» » » Парасатты басшы, іскер азамат еді

Парасатты басшы, іскер азамат еді

«Жақсы, ұлағатты адамдар үлкейгенде көкірегі толған хат болар» дегенді көзімізбен көріп өскен ұрпақпыз. Уақыт деген құдірет жасыңды жетпістен асырып, сексеннің сеңгіріне аяқ баса бастаған кезде бүкіл өткен өмір жолың екіге бөлінгендей болып, өткен күндер көбейіп, өтетін күндер азайып бара жатқандай болып, осы кезеңге дейін өткен өміріңді, оның кейбір естелігін елжірей есіңе түсіресің. Өткен ғасырдың 1970-жылдары Н.Гоголь атындағы жоғары оқу орнын бітіріп, өзім бітірген No29-шы (Ленин совхозы) қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы сол кездегі мектеп директоры Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Қоңырбай Мүсіркегенов ағайдың алдына келдім. Ол кісі мектепте менің мамандығым бойынша сабақ жүктемесі бойынша орын жоқ екенін айтқан еді. Мен не істерімді білмей марқұм шешеме болған жағдайды айттым. Шешем Қази Қаратай ағайдың туған жиен апасы болып келетін. Сол кісі аудан орталығында болатын жиналыстарға келетін күнін пайдаланып жолығуды тапсырды. Әрі қарай солай болды да. Мен Қарекеңмен кездесіп, шешемнің тапсырмасын айттым. Ол менің осы арада күтуімді, жиналысқа сол кездегі білімді де сауатты, әділ басшы Мешітбаев Тұрсынның келетінін айтты. Айтып ауыз жиғанша «Ассалаумағалейкум» деп Тұрсын ағамыз Қарекеңе сәлемдесті. Амандық-саулықтан соң Қарекең: «Әй, Тұрсын, сенде жас кезіңде көп қиындық көрдің. Сол уақыттарда сенің де маңдайыңнан бір ағаларың сипаған шығар. Мына бала жиен апамның баласы еді осы баланы да маңдайынан бір жылы алақаныңмен сипап жібер» деп өтінішін жеткізді.
Тұрсын аға Қарекеңнің тапсырмасын ала салысымен мені күнде көріп жүргендей жақын тарта «екі сағаттан кейін жұмысқа барамын, сол жерде күт» деп еді, жарықтық. Көп уақыт жібермей-ақ Тұрсекең жұмыс кабинетіне кіріп, бірден есік алдында отырған хатшы қыз мені және сол жерден мектеп директоры Қоңырбай Мүсіркегенов ағамызды қоса шақырып, мен орын іздеп отырған No29 мектепке пионер вожатый штаты бойынша жұмысқа қолыма бұйрық алғанымдағы қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Сондағы шешеме қуанып келгенімді қалай ұмытайын. Халықтың Қаратайы атанған атпал ағамыз талай игі бастаманың басқару тізгінін ұстағандар арасындағы ынтымақтастықтың тоғашысы болған еді.
Жаратылысынан ұстамды, білімді, кісілігі мол адам қашанда әдемі қартаяды. Неге десеңіз, сол өзінің бойына біткен жақсы қасиеттері өмір тәжірибесімен молыға түсіп, айналасына ақыл парасатымен құрметке бөленіп, ұлағатты жанға айналады. Жасы келсе де ақылы зерек сұңғыла ағамен әңгімелескеннің өзі бір ғанибет. Ол ағаның аузынан талай аталы сөздің ауқымын естуге, үйренуге болады. Сондай ағалардың көкірегі де ақ пейілі мен ағалық мейірімге толы, қанша таңдансаңыз да көңіліңіздің түбінде айта берсе екен деген сезім ұялайды.
Ондай жандарды қаншама жыл өтсе де көз көргендер, жұмыстас, пікірлес болған кісілері жақсы сөзбен еске алып отырады. Мынау сол кісінің жақсылығымен, шарапатымен жасалған істер деп халықтың өзі сүйсініп үнемі есіне алып отырады. Елге еңбегін сіңіріп, артына өшпес өнеге, аталы сөз, ұрпақ келешегіне баталы іс қалдырып кеткен адамдардың қашан да жөні бөлек. Олардың атын жаңғыртып отыру – атқарған жұмыстарын кейінгіге үлгі етіп көрсету, «болмасаң да ұқсап бақ» деп, жер басып жүрген тірілердің мойнындағы парызы. Олай болса сағынатын, аңсап жүретін бір ағалар болады, арқа тұтасың, қарадай көргің келіп тұрады. Мына жалтақ-жалтақ дүние соған душар етеді, кісінің жалғызсырайтын сәті аз емес. Сондайда өзіне тірек бола алатын серік, жаныңа жақын жан іздейсің. Маған өмір оқулығындай болған аға-інілерім көп, әрқайсысы бір-бір биік, бір-бір дария. Асқар шыңына қолың жетпейді, тереңіне бойлай алмайсың.
Байтақ қазақ тарихын тұлғалар құрайтыны жасырын емес. Тарихқа көз жүгіртсек әр елге патша болғандай тұлғалы, дана, текті ағалардың ел басқарып, халықтың құрметіне бөленіп, өзі ортамызда болмағанымен күнде бірге болғандай рухының бізбен, халықпен, елмен бірге жүргенін айтып жеткізе алмаймыз. Сондай бір бағалаудың қадірі қашқан бүгінгі заманда осындай елдің жүрегінде тұлғаға айналған еңбегі ерен, ортамызда жоқ, аты аңызға айналып, күнде айтылып жүретін тұлғалы азамат атанған ағаларды есте қалдыру жағын төмендетіп алғанымыз жасырын емес.
Сондай ғұмыры бар дара тұлға ағамыздың бірегейі – Қаратай Қуаңбаев десек бүкіл оқырман мені қуаттайтынын жақсы сеземін. Себебі Қарекеңнің өмірден өткеніне біраз уақыт болғанымен, ол кісінің айтқан ой-пікірлері, сөйлеген сөздері, атқарған жұмыстары халықтың, жұртшылықтың ойында. Сондықтан да алтын жанды аға болып қалғанын мақтаныш сезіммен айтамыз. Ардақты ағаны үлкен басшы ретінде танытатын биігі – 1964 жылы құрылған «Жаңақала» кеңшарының директоры болуы. Аптап ыстығы ұшқан құстың қанатын қарып түсіретін, қыстағы суығы мен бораны жүгірген аңның адымын аштырмайтын, тым қатал табиғаты бар кең даланың бауырына жаңа кеңшар орнату, халықты қоныстандыру, олардың тіршілігіне қажетті жағдайларды жасау, сұраныстарын қанағаттандыру, көшіп келгендерді үймен, малмен қамтамасыз ету, олардың тілектерін орындау – қаншалықты күрделі екенін сезе беріңіз.
Ол кезде мал бағуға, әсіресе қой бағуға ел онша ықыласты емес еді. Қарекең «Жаңақала» кеңшарына елді көшіріп алып бару үшін тынбай жұмыс жасап, тер төгіп, еңбек етті. Жекелеген кісілермен, жастармен, олардың ата-аналары, туған-туысқандарымен жеке сөйлесудің қажеттілігі туындап, қыруар шаруалар жасалғаны ол кезді білетін кісілердің есінде болар деп ойлаймын.
Өзіне де, сөзіне де шаң түгілі, тозаң қонбайтын ақ сөйлеп ашық айтатын, сыртқы сәніне ішкі адами мәдениеті келіскен қоғамдық формациялар ауысқанымен адалдықпен, халықпен, елмен бірге болған басшыға берілетін баға өзгеріске түсетін тұстарда да тот баспайтын алтынның сынығындай жылдар жылжыған сайын жарқырай түсетін тұлға болып танылған есімі ел есінде сақталған қарапайым еңбек адамдарының қасында, жанында болған туысы емес, турасын іздеп, арзанға алданбай, болмашыға малданбай, ақиқатқа жүгініп өткен, бүкіл саналы ғұмырын елге, халыққа, Отанына, туған жеріне адал қызмет жасауға жұмсап, бар өзінің жастық жалынын, күш-қайратын, жігерін осы мақсатқа сарп еткен туған елі, халқы қоғам қайраткері деп бағалаған Қаратай Қуаңбаев ағамыз жөнінде ол кісі тәрбиелеген шәкірттерін, бірге жұмыс атқарған азаматтарын соңынан ерген інілері мен алдыңғы толқын мақтан тұтар тұлғалы ағалары замана жүгін бірге көтеріп текті аға Қаракеңе тілектес болып береке бастауында «Қызылқұмды» бірге игергендер жөнінде қарапайым ғана естеліктер жинағын жазып жарыққа шығару көптен бері көкейімде болып, сол Қаракеңнің алдындағы інілік парызымды өтесем деп көп ойланып жүруші едім. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының басында шөл далаға айналған жерде атқылаған мөлдір бұлақтары сол бұлақтар басы жасыл желекке айналып, сол жерлерде қызу еңбектің дүбірлі додасы қызып, барша халық назарын өзіне жалт қаратқан Қарекең өзі қазығын қағып түлеткен «Жаңақала» кеңшары алтын кезеңіне көтеріліп, яғни кеңшар болып 1964 жылы отау тіккен-ді. «Жаңақала» халқы, елі үшін ақ түйенің қарны жарылған күндер болғанын сағынышты сезіммен бүгінде көз алдыма елестетемін.
Ауыл болып өз алдына шаңырақ көтеріп кете қою оңай шаруа болмағаны белгілі. Оның керегесін жайып, уығын шаншуы үшін адам аяғы баспаған Қызылқұм өңірінде мал фермаларының орталықтарын құрып, белгілеп оны жаңадан салу жұмыстары жүргізіліп, ферма орталықтары мен мал жайылымдық жерлерінің сызбалары жасалып, заңдастырылып, қаншама құрылыс салынып, мал жайылымдарында арнаулы скважиналар қазылып, электр жарығы жанып, үйлер салынып, мектеп, амбулаториялық пункт, кітапханалар шежірелі қой фермасы орталығына облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта орналасса да электр жарығы осы ауылда. Бірінің үстіне бірі қат-қабат қатталып жатқан шаруаның бәрін соғылған серіппедей шағын уақыт ішінде атқару оңай бола қоймағаны шындық. Міне, осы аласапыран қым-қуыт шаруаның тізгіні негізінен қадірменді ағамыз Қаратай Қуаңбаевтың қолында болғаны сөзсіз. Іс тетігі кадрда ғой. Бұрын кілең әр шаруашылықтан шеттетілген, шет қақпай болып жүрген жергілікті тұрғындар арасынан сол кісінің қолдауымен қаншама жаңа тұрпаттағы жас кадр өсіп шықты десеңізші. Осы кадр мәселесіне орай бір айта кететіні сол жылдары тек сол ауылдың өзінде талай жас кадрлардың тұсауының кесілгенінің куәсі болдым. Кейін ол азаматтардың дені аудан, облыс, республика деңгейіне дейін көтеріліп, қызмет еткенін көзіміз көрді. Сөйтіп, осы өзім арасында болып, көзіммен көрген шағын естелік жинақты Қаратай ағайыма әдейі арнап жазудың сәті түсті.
Қарекең – өте сауатты, қолжазбасының өзі тасқа басылғандай әдемі, орыс-қазақ тілдерінде бірдей жазатын, сөйлейтін еді. Ол кісі сөзге шешен болатын. Қарекең үлкен жиындардағы мінбеге шыққанда залда қатаң тыныштық орнайтын, жиналған халық ол кісінің сөзін үлкен түсіністікпен, ықыласпен тыңдайтын.
Қадірлі ағамыздың кадр тәрбиелеу жұмысындағы өрелі істерін, атқарған жұмыстарын айту кейінгі ұрпақтың міндеті деп есептеймін. Қарекең ілгергі жылдары «Ақжар» МТС-да партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істейді. Сол кезде ірілендірілген МТС, ауданның барлық майда шаруашылықтарының егінін егіп, жинауға өз техникаларымен көмек жасайтын уақыт. Міне, сол кезеңде Қазақтың Маресьеві атанған механизатор, Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтің өсіп шығуына, оның Ер атануына бірден-бір себепші болып, басы-қасында Қарекеңнің болғанын бұл күндегі қауымның бірі біліп, бірі білмеуі әбден мүмкін. Сол кездің өзінде Социалистік Еңбек Ері, «Қазақтың Маресьеві» атанған майталман механизатор Қасымтай Ізтілеуов жайлы басты кейіпкер ретінде ішінде Қаратай ағамыз да бар киножурнал шыққанын да жұрттың бірі біліп, бірі білмеуі мүмкін. Оның бер жағында 1964 жылы «Жаңақала» өз алдына шаңырақ көтеріп құрылған кезеңде Қарекеңнің қолдауымен жас шопан Әділбек Хайруллаев жетістікке жетіп, 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды.
Қарекеңнің келешекке деген көреген болжамшылдығын осы екі Еңбек Ерінің қосарланып, бір кісінің тәрбиесі мен еңбегінен елге белгілі болуы тектен-тек болмаса керек. Қызылорданың ауыр жағдайында суы аз, жайылымы жұтаң, шөбі тез қурап кететін, жауыны сирек, жері шөлейт ауданда осындай қажырлы еңбегімен халықтың құрметіне бөленген «Халқының Қаратайы» атанған кісінің жасаған жұмыстарын кейінгі ұрпақ білуге тиіс.
«Жаңақала», «Қуаңдария» ауылдарының мал жайылымдары орналасқан жерлері жыл он екі ай бойы аңқасы кеуіп шөлдейтін де тұратын шөлейтті аймақ екені бесенеден белгілі. Ауыз су да, мал суаратын су да тапшы барлығы жер астынан скважина арқылы шығарылып пайдаланылады. Ол алғашқы кезеңдерде барлық мал жайылымдарында бірдей болған жоқ, жетімсіз болды. Сондықтан жаңадан ауылда шалғай жатқан мал жайылымдарына жаңадан су скважиналары қазылып, көне су скважиналары тазартылып, кейбіріне «Зид» моторларын, тағы да басқа су тартатын арнаулы қондырғыларды пайдаланудың қажет кезеңдері болды. Қиян шеттегі малшыларға арнайы су алып баратын су таситын арнаулы машиналар сатып алынып жасақталды. Ал бұлардың барлығы айтуға ғана оңай, жеңіл. Ал бұл жұмыстарды шындығына келгенде атқару үшін қаншама күш-жігер, маңдай тер, ұйымдастырушылық қабілет, біліктілікті талап етті десеңізші. Міне, осы жұмыстардың барлығын қара нардай қайыспай көтеріп, абыроймен атқарып шығуда Қаратай ағамыз ерен еңбек етті.
Қарекең дала академигі болған кісі, ол кісінің қолынан, қолдауынан қаншама ауыл шаруашылығының майталман басшылары тәрбиеленіп шыққаны өмірдің шындығына айналып, елдің қуанышы болды. Адам бір жылын ойласа дән себеді, бар ғұмырын ойласа ағаш отырғызады. Ал, ғасырлық болашағын ойласа ұрпақ тәрбиелейді деген ғой данышпан ата бабамыз. Әкенің шуақты мейірімімен ертерек есейген Қарекең өзгені қадірлей білетін, өзгені кешіре қарайтын, өзгені жақын тартып өзіндей көретін. Кеңшарда ферма меңгерушісі, бас зоотехник болып көп жыл еңбек еткен жаны жайсаң азамат Рүстем Ахметов Қарекең басқарған елде директор болса, сол ауылда бас мал дәрігері болып істеген Құсынадин Смағұлов көрші «Қуаңдарияның» директоры болып жемісті еңбек жасады. Екеуі де ұстазы Қарекеңнің атына кір келтірмей, ел басқарудың тамаша үлгісін көрсетті. Қарекеңнің тәрбиесінен шыққан көптеген азамат аудан, облыс, республика көлемінде белгілі жұмыстар атқарып жүргеніне сол кезеңді білетін кісілер куә болар. Сол жылдары ағамыздың елдің көзіне ерекше түскен адами қасиеттерінің бірі, дүниетанымының молдығы, рухани құндылықтарға сергектігі соңынан ерген інілерінің елмен, халықпен қарым-қатынастағы іскерліктерін, олардың қарым-қабілеттерін қалт жібермей қадағалап отыратынын байқайсыз. Жеке басының сөзге де, жазуға да шеберлігін көзінің тірісінде жазып кеткен ғұмырнамалық естелігін 30 жыл уақыт өткеннен кейін сәті келіп оқығанымда ірі қоғам қайраткерлері, облыс, республика басшылары тарихи тұлғалар жөніндегі өзі көрген бір сәттік бейнелерін дәл, айшықты детальмен бере білгенін жасыра алмайсың. Яғни, автор жұртты жалықтырып жіберетін «Ол ұлы еді», «Ол ғажап еді» дейтін жаттанды сөздерге жоламайды. Қайта сол ұлылығы мен ғажайыптығын қарапайым ғана қимыл іс-әрекет үстінде көрсетеді. Өз басым талай куә болғанымдай, республика, облыс, аудан орталықтарынан сабылып келіп жататын ақын-жазушылардың, мәдениет пен өнер адамдарының алдымен атбасын тіреп баратын жері Қаратай ағамыздың отбасы, ауылы болатын. Тағы да қым-қуыт шаруалардың көптігіне қарамай олардың жүріп-тұруына да, барар жерлеріне де, барып-келулеріне де жағдай жасап қоюшы еді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болатын. Жоқтан барды жасайтын шебер басшы еді. Ол кезде кеңшарда 50 мың қой 4 фермада топтасып, жылқы, түйе малы өз алдына бір ферма, жалпы радиусы 300-400 километрді алып жатқан мал жайылымы жұтаң, жем-шөп қоры аз шаруаны басқару оңай болмағаны белгілі. Кейбір қуаңшылық жылдары көрші аудан, облыс территорияларынан да жем-шөп дайындайтын.
Бірде сол кездегі Ленин кеңшарына қарайтын біраз жердің шөбін Қарекеңнің жігіттері шауып, престеп қойған. Оны сол кездегі кеңшар директоры Жанділда Бердімұратов естіп, Қарекеңмен сөйлесіп, кездесуге уәде жасайды. Жәкеңнің басқаруындағы ауыл жігіттері де бар техникасын ұйымдастырып, орылған шөпті жинап алуға дайын болып екі жақ кездеседі. Сонда «Жаңақаланың» шөп дайындап жүрген жігіттерінің жұмыс тәсілдері мен шапшаңдығына таң қалған Жанділда ағамыз (ақылды кісі ғой, өз жігіттерін тоқтатып): «Мына жігіттерден үйреніңдер, сендердің 10 күнде істейтіндеріңді бұлар 1 сағатта атқарып жатыр. Қайтыңдар, шөпті жанақалалықтарға беріңдер» деп Қарекеңнің қолын алып, шөп, жер дауына осылай келісіпті. Бірде Қарекең аға мен Қасым аға екеуі арасындағы бір әңгімеге куә болғаным есімде қалыпты. Әңгіме барысында елді ұйымдастырып, жаңа жерге көшіріп алып бару үшін сол кездегі Кеңес үкіметі жұмысындағы партияның қатаң талабы тұрғанына қарамастан Жаңақалаға ескіше сауаты басым, молдалығы бар кісіні іздестіріп жүргендерін айтқан еді. Кейін ойланып қарасам, өмір бар жерде өлім бірге болатыны белгілі ғой. Мұсылман болған соң сол мәселені дұрыс шешпей болмайтынын алдын ала болжаған ғой. Сол жылдары қой саны 40-50 мыңға жеткендігін, үш мектебі, екі ауруханасы бар іргелі озат шаруашылыққа айналып облыс, аудан халқына үлгі болғанын ешуақытта ұмыта алмаймыз. Қарекең – сыпайы, ақкөңіл, жомарт жүректі, дүниеге қызықпайтын таза кісі болатын. «Халықтың Қаратайы» атанған ағамызға қандай қызмет жасасақ та жарасымын табатыны сөзсіз. Өткенді ұмыту өшкендіктің, ал оны қастерлеп, қадірлеу өскендіктің белгісі. Ағадан – ақыл, ініден – ілтипат деп біз аманат арқалаған ұрпақтар өкіліміз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөзде осындай артына өшпес із қалдырған, өзі дүниеден өтсе де өмірінен, атқарған ісінен үлгі аларлық, биыл туғанына 100 жыл толып отырған Ұлы Отан соғысының ардагері, 1964 жылы Жаңақала кеңшарының қазығын қағып, жиырма жыл бойы сол ауылдың директоры, он екі жыл бойы үш шақырым облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болған. Қарекеңе Қызылорда қаласынан, туған жері Жосалы кентінен бір көшенің атын беру және қазіргі Т.Көмекбаев ауылындағы мектептің атын беру де өзі сұранып тұрған мәселе екені даусыз.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
05 қазан 2022 ж. 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031