» » » Шайырлар арасындағы үндестік

Шайырлар арасындағы үндестік

qarmaqshy-tany.kz Сыр елінде өмір сүріп аты үш жүзге мәлім болған ақын-жырауларымыз ұрпақ тәрбиесінде, инабаттылық, ой-өрістің дамуымен эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған. Сыр сүлейлерінің көбі Қармақшы өңірінде туып-өсіп, айшықты жыр күмбезін жасағаны баршаға мәлім. Соның ішінде тарлан талант, дүлділ ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің орны ерекше.

Сыр сүлейлерінің бұл маңға шоғырланып, жыр күмбезін осы жерден көтеруінің мәні неде? Бәлкім кемеңгер ақын, ән мен күйдің атасы атанған Қорқыт бабаның осы өңірде мәңгілік тыныс табуынан ба екен?!
Халық аузында:
«Жыраудың үлкен пірі – Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы, асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда», – деген жыр жолдары тегін айтылмаса керек. Өнердің ең жоғары түрі – халықтық өнер, ол мыңдаған жыл өтсе де сыны қашпай, саф күмістей сақталып қала беретін ең асыл да қымбат қазына.
Қазақ қауымы Фердоусидің «Шаһнама» дастанын сырттай тыңдап қана қойған жоқ, оны өз көзімен көріп, қолымен ұстап, ана тілінде оқыды. Мәселен, Сердалы ақынның «Шаһнамадан» алып жазған «Хисса Рүстем – Дастан» дейтін кітабы 1888 жылы Қазанда, ал Ораз молданың «Шаһнама» атты аудармасы 1886 жылы Тәшкенде басылып шығады. Көрнекті журналист әрі ақын Мұхамеджан Сералин 1914-1915 жылдары «Шаһнаманың» бір бөлімін қазақ тіліне аударған. Оны «Рүстем және Зораб» деген атпен «Айқап» журналының бірнеше санында жариялады. Ал, кейін 1934 жылы Фердоусидің туғанына мың жыл толуына байланысты көрнекті ақынымыз Тұрмағамбет Ізтілеуов «Шаһнаманы» түгелдей дерлік қазақ тіліне аударып шықты. Оның аудармалары сол жылдары көптеген газет-журналда жарияланып, кітаптарда басылды, оқулықтарға енді. Осы Ізтілеуов аударған «Шаһнаманың» бір бөлімі 1961 жылы «Рүстем – Дастан» деген атпен қазақ тілінде жеке кітап болып шықты. Бұл кітап Азия мен Африка елдері жазушыларының Каирде өткен конференциясында жоғары бағасын алды. «Шаһнаманы» қазақ тіліне аударуға Мәжит Дәулетбаев, Айманкүл Тәжібаева, Қалмахан Әбдіқадыровтар да атсалысқан.
«Шаһнама» – тәжік, парсы әдебиетінің классигі Әбілқасым Фердоусидің 120 мың жолдан тұратын эпопеясы. Көлемі «Иллиада» мен «Одессеядан» 10 есе үлкен. Ол – мифтік, тарихи аңыздардың, шежірелердің және лирикалық толғаулардың аса үлкен жинағы. Фердоуси «Шаһнаманың» 1 нұсқасын 994 жылы, 2 нұсқасын 1010 жылы аяқтаған. Шығарма үш тараудан тұрады: мифтік тарауда Иранның алғашқы он патшасы туралы сөз болса, екінші тарауда батырлардың ерлігін баяндауға орын берілген. Әсіресе Рүстем батырға байланысты дастандар мол. Үшінші тарауы Сасанидтер әулеті шахының тарихын баяндауға ауысып кетеді. «Шаһнама» өз заманының әлеуметтік өзгерістерін, шетел басқыншыларына қарсы күресті, мемлекеттік тәуелсіздікті бейнелейтін, жас ұрпақты халық қамы үшін күреске шақыратын шығарма. Фердоуси талантын Гете, Чернышевский жоғары бағалаған. «Шаһнама» тақырыбына шығыста 400 ақын қалам тартқан. 1934 жылы дүниежүзі бойынша Фердоусидің туғанына 1000 жыл толған мерекесі атап өтілді. Рүстем туралы хикая, дастандар қазақ арасына кең тараған. Т.Ізтілеуұлы 1936 жылы «Шаһнама» дастанын (40 мың жолдай) парсы тілінен аударып шықты. Ол 1961 жылы «Рүстем – Дастан» деген атпен басылды.
Иранның бірнеше мың жылдық жарқын тарихында өз елінің мәртебесін көтерген ұлы тұлғалардың есімдері алтын әріптермен жазылып, төрткүл дүниеге танымал болды. Солардың ішінде Хәкім Әбілқасым Фердоусидің алатын орны ерекше. Ол 935 жылы қазіргі Иранның Хорасан аймағына тиесілі Тус маңайындағы Паж ауылында жер иеленушінің отбасында дүниеге келген. 950-979 жылдары Иранда аңыз әңгімелерді, дастан, хикаяларды тарихи оқиғалармен ұштастырып, бір жүйеге келтіру ісі «Патшалар кітабы» – «Шаһнаманың» жазылуына арқау болды. Бұл жұмысқа Дақиқи және Абу Мансури сияқты ақындар атсалысады. 979 жылы аяқсыз қалған осы «Патшалар кітабын» жазуға Әбілқасым Фердоуси кіріседі. 992 жылы «Шаһнаманың» бірінші бөлімі аяқталуға шақ қалғанда Иранда билік ауысып, Фердоусидің атқарған қажырлы еңбегі өтеусіз қалады. 993 жылы Фердоуси өмірлік еңбегін еселенген қажырлықпен жалғастырады. 997 жылы Хорасандағы билік тізгіні Самани әулетінен Ғазнаның билеушісі Сұлтан Махмұдқа көшеді. 1009 жылы Әбілқасым жасы 70-ке таяғанда «Шаһнаманы» жазып бітірді. Ол көлемі бойынша екі жолдан тұратын 60 мың бәйітке жетіп, ал мазмұны жағынан Иран халқының 4000 жылдық тарихы мен мәдениетін қамтыды. 1010 жылы ұлы ақын 35 жыл бойында жазған еңбегін Сұлтан Махмұдқа тарту етеді. Бірақ кітап биліктің осал тұстарын әшкерелегені үшін Фердоусиге шүйліккен Сұлтан оны елден қашуға мәжбүрлейді. 1020 жылы Фердоуси дүние салды. Арада жылдар өткенде ел арасында «Шаһнаманың» үлкен сүйіспеншілікке ие болғанын көрген Сұлтан Махмұд қателігін түсініп, «Шаһнамаға» және оның ұлы авторына тиісті бағасын берген. Жазылғанына көп ғасыр өтсе де, ирандық ауылдық жердің тұрғындары мен диқандарының кешін бүгінгі күнге дейін Фердоуси шығармалары қыздыра түседі. Рүстемді еске алу жүректеріне үміт отын жағып, Сияуыш пен Исфандияр және Суһрабтың қайғысы олардың жанын ауыртып, көздеріне жас үйіреді. «Шаһнама» – ирандық шежіре, Иран мен ирандықтардың бірнеше ғасырдағы тарихы мен өмір дастаны. Мұнда адамның жаратылғанынан бергі адамзат өркениетінің пайда болуы мен эволюциясы, зұлымдықтың барлық белгісімен үздіксіз соғыс дастанынан бастап, тарихи кезеңдерге, мемлекеттің құрылуы мен ежелгі-соңғы үкіметтің жойылуына дейін қамтылған. Ол – Иран халқы мен мемлекетінің мыңжылдық мұрасының қазынасы, ирандық ақыл-ойдың энциклопедиясы. Бұл асыл шығарманы сақтап, қастерлеу қажет.
«Шаһнаманы» бір адам жазып шыққанын ойласаңыз, Фердоусидің ұлылығы мен талантына еріксіз бас иесіз. «Шаһнамадай» алып туындыны дүниеге әкелу қаншама қажыр пен төзімді, асқан білім мен сөз байлығын қажет етеді. Кітап патшаларға, билеуші тапқа жағымпазданудан шыққан шахтар тарихы ғана емес, бұл алып туындыда аңыз әңгіме де, тарих та, әдебиет те жатқанын ескерген жөн. Осы шығарма арқылы ақын Иран әдебиетіне ғана емес, күллі адамзаттың рухани дүниесіне үлес қосты. Өмір бойы кедейлік қамытын киген ақынның «Дән көтерген құмырсқаға тимеңдерші, алысқаны өмір ғой» деуі тектен-текке айтылмаса керек.
«Шаһнамада» Рүстем батырдың дүниеге келуі мен өмір жолы, ерліктері сипатталады. Дастанды зерттеуші ирандық ғалымдар Рүстем батырдың анасы толғата алмай қиналып жатқанда Самұрық құстың оны ана жатырынан тіліп алуын қазіргі ота жасау тарихының бастамасы деп қарайды. Сондай-ақ ирандықтар пікірінше, Фердоуси шығармасындағы Тұран елі, негізінен, қазіргі Қазақстан жерінде орналасқан. Сол дәуірдің алыбы болған Иранға қарсы тұрған Тұран қазақ елі тарихының түптамыры болуы да мүмкін. Фердоуси жаһанға әйгілі «Шаһнамасында» Иранды әлемге таныта отырып, Тұран жөнінде де құнды деректер келтіреді. Дастан желісі бойынша билеуші Фердоуси өз иелігін үшке бөліп, үш баласына үлестіреді. Кішісі Ирәжға Иранды, үлкен ұлы Тұрға Қытай мен Тұранды, ортаншысына Румды береді. Екі ағасы Иран жерін Ирәждан қызғанып, оны өлтіреді. Ирәж өлгеннен кейін Иран мен Тұран арасында көп ғасырға созылған шайқас туады. Осы тұста елін қорғаушы Рүстем батыр өмірге келеді. Осыдан соң екі ел арасында бітпес шайқастар туындап отырады. Жеті жүз жылға жуық өмір сүрген Рүстем осы жылдар арасындағы Иран батырларының жиынтығы еді. Ал жырдағы Тұран патшасы Афрасиаб – біздіңше Алып Ер Тоңға. Сол замандағы ирандықтармен соғысқан түркілердің ұлы қолбасшысы Алып Ер Тоңға туралы біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырда шыққан сол аттас дастанда:
«Алып Ер Тоңға келеді,
Жүз мың әскер ереді.
Жүз мың жебе кереді,
Жер қайысқан қол еді.
Тәңір сүйіп жаратқан,
Әлемді өзіне қаратқан.
Қаһарын жауға таратқан,
Көк Тәңірінің ұлы еді», – деп Алып Ер Тоңғаның түркі екенін атап көрсетеді.
Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» дастанының негізгі кейіпкері Афрасиаб түркінің батыры Алып Ер Тоңға екені белгілі. Фердоуси өз шығармасында Ер Тоңғаның түркі дастанындағы келбетін көп өзгертпей, сол күйінде сомдаған. Көлемі Гомердің «Одиссеясынан» бірнеше есе үлкен ұлы дастан «Шаһнаманың» шоқтығы биіктігі – онда көне түркінің ерлік дастандарын жақсы өңдеп, келістіре жырлай білуінде болса керек. «Алып Ер Тоңға» дастанының негізгі идеясы – Тұран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ-бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыра түсу.
Жүсіп Баласағұни «Құтадғу білік» дастанында:
«Тәжіктер оны Афрасиаб атаған,
Елдерге ол көп ізгілік жасаған.
Тәжіктер де хатқа мұны түсірген,
Кітапта жоқ болса,
Оны кімдер түсінген», – дей келе Афрасиабтың Алып Ер Тоңға екенін айтады.
Ал Махмұд Қашғари «Дауани луғат ат-түрк» кітабында:
«Алып Ер Тоңға өлді ме?
Жалған дүние қалды ма?
Заман өшін алды ма?
Енді жүрек жарылар», – деп хатқа түсірген.
Ол ажалдан құтылудың жолын іздеп, жер астынан мықты сарай салдырып, ішіне өз күнін, өз айын, өз жұлдыздарын орнатады. Сөйтіп, ғаламның көшірмесін, кішкентай қалыбын қолдан жасайды. «Жерұйық» бейнесін іздеу отқа табынушы зороастристердің қасиетті кітабы «Авестада» осылай жазылады. Кейінірек мифтердің негізінде Фердоуси «Шаһнаманы» құрастырғанда Тұран патшасы Франграсианды «Афрасиаб» деп Қорқыт бабамыз да, Франграсиан да, Афрасиаб та (алып Ер Тоңға) өлімнен қашады делінген.
«Шаһнамада» Тұран өлкесі Арал маңынан бастау алады деп Тұранның қалалары ретінде Саманган, Испиджаб, Таразды айтады. Шығыстың «Гомері» атанып кеткен Фердоусидің «Шаһнамасын» аударып, халық қажетіне ұсынушылар қазақ даласында да көптеп кездеседі. Мәселен, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Ораз молда секілді қазақ ақындары «Шаһнаманы» қазақ тілінде сайратуға атсалысты. Осы үлкен туындыны аударуға бел буудың өзі орасан зор ерлік емес пе?!
Ораз молда мен Т.Ізтілеуұлының «Шаһнамасынан» басқа «Шаһнаманың» қазақша нұсқалары орыс тілі арқылы аударылды. Бұл көпір ирантанушыларды осындай игі шараға жұмылдыру керек екенін ғалымдар сөз етеді. Тіл білетін мамандар күнкөріс қамымен басқа салаға атбасын бұрып кеткен. Қым-қуыт тіршілік рухани құндылықтарды екінші орынға ысырып барады. Бүгінде Фердоуси тілімен айтсақ, бәріміз «Дән көтерген құмырсқаға айналғанбыз». Шыңғыс хан әлемді қылыштың жүзімен жаулағысы келсе, Фердоуси бір ғана көркем туындысымен бас идірді. Ғұламаның тілімен айтқанда «Біздің өміріміз қас-қағым сәт қана. Бірақ әлемде жақсының аты қалады. Халық тек ізгілікті істердің ғана даңқын асқақтатады». Ендеше ізгілікті істер істеуден еш жалықпалық.
«Шаһнамаға» барар жолда бес қаруын бойына іліп сайланған батыр тұлғасындағы Тұрмағамбет басқаға бой алдырмаған қамалды небәрі 10 айда өзінің меншігі етті. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов алғы сөзін жазған алғашқы тарау «Рүстем – Дастан» атымен 1961 жылы жарық көргені мәлім. Көзі тірісінде тер төккен еңбегінің нәтижесін көре алмаған ақын тағдыры ұстазы Әбілқасым Фердоусимен неткен ұқсас еді деп қамығып, бас шайқаған сәтіңде ақынның асқақ та өршіл рухы:
«Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім,
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім», – деп тіл қатады. Ал Фердоуси тілімен айтқанда «Біздің өміріміз қас-қағым сәт қана. Халық тек ізгілікті істердің ғана даңқын асқақтатады».
Иран елінде Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» дастанын әрбір қышлақ сайын жас балалар мен сақалы омырауына түскен қартқа дейін түрлі аспаптарда күні бүгінге дейін жырлайды екен. Бұл да біз үлгі аларлық өнер. Тіпті Иран елінде ұзатылған қызға жасауына «Шаһнама» кітабын қосып беретін көрінеді. Қыз баланың өз елінің тарихын, шыққан тегін ұлықтауды меңзесе керек. Тұрмағамбет ақын көз майын тауысып, өмірінің соңғы кезінде халқына әдеби алып мүсін етіп қалдырған жырын ақынның сүйген еліне жырлап беру бүгінгі жыраулар мен жыршылардың алдында тұрған абыройлы міндет болып табылады.
«Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,
Елінің ерке ұлдарын сүйіп тасып.
Рүстем – Дастанымен Тұрмағамбет,
Барады Фердоусимен иықтасып», – деп ақын Т.Молдағалиев жырласа, академик М.Әуезов «Шаһнама» – Фердоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты», – деп баға береді.
Сөзімізді қорытындылай келе қос жұлдыздың жарқыраған туындысы келер ұрпаққа өшпес өнеге болып қала берері сөзсіз.
Нұрпатшайым ӘДІЛБЕКОВА
29 қазан 2022 ж. 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031