» » » Шежіреге жолы жыр дастан

Шежіреге жолы жыр дастан

Сан ғасырдан бері сақталып, сыны мен сырын жоғалтпай келе жатқан төл өнердің бірі – дәстүрлі жыраулық өнер. Көне дәуірдің асыл мұрасын сақтап, қылау тигізбей келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгінің міндеті. Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде өткен Үбісұлтан Аяповтың туғанына 130 жыл толуына орай аудандық «Шежіре-Дастан» атты шежіре, аңыз, дастан орындаушылардың жыр фестивалі.
    Үбісұлтан Аяпов – жыршы, жырау. Тарих қойнауына сыр тартқан шежіреші, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанын бүгінгіге аманаттап кеткен мирасқор. Қазақ әдебиетшілері мен зерттеушілерінің тақырыбын кеңітіп, сөз нәрін құнарландырған қазыналы қоймасы, Қорқыт бабамыздың қасиетті ғұрпын жалғаған елдің батагөй қариясы болған. Сыр сүлейлерінің асыл жырын тірнектеп жиып, кейінге аманаттаушы ғалымдар оған «Дала академигі» деген есім де берген.
  Кеш шымылдығы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаеваның құттықтау сөзімен ашылып, қатысушы өнерпаздар таныстырылды. Онаң соң Қармақшы ауданының құрметті азаматы Нұртілеу Салықов сөз сөйлеп, өнер иелеріне сәттілік тіледі. Фестивальді белгілі жырау Қуандық Бүрлібаевтың төл перзенті, жырау Амандық Бүрлібаев жүргізді. Алғашқы болып сахнаға Жиенбай, Рүстембек жыраулардың ұрпағы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жырау Бидас Рүстембеков шығып, «Көрғұлы» дастанынан үзінді орындады. Онан соң, жырау Әйгерім Ешбаева Т.Ізтілеуовтің аудармасы «Шаһнама» дастанының кіріспе бөлімін орындаса, атақты Тұрымбет Салқынбайұлының ұрпағы, ақын-сазгер, Жарқынбек Тұрымбетов О.Шораяқұлының «Үш күлше» қиссасын жырлады. Ал жыраулық өнердің ұлағатты ұстазы Балтабай Бедебаев «Шаһнама» дастанының «Жамшидтің Құдайын деп жүзінің қарайғаны» атты бөлімін мәнеріне келтіре орындады. Рухани азық алуға келген көрермен әрбір дастанды ұйып тыңдап, қошемет көрсетті. Үбісұлтан Аяповтың замандасы, Тұрмағамбет ауылының ақыны Әлиакбар Жұматайұлының мағынасы терең «Жүз сауал» дастанын Болат Баймұратов үлкен шеберлікпен орындап шықты. Аталған ақынның «Есуас хан» атты мәнді дастанын тұрмағанбеттік жыршы Алмат Азаматов жоғары деңгейде жырлады.
   Ал Сыр шайыры, тау тұлға Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рауабану» дастанын Қосжан жыраудың ұрпағы Қасарбек Кәрібаев нақышына келтіре орындады. Бұл шараға арнайы келген Ү.Аяпұлының ұрпағы Тұрдыбек Үбісұлтанов Қ.Баймағамбетовтың «Шежіре» шығармасын ерекше мақаммен орындап шықты. Кеш соңында фестивальге қатысушы жыр жампоздары марапатталып, оларға сый-сияпат табысталды. Жыраудың ұрпақтары қатысушыларға, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
23 желтоқсан 2019 ж. 1 454 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031