Жырдың жампоз жүйрігі
Өнер – мәңгілік. Тарихты жасаушы. Сан ғасырлық шежіре мен тағылым да осы өнердің өн бойында тұнып тұр. Оның ішінде бүкіл халықтың арман-мақсаты тоғысқан, салт-дәстүрі болып қалқып шыққан жыраулық өнердің алатын орнын өзгемен салыстыруға келмейді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қасиетті өнердің бүгінде жыр күмбезін тіккен, жыраулар Отаны атанған Тұрмағамбет ауылында жыршы-жыраулардың тізбегі жалғасын табуда. Жексенбі күні аудан әкімінің қолдауымен Сыр сүлейлерінің заңды жалғастырушылары Тасберген Құламанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған облыстық фестивалінде өнер көрсетіп, жыр шашуын жасады.
«Жырдың жампоз жүйрігі» тақырыбында өткен аймақ деңгейіндегі іс- шараға Қызылорда қаласы, Жосалы кенті, өзге де елді мекендерден қонақтар қатысып, рухани кештің куәсі болса, өнер додасын елімізге белгілі жырау Берік Саймағанбетов жүргізді.
Жыршы-жыраулар фестивалін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Дауылбайұлы ашып, Тасберген жыраудың өмір жолына тоқталды. Іс-шараға қатысушы барлық өнер дарындарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ салтанатта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ардагерлер Орынбасар Сариев, Молдабек Ахметов, Қаршыға Есдәулетов, жыраудың немересі Қалабай Нұрмаханов, Бітімбек Пазлиевтер сөз сөйлеп, өнегесі мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
«... Әлібек пенен Тасберген,
Қатарынан тым жүйрік.
Жүлде алмай қалған жері жоқ,
Айтылып жүрген бұл жүйрік» деп ақын Әлиакбар Жұматаев жырлағандай, киелі мекенде жапырағын жайып, жыр арнасында өзіндік ізін қалдырған Тасберген Құламанұлы жыр өнеріне жастайынан қанығып, мақам-саз шеберлігін қалыптастырған жыр жүйрігі. Тарихта «Тасбергеннің маңырамасы» деген атпен танылған мақам-сазы Сыр өңіріндегі қазіргі жыршы-жыраулардың шабытына шабыт қосып, жігерлендіріп жүрген жайы бар.
Фестивальде Тасберген жыраудың және Сыр сүлейлерінің шығармашылығынан танымал жыршы-жырауларымыз Қасарбек Кәрібаев, Амандық Бүрлібаев, Дінислам Тоқсанбаев, Балтабай Бедебаев, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов, Динар Рахман, Алмат Азаматов, Әлішер Мырзағалиев, Ақсұңқар Бүркітбай және Арай Оңғарқызы өнер көрсетіп, қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Фестивальдің қорытындысында аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов жыршы-жырауларға құрмет көрсетіп, аудан әкімінің алғысы мен сый-сияпатын тапсырды. Фестиваль барысында «Тұрмағамбет» ЖШС демеушілігімен жыраудың рухына арналып ас берілсе, жиналған көпшілік жыраудың жаңа кесенесіне тәу етіп, басында Құран бағышталды.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей, үлкен додалы іс-шараға демеушілік жасап, ақсақалдардың ақ батасын алған "Тұрмағамбет" ЖШС ұжымы мен оның төрағасы Нұржан Айдарбекұлына алыс-жақыннан келген ағайын алғыстарын жаудырып, кәсіптеріне береке тілеп жатты.
Елдің басын қосқан жырау атамыздың облыстық жыр додасы жоғары деңгейде аталып өтілді. Иә жыршылық өнер – мәңгілік. Тасберген жырау мектебі де шәкірттері барда өнер мұрасын биік ұстап, жыраулық дәстүрді дамыта бермек.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет)
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет)