«Роза Бағланова» мюзиклінің премьерасы өтті

«Қазақконцерт» ұйымына қарасты «Astana Musical» мемлекеттік театры көрермендер көптен күткен Роза Бағланова» мюзиклінің премьерасын ұсынды.
Жаңа шығарма Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналады.
Мюзикл қалың көрерменге халықтың сүйікті әншісі Роза Бағланованың ішкі жан дүниесі мен оның қайталанбас өнер әлемін паш етті.
«Роза Бағланова» мюзиклінің режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин мәлімдегендей, жаңа туынды әншінің балалық шағынан бастап соғыс жылдарындағы тағдыры туралы сыр шертеді.
«Мюзиклде Роза Бағланованың ән әлеміне келуі, соғыс жылдарындағы қайсарлығы, өнер жолындағы қиындықтары мен тағдырындағы сын сағаттар көрініс тапқан. Оқиға желісі әншінің 1930-1945 жж. аралығындағы өмірін суреттейді. Сахнада Роза Бағланова орындаған атақты туындылар, арнайы жазылған авторлық туындылар шырқалды», – деп жеткізді режиссер.


Басты рөлді сомдаған әртістің бірі – Зарина Жакенова Роза Бағланованың образын сомдау үшін барынша ізденгенін жеткізді. «Роза Тәжібайқызы – ұлттың үні атанған атақты әнші. Оның образын сомдау – бұл үлкен жауапкершілік. Ол кісінің тұлғалық қасиеттерін, соғыс жылдарындағы қайсарлығын, ән айтудағы өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалың көпшілік өте жақсы біледі. Бүгінгі қойылымда әншінің өмірбаянындағы осы тұстарын біз жаңа қырынан ашуға тырыстық», – деп бөлісті актриса.

«Бұл апамыздың өміріне арналған алғашқы мюзикл. Өмірінің ең қиыны сәттері сахналанды. Ерекше қойылым, қаншама эмоция алдық. «Astana Musical» театрына зор алғысымызды айтамыз», – деп жеткізді әсерін Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар.

Алдағы уақытта «Astana Musical» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклін енді ел өңірлерінде көрсетіп, қалың көпшілікке ұсынбақ.
