» » » Тектілердің жалғасы Тебеген

Тектілердің жалғасы Тебеген

Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі, сонымен қатар өскелең ұрпақ арасында  ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттау  мақсатында жыл сайын түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Сондай игі істердің бірі де бірегейі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  көрсетілген ұлт құндылығын қастерлеп, ел жадынан ұмыт болып бара  жатқан ұлт ардақтыларының өнегелі өмір жолдары  мен халқымыздың  салт-дәстүрін, ата-кәсібін қайта жаңғыртуда ел-жұртының болашағы үшін тер төге еңбек етіп, өмірден өткен жандарды халық жадында сақтау.
Міне, ел-жұртының болашағы үшін еңбек еткен атпал азаматтардың бірі киелі Қармақшы өңірі халқына танымал болған ел қадірлісі Тебеген Қожаназарұлы.ХІХ ғасыр аяқталар шақта киелі Ақжар өңірінде дүние есігін ашқан Тебеген Қожаназар­ұлының жастық шағы қазақ елінің Ресей пат­шалығының бодандығында болған кезбен тұс­па-тұс өтті.
Десе де, бала­сының жастайынан білімге де­ген құштарлығын құп­таған Қожаназар ақ­сақал Тебегенді алға­шында ауыл молдасына беріп, діни білімге баулыса, кейін келе өзі сияқты орысша біліп, қо­ғамда болып жатқан өзгерістерге жақын жүрсін деп баласының заман талабына сай білім алуына жағдай жасау мақсатында  Қармақ­шы­дағы орыс-түземдік мектебіне береді.
Әке арманын орындау – бала үшін қашанда  міндет.
Міне осы ретте, жас білімпаз Тебеген 19 жасында аталмыш мектепті үздік тәмамдап шық­қан соң Қуаңдария болысында тілмаш, аудармашы, іс жүргізуші сияқты қыз­меттерімен ел өміріне белсене араласып, өңір жастарының заман ағымына сай өмір сүріп, білім алуына аянбай еңбек етеді.
Сыр өңірі ахундарының ұстазы атанған Ораз ахунды пір тұтқан Алдашбай, Әлібай сынды діндарлармен ол тығыз байланыста болып, өзі өскен өлкеде Ислам дінінің кеңінен қа­нат жаюына еңбек сіңіреді. Тіпті, осы өңірде дін мәселесі төңірегінде өткен мәслихаттарға бел­сене араласып, оны жүзеге асыруға жұмыс істейді.
«...Тебеген, Сәден менен Саха, Оспан,
Ел жүгін сүйреп өтті әуел бастан...» деп жыр жампозы Егізбай Мәкібаев жырлағандай, елімізде Кеңестік заман орнағаннан кейін Тебеген Қожаназарұлы  туған халқының жаңа заман талабына сай өмір сүріп, өніп-өсуіне бар саналы өмірін арнап, еңбек етеді. 1935-1938 жылдары Қармақшы ауданы, Қуаңдария болыстық атқару комитетіне қарасты №6 ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген кезінде аудан­дағы отырықшылықты, егін егу мен мал өсіруді дамытуға, ұжымдық еңбек етудегі жаңа дәстүр­дің қалыптасуын ұйымдастыруға елеулі ықпал  жасайды.
 Сондай-ақ, ол өңірде өткізілген  басқа да қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүріп, Қармақшы аудандық ревкомның мүшесі, Қар­мақшы болыстық атқару комитетінің төра­ғасы қызметтерін абыроймен атқарып, ел тұр­мысының өркендеуіне тер төге еңбек сіңір­генін көнекөз қариялар айтып отыратын-ды.
Тебеген Қожаназарұлы қазақ халқының болашағы үшін тынбай еңбек еткен Сыр бойы халқының жанашыры, арда азаматтарының бірі болды.
Бала жасынан Сыр сүлейлерінің  жауһар жырларымен сусындап, ар мен абыройды өзінен биік қойған текті азамат туған елінде жыраулық өнерімен ел алғысына бөленген жыр жампоздарына әрдайым қолдау көрсетіп отырған.  Қазақтың қасиетті қара дом­бырасымен ел-жұртының қамы мен мұңын жырлары арқылы билікке жеткізген жыр дүлдүлдері  Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, даң­ғайыр ақын Тұрмағамбет, жастайынан хал­қы «Бала жырау» деп айдарлап ат қойған Тұрымбет жыраумен жақын қатынаста болып, ел бірлігі жолында еңбек етеді. Тіпті, көнекөз қариялардың айтуынша отызыншы жылдың ортасында ҚазКСР-дың Халық ағарту наркомы Темірбек Жүргеновтың қолдауымен  Тебеген Қожаназар баласы  «Шығыс Иллиадасы» атанған Фердаусидің  «Шаһнамасын» он бір айда қазақ тіліне аударып, ұлт ұрпағына құнды мұра қалдырған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың Алматы қаласына барып, жұмыс істеуіне көмектеседі. Кейіннен оның осы ісіне риза болған қазақ халқының Темірбек Жүргенов,  Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, тағы басқа да зиялы қауымы алғыстарын айтқан екен деседі. Мен бұл сөзді үлкендерден естіген едім.
«Өмір – ол бір күрес» деп дана халқымыз айтқандай, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, елуінші жылдардың басына дейін Кеңестік Үкіметтің солақай саясатының арқасында қазақ халқының талай арда азаматтары халық жауы атанғаны белгілі.  «Арым мен өмірім халқым үшін садақа» деп бар өмірін туған елінің болашағы үшін Кеңестік Үкіметтің содырларымен  күресіп өткен Алаш арыстары Ахмет, Мыржақып, Сәкен мен Ілияс және басқа да көптеген атпал азаматтарымыз ұлт көсемі Сталиннің  солақай саясатының құрбаны болғаны баршаға аян. Біздің өлкеде де сол саясатты қолдап, елге қызмет етіп жүрген азаматтарға жазықсыз жала жауып, түрмеге қамауға жұмыс істегендер де кездесті.
Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекиннің қазақ халқына жүргізген  «Кіші Қазан» шарасының  құрбаны болған Тебеген Қожаназар баласы бір мың тоғыз жүз отыз сегізінші жылы жалған жаламен сотты болып, Ресейдің Новосибирск өлкесіндегі халық жауларына арналған түрмеге айдалып кете барады.
Сол жылдарда елдің бірлігі мен болашағы үшін аянбай еңбек еткен Мәдір Дайрабаев, Тілеу Жұбаев, Әбзәли Егізбаев, Өмірбай Қаражанов, Қожамжар Жүсіпов және басқа да, барлығы 15 азаматпен  бірге жалған жаланың құрбаны болып,  итжеккенге айдалады.
Дегенмен, «Жақсыға жала жұқпайды» дегендей, Ұлы Отан соғысы басталардан бір жыл бұрын, яғни 1940 жылдың желтоқсанында ҚазКСР-дың Жоғарғы сотының шешімімен ол толық ақталады. Өкініштісі осындай қуанышты хабарды естіп, туған елге қайтуға дайындалып жүргенде Тебеген әкеміз сол жақта белгісіз жағдайда, небәрі 49 жасында қайтыс болады.
«Ер есімі – ел есінде» дегендей, Тебеген Қожаназаровтың өнегелі өмір жолы жайлы  марқұм, белгілі қаламгер Мырқы Исаев, ақын, журналист Сақтаған Есмаханов, сонымен бірге еңбек ардагері Жаңаберген Сәденов те әр жылдары мақала жазса, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі қазақ әде­биеті кафедрасының меңгерушісі, ұрпағы Те­мір­хан Тебегенов  «Сырдария кітап­ханасы» се­рия­сымен шыққан «Толғаныс теңізі­нің тол­қындары» кітабында эссе-очерк, тарихи дерек жазды.
Міне, ел үшін, туған жер үшін саналы өмірін сарп етіп, өмірден өткен Тебеген Қо­жаназарұлының туғанына  биыл 118 жыл толып отыр. Осыған орай, елі үшін, туған жері үшін еңбек етіп, жазықсыз жапа шеккен ердің есімін ел жадында мәңгі сақтау мақсатында Жосалы кентінен бір көше берілсе бүгінгі ұрпақтарының өнегелі ісі болар еді.

Нұртілеу Салықов

28 қараша 2022 ж. 472 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 130

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 284

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930