Ұмытылмас ғасыр анасы
qarmaqshy-tany.kz ҚАЗАҚ САХНАСЫНЫҢ СӘНІ, КҮМІС КӨМЕЙ ӘНШІ РОЗА ТӘЖІБАЙҚЫЗЫ БИЫЛ 100 ЖАСҚА ТОЛЫП ОТЫР. ОСЫҒАН ОРАЙ Т.ІЗТІЛЕУОВ АТЫНДАҒЫ №29 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ "ЖАС ҰЛАН" ҰЙЫМЫНДА «МӘҢГІ ҰМЫТЫЛМАС ТҰЛҒА» ТАҚЫРЫБЫНДА МЕКТЕПШІЛІК ІС-ШАРА ЖОСПАРЫ ЖАСАЛДЫ. СОНЫҢ АЯСЫНДА МЕКТЕПТІҢ КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ АНАР ЖҰМАҒҰЛОВА КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫНДА ОҚУШЫЛАРМЕН «KAҺOOF» ОЙЫНЫН ӨТКІЗДІ.
Онда ол Роза Тәжібайқызының ата-анасын, отбасын таныстырды. Атақты әнші 1922 жылы Қазалы өңірінде туған. Тәжібай есімді азаматтың отбасында дүниеге келген өрімдей қыз бала кезінен-ақ әжесі тігіп берген кәмшат бөрік пен қамқа бешпентін киіп әке-шешесімен бірге тойға баратын болған. Сонда ол халықтың алдында ән айтып, айнала билейді екен. Қазалыдағы мектептің 10 сыныбын бітірген Роза Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтына оқуға түседі. Осы тұста әкесі қайтыс болып, отбасындағы жағдай қиындап кеткендіктен үшінші курсты сырттай оқыған. Сол кездегі Өзбекстан филармониясының директоры, шығыстың Шаляпині атанған Кари Яккубов үйінің жанынан өтіп бара жатып кездейсоқ жас қыздың әсем даусын естіп қалады. Талантты тез тани кететін өзбек мэтрі Розаны бірден филармонияға шақырып, Гаухар Рахимова жетекшілік ететін ансамбльдің құрамына алғызады.
1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп шыққан Роза анамыз өнер жолын Ташкент филармониясының әнби ансамблінде әнші болып бастап, ансамбль қатарында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында да өнер көрсеткен. 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. Үлкен ерлік, керемет талант иесі болған. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған. Роза Бағланованың орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор Мұқан Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», Сыдық Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосының қорында сақтаулы.
Іс-шарада мектеп тәлімгері Бибігүл Айтбақова, сынып жетекшілері «Роза Бағланова кім?» атты викторинаға қатысу үшін 6-11 сынып оқушыларының арасында танымдық тәрбие сағатын өткізді. Дайындалған kaһoof бағдарламасынан Роза опера және эстрада әншісі, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Халық қаһарманы» болғанын таныдық.
Тәрбие сағатында өзін-өзі басқару орталығы әншінің өмірі мен шығармашылығынан бейнеролик көрсетті. Болашақ жас ұрпақтың бойында Қазақ сахнасының сәні, күміс көмей әнші Роза Бағланованың есімі мәңгі ұмытылмайды.
8-10 сынып оқушылары Ғасыр анасы жайында шығарма, эссе жазса, қатысушылар Халық қаһарманының орын дауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдады. 8 сынып оқушысы Гүлсая Жангелді үздік эссе жеңімпазы болып танылса, kaһoof жеңімпаздары – 9 сынып оқушылары Мирамбек Алмабай І орын, Дарын Төребеков ІІ орын, Арай Оңғарқызы ІІІ орынды иеленді.
Анар АЙМАҒАМБЕТҚЫЗЫ,
Тұрмағамбет ауылы