» » » Дарақ бір жерден көгереді

Дарақ бір жерден көгереді

Аудандағы аграрлы-техникалық колледжінің қабырғасы сонау 1959-жылдары қаланған. Бүгінде ордалы оқу орны заманауи дамып, көптеген жетістікке жетуде. Осындай елге шарапаты тиіп жатқан білім ошағында ардагер ағалар мен апаларымыздың еңбегін елемей кету мүмкін емес. Солардың ішінде шоқтығы биік, өз ісінің шебері, Қазақстан Республикасы «Кәсіптік білім беру жүйесінің озаты» төсбелгісінің иегері Қуанышбек Сүлеевтің есімі құрметпен аталады.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған ағамыз Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. 1951 жылы осындағы No107 мектептің табалдырығын аттаса, 1960 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен онжылдықты ойдағыдай аяқтап шығады. Білім ұясын бітірген жасталап бір жыл туған ауылында жұмыс істеп, шаруашылықта трактор тізгіндейді. Еңбек жолын қарапайым еңбеккер болудан бастаса, әрі қарай Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Сөйтіп 1961-1964 жылдар аралығында Архангельск қаласында Кеңес әскері қатарында азаматтық міндетін адал орындап қайтады. Арманшыл ауыл жігітінің одан кейінгі өмір өрнектері аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық (қазіргі аграрлы-техникалық колледжі) білім беру оқу орнымен етене байланысты.
Уақыт талабы қашан да адамды қамшылап, алға жетелейді. Еңбек ету бар да, біліммен теориялық жағынан қарулану деген және де бар. Оның сол байқағаны – ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы мамандардың жетпей жататыны іштей ойлантатын. Жастайынан еңбекпен есейген Қуанышбек ағамыздың ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын саланы таңдауы – міне тегіннен-тегін емес еді. Сол себепті де ол босқа жүрмей білімге мән беріп, өзін педагогика саласында сынап көруді мұрат тұтады. Осындай алдына үлкен мақсат қойған азамат 1965-1969 жылдары Түркістандағы Индустриальды педагогикалық техникумына оқуға түсіп, арнайы мамандық алады.
«Дарақ бір жерден көгереді» деген тәмсіл қазақта ертеден бар. Бұл сөз өз ісінің нағыз шебері, білікті маман ретінде талай буын өкілінің тағдырына жылы әсер етіп, өмірден орындарын табуына септігін тигізген ұлағатты ұстаз Қуанышбек Сүлеевке арналып айтылғандай. Бозбала кезден кәсіптік салада жүздеген шәкірттердің білімін шыңдап, кәсіпке бейімдеп, еңбекке ерте араласуына атсалысқан, сондай-ақ ұжымда өзінен кейінгі жас мамандарға жол көрсетіп, тәлім-тәрбие беруде зор үлесін қосқан майталманның еңбегін ұшан-теңіз демеске болмас. Сөзімізге дәлел – ол кісінің ұзақ жылдарғы кәсіптік-техникалық білім беруге сіңірген еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасы «Кәсіптік білім беру жүйесінің озаты» төсбелгісімен және облыстық, аудандық деңгейдегі, педагогика саласындағы көптеген марапат, алғыс хаты – ардагер ұстаз еңбегінің жемісі екені анық.
Қазіргі кезде ағамыздың өкшесін басқан іні-қарындастары бірлігі мығым ұжымда әркез жастарға, оқушыларға ардагер-ұстаздың өмір және еңбек жолын өнеге, үлгі етіп айтып отырады.
– Қуанышбек ағамызбен ұзақ жылдар бірге қызмет еттік. Мінезі – кішіпейіл, кең жүректі. Қызмет еткен жылдарда ойын бүкпесіз тура айтатын білім де білікті ұстаз қатарынан болды. Айналасына білгенін үйретуден жалықпайтын. Жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын. Үлкендігін, ол кісінің қамқорлығын сезінетінбіз. Ұжымда жас мамандарға айтар ақылы бар, адамгершілік қасиетке ие бір жан болса – ол Қуекең деп мақтанышпен айта аламын. Аға буын өкілінің орны біз үшін ерекше. Ардагеріміз сексен жасқа келіп жатыр екен, құтты болсын дейміз. Дені сау болып, бала-шағасының қызығын көре берсін. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, қарттарымыз аман болсын, – дейді ақеден көңілін білдірген аграрлы-техникалық колледжі директорының оқу өндірістік жөніндегі орынбасары Жеңіс Сейталиев ағамыз.
Халқымызда ер азамат екі нәрседен қателеспеуі керек деген даналық бар. Бірі – өмірлік қажетіңе жарап, материалдық жағынан сүйеніш болатын мамандық таңдау болса, екіншісі – қиналғанда демеу, қысылғанда сүйеу болатын жар таңдау екен. Қуанышбек әкеміз осы екеуінен де қателеспеген жан. Ұстаздық ету – ауыр бейнет, зор мехнат десек те, шәкірт жүзінен қуаныш көргенде бейнет атаулының ауылы алыстап, жадырап шыға келесің. Рухани күш-қайрат ала жүріп, әрбір күнді шығармашылықпен, ізденіспен өткізген ұстаздың оқу процесіндегі әрбір күні ізденіске толы болатын. Жар таңдауда қателеспегені – зайыбы, балаларының ардақты анасы, немерелерінің асыл әжесі Райхан Зиядақызымен өнегелі ұрпақ өрбітіп, берекелі шаңырақтың отағасымен отанасы атанды. Балаларынан тараған 14 немере мен 4 шөбере бүгінде атасының көз қуанышы. Немеренің алды қазіргі кезде жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке кіріссе, кейінгілері мектеп оқушылары. Өмір бар жерде, қайғы-мұңның да қатар жүретіні-ай! Өкінішке орай, Райхан апамыз ұл-қызының, немерелерінің қуанышын енді көрер шағында өмірден өтіп, отбасының қабырғасын қайыстырған жайы бар. Медбике болып ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен апамыздың аудан медицинасында айтарлықтай орны, өзіндік қолтаңбасы қалды.
– Жасым сексенге келді, қартайдым деп қарап отырмаймын. Өмірбойы еңбекпен өсіп-өнген жандармыз. Халыққа қызмет ету, қоғамға пайда тигізу – менің басты ұстанымым. Еңбек кітапшамда бір жерде тағат тұтып қызмет етіппін. Елдің ұл-қызын оқытып, қолымнан келгенше білім мен тәрбие беруге тырысыппын. Көптеген шәкіртім өмірге кірпіш болып қаланып, биіктерден көрініп жүр. Аттарын жақсы жағынан шығарып, еңбегімізді ақтағаны қаншама. Ұстазға одан артық бақыт бар ма екен?! Колледжбен тығыз байланыстамын. Ардагер ретінде іс-шараларға шақырып тұрады. Ұжымдағы педагогтар мен оқушыларға көрген-түйген тәжірибемізбен бөлісіп, ақыл-кеңесімізді беруден аянып қалмаймыз. Қазақтың біртуар тұлғасының бірі Әзілхан Нұршайықовтың «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деген кереметтей айтқаны бар. Әрбір қазақтың отбасында бала еңбекпен тәрбиеленсе, еліміз гүлденіп-көркейе берері сөзсіз. Мына дүниенің мәні оңай олжа, ақша немесе байлық емес – адал еңбек ете білуде, – дейді қазыналы қария сөз арасында.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
27 қыркүйек 2022 ж. 616 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 015

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031