Жыр жүйрігі

СЫР ӨҢІРІНДЕ ӨМІР СҮРГЕН ЖЫРАУ, ЖЫРШЫ, АҚЫН, КҮЙШІ, ӘНШІ, САЛ-СЕРІЛЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНДЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ҚҰБЫЛЫС. ОСЫНДА ӨМІР СҮРІП, АТЫ ҮШ ЖҮЗГЕ МӘЛІМ БОЛҒАН АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫМЫЗ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ, ИНАБАТТЫЛЫҚ ПЕН ОЙ-ӨРІСІНІҢ ДАМУЫНА, ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМ БИІГІНЕН КӨРІНУІН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАҒАН. АЛ ЖЫР – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ КЕЛЕР ҰРПАҒЫНА ҮЛГІ-ӨНЕГЕ БОЛЫП ЖОЛ САЛҒАН.
Атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өнер – жақсылық пен ізгілікті дәріптеп, жастарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндеп, игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған. Сыр сүлейлерінің біршамасы Қармақшы өңірінде туып, өсіп, айшықты жыр күмбезін жасаған. Көмейінде бұлбұл сайраған, сұлу сазды, алуан мақамды, жезтаңдай жырау, термеші, жыршылардың қалың тобы осы өңірді мекендеген. Осындай көмейінен мың құбылтып сазды әуен төккен жыраулардың бірі – Тасберген Құламанұлы.
Сыр бойында белгілі сүлейлердің бірі емес, бірегейі болған Құламан Дүзелбайұлы, оның ұлы Тасберген жырау жайында өнерсүйер қауым жақсы біледі. Ол 1870-1940 жылдары өмір сүрген. Қармақшы ауданы, Ақтайлақ кезеңде (Қуаңдария болысы), қазіргі Алдашбай ахун ауылында атақты Құламан Дүзелбайұлының отбасында дүниеге келген. Руы – Кете, одан Асан, Қарпық, Текей батыр, Шымырбай аталығынан. Әкесі Құламаннан өнер дарыған Тасберген өнерге, оның ішінде жыраулық өнерге ден қойып, бүкіл өмірін осы өнерге арнаған өнерпаз. Атақты Ешнияз Салдың баласы Жүсіппен қатар жүріп, сол Жүсіптің шығармаларын елге насихаттаған жыраулардың бірі. Сыр бойындағы ақын-жыраулардың терме-толғауларын, қырықтан астам дастан-қиссаларын жатқа айтып, елге танымал болған. Бес-алты күн жырлағанда бір өлеңін, не бір дастанын қайталамаған өнер иесі.
Сыр бойы Қармақшы өңіріндегі жыршы-жыраулардың орындаушылық қасиетін, әрбір мақамның қайырымында тек қана бір деммен қайыруымен бағалаған. Елде мынадай бір көп тараған сөз бар екен.
Бірде Тасберген әбден қызған шағында атақты «Маңыраманың» қайырымын өте ұзақ қайырыпты. Сонда тыңдап отырған ақсақал ағаларының бірі «Ей, Тасберген! Сенің мақамыңды үйреніп жүрген балалар, сенің мына қайырымыңды саламын деп өледі ғой, шамалы жеңілдетіп шырқасайшы» деп арқасынан қамшымен тартып жіберген екен дейді. Ал жыраудың көзін көріп, қасында інісі болып өскен Жарылқасын ақсақал «Жас кезінен бастап өнер қуған Тасберген, өмір сүруді тек қана жыраулықпен бағалап, басқа кәсіп жасамаған, жерден бір тал шөп көтеріп немесе мал бағып күн көрмеген адам еді» дейді. Ақсақалдың сондай әңгімелерінің бірі былай өрбиді.
«1932 жылғы алапат ашаршылықта Қызылқұмның үстімен ел үдере Өзбекстанға ауады. Өліп-талып Үргеніш қаласына жетіп, аштық тұманы сейіліп, кәсібім етікшілік еді, бір күні базарға келсем қайыр сұрап жүрген бір жүзі таныс, бірақ өте жүдеген кісіге көзім түсті. «Құдай-ау, бұл адамды қайдан көрдім?» деп әрлі-берлі қарасам, өзімнің бір ауылда өскен ағам Тасберген екен. Әбден әлсіреген Тәкең мені жыға танымады. Мен атымды айтып, үйге әкеліп, аздап-аздап тамақтандырып, 5-6 күн үйде бағып, есін жиғыздым. Есін жиғызып, домбыра алдырып шамалы көңіл-күйін келтірдім. Көп ұзамай сол қаланың бір ауқатты адамы баласын сүндетке отырғызып үлкен той жасайтын болды. Есебін тауып сол тойға Тасберген жырауды ала бардым. Той жүріп жатыр, сол өздерінің салт-дәстүрімен би биленіп, өлең айтылып жатты. Үйдің иесіне қалт еткенде: «Біздің де сіздің тойға әкелген жырауымыз бар еді, мүмкін болса соны тыңдайсыздар ма?» деп сауал бердім. «Онда қонақ кәде айтқызайық» деп қызық көрген үй иесі мен ағайындары біз жаққа мойын бұрды. Дайындап әкелген, бабына келіп, арқасы қозып отырған Тәкең сол айтқаннан ертеңгі сәскеге дейін айтты. Бір сөзін қайталамайды. Риза болған тойға келушілер селт етпей тыңдап, үй иесі Тасберген жырауға сый-сыяпатын жасап қайтарды. Содан кейін сол қаладағы ойын-сауық, той-томалақта Тәкең жыр жырлап қатарға қосылды. Кейін ашаршылық аяқталғасын елге келіп араластық. 1940 жылы менің ұлым Елубай дүниеге келгенде арнайы алдырып, Тәкеңді отбасымда жырлаттым. Бұл 1940 жылдың 22 сәуірі еді. Сол жылдың, яғни 1940 жылдың күзінде 70 жасында дүние салды, өзім қолдан жерледім» дейді Киікші-Кете Жарылқасын ақсақал әңгімесінде.
Сыр бойында кең тараған «Қыз-Жібек», «Айман-Шолпан», «Шәкір-Шәкірат», «Жүсіп-Зылиха», «Шакизада», «Мұңсыз хан», «Көрұғлы, һақ Сүлеймен», «Сүлейменнің патша болуы», «Мағауия», «Сұр мерген», «Үш күлше», Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Ханафия» дастандары Тасберген жыраудың репертуарынан орын алған дастандар. Әкесінен қалған жыраулық өнерді өзінің үлкен ұлы Нұрмаханға үйреткен. Нұрекең осы өнерді өзіне серік етті. Оның баласы Қалабай да ата дәстүрін жалғастырған өнер иесі.
Тарихи деректерге сүйенсек, Тасбергеннің бірінші әйелінен Нұрмахан, Әлима, Набира, Ақтұлым атты балалары дүниеге келген. Екінші әйелінен Сағат атты ұлы болған. Осы балаларының ішінде әке жолын қуып, ата жолымен жыраулық өнерді өзіне өмірлік серік еткен 1898 жылы дүниеге келген Нұрмахан еді. Кезінде көңілі жақын болып, бір өнердің ізінде болған атақты Ешнияз Салдың баласы Кете Жүсіп өзінің ағайыны Аманның қызы Болғанды Тасбергенге қосып, бөлек үй етіп шығарады. Кейін Тасбергеннен туған Нұрмаханға өзінің Рсалды атты қызын айттырып қосады. Бұл сол кездегі Жүсіптің өнерпаз Тасбергенге деген ықыласы болғанын көрсетеді. «Тасбергеннің өз алдына түтін түтетіп, үй болуына Кете Жүсіптің қамқорлығы көп еді» дейді ел ақсақалдары.
Ұлы Нұрмахан жыраудың көпшілікке белгілі ерекше шығармасы бар екен. Ол өз әкесі Тасбергеннен үйренген Сыр бойына белгілі Сайыпназар Өтенұлының «Мұхамед-Ханафия» атты ұзақ дастаны еді. Кеңес Одағының кезінде тыйым салынған жасырын шақырып діни дастанды тыңдайтындар сол кездің өзінде көп болған. Сол шығарманы Сыр сүлейлерінің таза мақамымен, әкесі Тасбергеннің маңырамасымен орындағанын көріп, дүйім жұрт қатты таңғалды деседі. Әкеден балаға берілген алтын қасиет деген осы емес пе? Тасберген жыраудың әкесі Құламан да халыққа ғибрат, өнеге білдіріп, адамгершілікті, әділдікті үндейтін ұзақ дастан, толғауларды іркілмей толқындата төгетін, үлпілдек желдей жағымды әуезді термеші болған екен. Тасберген «Айман-Шолпан», «Жүсіп-Зылиқа», «Шәкір-Шәкірат», «Көроғлы», «Һақ-Сүлеймен», «Мағауия», «Үш күлше», «Сұрмерген» дастандарын жатқа орындаған.
«Тасбергеннің маңырамасы» деген де мақам бар. Ол мақаммен айта алатындар ілеуде біреу деседі көпшілік.
1926 жылы Ақтайлақ деген жерде Кете Шонай деген кісінің асы өтіпті. Осы аста таңды таңға ұратын жыраулар сынға түсіпті. Қырық жырау қатысқан жыр бәйгесіне үш жүз жылқы тігіліпті. Бір айтылған жырды не қисса, термені қайтадан қайталамау жыраулық сайыстың басты шарты екен. Мұндай сынға қас жүйрік болмаса, кім шыдасын. Ақырында бәйге аттары секілді көп бәсекелестің легі сетінеп, үшінші күн дегенде Жиенбай мен Тасберген ғана қалған. Тыңдаушы жұрт екі жыршының біріне қарай ойысқанда Тасберген жырау «жолымды бердім» деп, орнынан тұрады. Сөйтіп, Жиенбай жеңіп, үш жүз жылқының жартысынан көбін «төрдегілерге», «есіктегілерге» деп таратып береді. Қалғанын «Жиекеңнен сыбаға аламыз» деп алдынан шыққан жолшыбай жұртқа үлестіріп, өзінің алдында үш жүзден оншақты ғана жылқы қалған екен.
Жыраулық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Оның саф алтындай мінсіз сұлулығын сақтауға әрбір жан жанашырлық білдіруі парыз. Осындай киелі өнерді кең көлемде өрістету, жас таланттарға қолдау көрсету кезек күттірмес мәселе болу керек. Сыр сүлейлерінің жыр күмбезін тұлғаландырып, жарқырата түсу бүгінгі және келер ұрпақ еншісінде.
Бүгінде аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде «Тасберген жырау» үйірмесі бар. Мұнда қаншама шәкірт тәрбиеленіп, жыршылық өнерді дәріптеп жүр. Анаубір жылдары «Жыршылық өнердің өрімдей жақұты» болып танылған Арай Оңғарқызы осы Тасберген жыраудың ұрпағы. Ол «Көроғлу» дастанынан бастап, 20-дан аса жыр-толғауды жатқа айтатын балауса қыз 6 жасынан бастап үлкен саханаларға шығып көпке танылған. Осыдан екі жыл бұрын Сыр сүлейі, жырау Тасберген Құламанұлының 150 жылдығына арналған «Жыр жүйрігі – Тасберген жырау» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Жоғары деңгейде өткен фестивальда кіл мықтылар бақ сынап, жыраулық өнердің өміршең екенін тағы бір дәлелдей түскен еді. Әр жылдары Тасберген жырауға арналған іс-шаралар легі тоқтамай, ұйымдастырылып тұрады.
Иә, шашасына шаң жұқтырмайтын, арғымақтай жалпақ елге әйгілі болған Сыр елінің жыраулары терең ойға, астарлы сырға тұнған тіні мықты матадай тозбайтын көркем жырлар жазып қалдырған. Оның өмірдің қатпар-қатпар алуан қырларын шынайы күйінде суреттеген толғауларын қазіргі жыршы, жыраулар үнемі орындап келеді.
Айнұр ӘЛИ

17 тамыз 2022 ж. 769 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031