» » » Ән – халықтың жүрегі

Ән – халықтың жүрегі

Р.Бағланова – 100
Қазақ халқының жезтаңдай әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған дара тұлға Роза Бағланованың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген көміс көмей әнші бейнелі сөзбен айтқанда, сұлу жаратылыс иесі болуымен ерекшеленетін. Оның бар саналы ғұмыры шығармашылық еңбегімен халқына қалтқысыз қызмет етуге арналды. Өнер мен сахнаға деген адалдығын, құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Әрбір адамның басында Алла берген тағдыры болады десек, аңыз әншінің де дара жолы болғаны ақиқат. Роза Тәжібайқызының еңбек жолы елден жырақта сонау Өзбек филармониясының мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде басталғаны көпшілікке белгілі болар. Сахнада тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, көңілін тамсанта ән сала жүріп, Мәскеудің талай өнер тарланын қанаттандырып ұшырған  консерваториясына жолдама алады. Алайда сол кезеңде Ұлы Отан соғысы басталып, өнер иелерінен құралған арнайы ансамбльмен бірге майданға аттанып кете барады.
Розаның әкесі Тәжібай бай-қуатты адам болған. Әуелі татар қызы Мәриямға үйленсе, кейіннен анасы екінші рет Ақкүріш есімді қазақ қызын жар етіп алып берген екен. Баласының артында ұрпағы болуы керек деген оймен болса керек-ті. Бір айтарлығы, отбасында екі бірдей әйелі қатар босанып, дүниеге сәбилер әкеледі. Мәриям анадан Ыдырыс атты ұл бала өмір есігін ашса, Ақкүріш анамыздан Роза дүние дидарын ашыпты. Қиын уақыт. Зобалаң кезеңдер. Ел басына күн туған осы бір ауыртпалықты уақыт кімге салмақ салмады, кімге зиянын тигізбеді десеңізші. Осынау аумалы уақытта Тәжібай отбасы Ташкентке көш бұрған. Ата-анасы жайында әншінің өзі "Менің әкем екі әйел алған адам. Менің ұлты неміс тәрбиеші, күтушім болды. Аналарым мен тәрбиешім сол заманның сауатты адамдары, әрі текті әйелдер еді", – деп еске алады.
Екшеп айтарлығы, бұлбұл әншінің әжесі де, шешесі де әнші болған адамдар. Арнайы білімі, мамандығы болмаса да, сол дарынын ұрпағына дарыта білген. Әркез кішкентай Розаға қазақтың халық  әндерін жаттатып, айтқызып отыратын болған.
Өз қатар-құрбысы секілді Роза Тәжібайқызы мектеп бітіріп, 1939 жылы  Қызылордадағы педагогикалық институтына оқуға түседі. Өкінішке орай әкесі аяқ астынан өмірден өтіп, тұрмыстық тірлікке орай Тәшкеннің тоқыма институтына ауысуына тура келеді. Тағдырдың өз соқпақ-сүрлеуі болады дегендей, оның ең бір әдемі де бой жетіп қалған шағы зобалаң, ашаршылық, аласапыран заманмен тап келді. Дегенмен, өнердің алмас қамалы бар ма?! Сыртқы сұлулығы мен ішкі жандүниесі, қайталанбас дауысы өзбек топырағындағы өнер майталмандарын бейжай қалдырмайды. Бұл жөнінде "Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді.  Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры "Ән айтқан кім?" деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті", – деп еске алғаны бар еді.
Сөйтіп, Роза анамыз миллиондаған отандасымыздың өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлердің жанынан табылып, жаңбырша себелеген сұрапыл оқтың астында тұрып талай мәрте концерттік бағдарламасын береді. Осы қарқынмен 1945 жылы 9 мамырда Германияның астанасы – Берлинде Жеңіс концертінде өнер көрсетеді. Бір өкініштісі, ол қай концертінде болсын, Өзбекстан елінің атынан шығып жүрген. Оның есімі сол кезде бүкіл Одаққа тарап, даусының диапазон кереметтігі мен табиғат сыйлаған сұлулығы көптің ауызында жүрген болатын. Мұны ала тақиялы ағайынның елінде жүрген жезтайдай қазақтың әнші қызы туралы Жұбан Молдағалиев те естіп, аңыз әншінің елімізге оралуына тікелей себепкер болады. Онда   Ж.Молдағалиев Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген екен. Қазақ ақынының қолдауы, жанашырлығымен 1949 жылы Роза апамыз елге келеді. Мұнан соң да қазақ әдебиетінің біртуар перзенті Розаға туған әкесіндей болып, қамқорлық көрсеткен. Будапештте ұйымдастырылған ән байқауына қатысуына да ол атсалысқан-ды.  
Өнер әлемінде тасы өрге домалаған қазақтың ерке аруы елуден аса  елде болып, әлемнің отыз тілінде ән шырқаған. Өзінің тамаша даусымен талай сахна төрінде өнер көрсетіп, талайды таңғалдырады. Таңғалдырып қана қоймай, қазақтың атын әлемге паш етеді.
Соның бірі – 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің ІІ конкурсының дипломанты атанса, 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ Бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты болып танылады. КСРО-ның атын бұрынғыдан да асыра түсіп, "Ах, Самара-городок" әнімен бас бәйгені жеңіп алады. Осыдан кейін әншіні Сталин қабылдауына шақырып, құрмет көрсеткен.
Бір сұқбатында бұл қабылдаулар жайында ол: "Үш ретінде де сол бір кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйінде үш ретте де байлық, барлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау болатын. Ол кісі мені ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айтты. "Қыз балаға қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да шашын қос бұрым етiп өрiп қояды, саған жарасқандай олар да сондай ажарлы көрінеді" деп темірдей қатал, жарты әлемді аузына қаратқан құдіретті адамның көзінен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы сағынышын байқадым" деп еске алған-ды сол бір ерекше сәтті.  
Өнерсүйер қауым Роза Бағланованың шетелді көп аралаған әнші екенінен жақсы хабардар деп ойлаймыз. Сол себепті де оған қызыға да, қызғана қараған әріптестері көп болыпты. Ол АҚШ, бүкіл Еуропаны аралап жүріп өнер көрсеткен. 1957 жылы Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бирма, Швеция, Канада, тағы басқа да мемлекеттерде әр салған. Тіпті десеңіз, ағылшынның Елизавета патшайымының алдында да ән шырқап, сирек дауысымен тәнті еткен. Қазақ қызының сахнадағы әншілігімен қатар, ұлттық киімдегі сұлу да жайдары қалпы миллиондаған тыңдарманының жүрегін баураған. Халық әртісінің үстіндегі киімі әркез зор талғам, талаппен тігілетін болған. Және онысы өзіне сондай сән беріп тұратын.
Әншінің тағы бір есте қалған гастрольдік сапарының бірі – Америка елі. "Америка сахнасында 1957 жылы ән айттым. Кеңестер елінен келген әншiлердiң құрметiне дастарқан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп кіріп барғанымда мені көре салып, 100 шақты музыкант "Ах, Самара-городокты" құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып, әндi орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы таң қалып, айрықша ілтипат көрсетті" деген болатын сол сапардан кейінгі бір сөзінде.
Ұлыбританияға барған концерттік жолсапарында ағылшын патшайымының алдында өнер көрсеткенде Елизавета екінші  гастрольдеп барған орыс қыздарын елеусіз қалдырып, біздің Роза Бағланова апамызға қарай тартқан көрінеді. Қасына келгенде: "Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады" деп айтыпты.
Р.Бағланованың еңбек жолына аз-кем тоқталып өтсек. Ол 1947-1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі болса, 1949-1960 жылдар аралығында Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. Ал 1960 жылдан бастап "Қазақконцерттің" әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып абыройлы елге қызмет етті. Танымал әншінің ел арасына көп тараған  әні «Ах, Самара-қалашығы» әні. Оның ән қоржыны әлемдік опера өнері туындылары, түрлі елдің ұлттық, халық әндері, заманауи композиторлардың шығармаларымен байытылған. Ол сол уақыттың құбылысы, ұлттың символы бола білді. А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкин, Д.Шафрандармен сахнада бірге тұрып теңдей өнер көрсетті. Гастрольдік сапарларында Польша, Мажарстан, Австрия, Қытай, Корея, Үндістан, Бирма, Канада, Швеция, Бельгия және тағы басқа елдерде болып, сол мемлекеттердің тілінде ән салумен қатар, қазақтың халық әндерін нәшіне келтіріп тамылжыта орындады.
Роза Бағланованың сұлулығына тамсанбаған адам кемде-кем. Мемлекет қайраткерлерінен бастап, қарапайым кісілерде ол кісінің табиғат берген сұлу жаратылысына тәнті болған.
Дүние жүзіне қазақтың атын танытқан әйгілі әнші жайында көптеген дүние жазылып, таспаланды. Атап айтқанда, «Хабар» телеарнасы ән падишасының шығармашылық және өмір жолына арналған «Бұлбұл» атты биографиялық телесериал түсірсе, 2007 жылы оның «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты өмірбаяндық кітабы оқырманға жол тартты. Мұнан өзге ондаған кітаптар мен көркем суреттер, поэтикалық жинақтар жарық көрді. Оның есімі елге, халыққа адал да абыройлы қызмет еткен әлемдік деңгейдегі әйел-аналардың есімімен бірге аталды. Соның бір дәлелі – ағылшын-америкалық «Кімнің кім екені» атты энциклопедиясына есімінің енгені. «Қазақфильм» киностудиясы  әнші туралы «Біздің Роза» тақырыбында деректі фильм түсірген.
Ән әлемінің падишасы қазақ және әлем өнеріне қосқан орасан зор еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, майдан шебінде концерт бергені үшін "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен, қызметіне берілген және үздік еңбегі үшін екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен мадақталды. Мемлекетке сіңірген айрықша еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атағы берілді.
Сондай-ақ, бүгінде Әйтеке би кентіндегі орталық көше және мәдениет орталығы аты аңызға айналған әншінің есімімен аталады. 2015 жылы  Роза Тәжібайқызының туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш-бюсті ашылды. Өткен жылы ЮНЕСКО-ның қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған Атаулы күндер күнтізбесі қабылданса, сол тізбеге әнші Роза Бағланованың да 100 жылдығы енген болатын. Соған сәйкес, еліміздің түкпір-түкпірінде танымал қазақ әншісінің 100 жылдығын мерекелеу шеңберінде бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Саналы ғұмырын елінің мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне арнаған майталман әншінің әзиз жүрегі тоқсан жасқа қараған шағында, яғни 2011 жылы мәңгіге тоқтады.
Халық Қаһарманының есімі елі барда ешқашан ұмытылмақ емес! 
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
сурет www.gov.kz сайтынан алынды

01 желтоқсан 2022 ж. 294 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930