
Ағамыздың сондай өнегелі істерінің бірі «Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деп дана аталарымыз айтқандай, Майлыөзек ауылына Алдашбай ахунның есімін алуға жұмыстар атқарып, ахун мазарының басына үй там тұрғызып, ел көлемінде ас бергені болашақ ұрпақ үшін тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс еді.
Расында да, ол нағыз алып денелі, жуан дауысты, ауыр мінезді, сөздің ашығын, ойдың турасын айтып, қашанда әділдік пен шындықты жақтап, қара қылды қақ жара билік ететін. Әсіресе, ағаларына, жерлестері мен ағайын-туыстарына көрсеткен көмегі ұшан-теңіз болса да, сол көмектерін ешкімге міндетсінбейтін, көзіне мақтағанды ұнатпайтын салиқалы азамат болды десем өтірік айтпаған болар едім.
Ал, өзгенің өзіне сәл ғана көмегі тисе, оны жүрген жерінде мақтап, абыройын көтеріп, мәртебесін асқақтатып жүретін-ді.
Міне, осылайша бір елдің нары мен қорғанына, мақтанышы мен мәртебесіне айналған тау тұлға аға бір-ақ күнде мына жалған өмірді тастап, мәңгіліктің мекеніне аттанып кете барды. Қармақшылықтарды қайғы құшағына қалдырған бұл сәт 2000 жыл болатын.
Алайда, «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» дегендей, асыл аға, ел құрметтісі атанған арда азаматтың орнында қалып, оңалтып отырған ұл-қыздары бүгінде әке ізін басып келеді. Яғни, өмірлік жары, марқұм Әмида Омарқызы екеуінен тараған ұрпақтары бүгінде оның ісін жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын нығайтуға өздерінің сүбелі үлестерін қосуда еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек етуде. Үлкен ұлы Сыдықбек құрылысшы, ортаншы ұлы Сағатбек судья, кіші ұлы Ғанибек жоғары білімді теміржолшы болса, үлкен қызы Ләззат дәрігер, ал кіші қызы Гүлзат жоғары білімді байланыс саласының маманы.
Иә, «Жақсының аты өлмейді» дегендей, Болатбек Сүлейменұлы өмірден озғаннан кейін 1 жылдан соң оның інісі Рзақұл Нұртаевтың, баласы Сағатбектің, аймақтық «Дәулет» қорының басшысы Жомарт Көшербаевтың бастамашылдығымен және Қармақшы ауданы әкімдігінің, облыстық спорт және туризм басқармасының басшысы Садық Мұстафаевтардың қолдауларымен дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында республикалық ашық жарыс ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жас татами шеберлері қатысты. Әдепкіде бұл жарыс жасөспірімдер арасында өткізілсе, кейіннен ол жастар арасындағы халықаралық дәрежедегі жарыс статусын алды. Бүгінде аталмыш жарысқа тек еліміздің ғана емес, ТМД құрамына кіретін Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің өз салмақ дәрежелері бойынша үздік деп танылған дзюдошылары қатысып келеді.
Аталмыш жарыс биыл 16 рет өзінің жалауын көтергелі отыр. 16 жылдан бері Қармақшы ауданы және Қызылорда облысының халқына тамаша спорттық мереке сыйлап, елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыруға бірден бір септігін тигізіп келе жатқан бұл спорттық шарадан тұсауларын кескен көптеген ұландарымыз бүгінде әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, ел байрағын көптеген әлем елдерінде желбіретті. Әнұранымызды шырқатты.
Міне, осындай жарыстардан бастау алған облысымыздың талантты спортшылары, нақтырақ айтқанда қазақ күресінен Әлем жеңімпазы, самбодан Азия жеңімпазы Бауыржан Райсов, қазақ күресінен Азия чемпиондары Миржан Қуанбаев пен Мұхтар Сейілов, Әділхан Қозыбаев, самбодан жастар арасында Әлем чемпионы Дархан Сержанов, қазақ күресінен жастар арасында Әлем біріншілігінің жеңімпазы Айбек Серікбаев, самбодан Азия чемпионы Мақсат Исағабылов және жасөспірімдер арасында дзюдодан Әлем және олимпиада чемпионы Бауыржан Жауынтаев, әлем чемпионы Мағжан Шамшадин, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Жасұлан Досымов, Алмат Тайбағаров, Қайрат Үсенов, Қайрат Жалғасбаев, Ержан Абдуллаев, Ерлан Жақсыбеков, Еламан Ерғалиев, Ақерке Мырзахметова, Диана Тілеумұратова, Мөлдір Болатбекова, Салтанат Сұлтанбекова, Дамир Әбдеков және басқа да талантты спортшыларымыздың есімдерін біз мақтанышпен айтамыз.
Иә, азамат деген ардақты атақты ту етіп, елінің болашағы үшін тер төге еңбек еткен Болатбек Сүлейменұлындай атпал ағаның рухы қашанда ел жүрегінде сақталады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ