Шайырлар өңірінің шамшырағы
1980 жылдың қараша айында Қазақстанда тұңғыш рет Қорқыт ата ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Бүкіл Сыр бойы дүр сілкінді. Аудандық газет бұл тосын жаңалықты айдай әлемге асқақтата жазды. Қазақстан астанасы Алматы мен Қорқыт ата ескерткішінің арасы «Ұлы өнер жолына» айналғандай болды. 1983 жылдың мамыр айында Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде қазақ кеңес әдебиетінің күндеріне арналған салтанатты жиын өтті, Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 100 жылдығы аталды. Қазақстан Ғылым академиясының академигі М.Қаратаев «Қазақ кеңес әдебиеті және Тұрмағамбет Ізтілеуов» атты баяндама жасады. Мұнда Ә.Тәжібаев, Ж.Молдағалиев бастаған ақын-жазушылар мен ғалым, зерттеушілер сөз сөйледі. Тұрмағамбет ақынның туған ауылында ескерткіш кесенесі орнатылды. Аудандық «Коммунизм шамшырағы» газеті осы республикалық маңызы терең мәдени окиғаларға арнайы бет арнап, сұқбаттар дайындап, мазмұнды зерттеулер жариялады. Қармақшылық жыршы, жыраулар мектептерін ашу, Сыр сүлейлеріне көше аттарын беру колға алынды. «Қармақшы қарлығаштары» айдарымен облыс, республика, одаққа танымал тұлғалар туралы мақалалар жоспарлы түрде жарияланды. Бұл аудан жұртшылығының рухани күш-жігер жинауына ерекше әсер ете бастады. Ал, 1988 жылы аудан орталығында респу- блика көлемінде алғашқы «Наурыз» мерекесіне жол ашылды. «Наурыз тойым-ай» әні дүниеге келді. Аудандық газетте Наурыз мерекесінің тарихы мен қазақ тілінің тағдыры жайлы пікірлер мен ұсыныстар дүркін-дүркін жарық көрді» деп жазады. «Наурыз мейрамы», «Бақыт бол, наурызым менің», «Наурызым – жыл он екі ай айдарындай, Бүгінгі бейбіт күннің байрағындай», «Наурыз – халық мерекесі», «Мерекелік көңіл-күйді жақсартады», «Қармақшы ата туралы», т.б. мақалалар оқырманның мерекелік көңіл-күйіне әсер еткен дүниелер болды. «Біреуінікі түлеп, біреуінікі жүдеп», «Қоғамға қамқорлық – басты талап», «Уәдең қайда, Ақжігітов?», «Қапас коймалар, лас дүкендер», «Қыста қатырып, жазда ірітіп-шірітіп...», «Қармақшыға музей қажет», т.б. сыни мақалалар да назардан тыс қалған жоқ. «Осы жылдары мазмұны мен макеті үйлескен газет лайықты бағасын алып, облыс деңгейінде «Үздік басылым» деп танылып, редакция ұжымының мерейін өсірді.
1986 жылдың қыркүйегінде «Асыл жырдың құдіреті неде?» деген тақырыпта жыршылық дәстүрді дамыту турасында мақала жарық көреді. Көп ұзамай аудан көлемінде Жиенбай, Рүстембек, Тасберген, Сәрсенбай, Базар жырау атындағы жыршылық мектептер ашылып, жүйелі түрде жұмыс істей бастады. Бұл аудандық газеттің мәдениет пен өнер саласындағы ықпалының бір дәлелі іспетті.
Бұл жылдары редакцияның ауыл-село тілшілерімен және авторларымен бірқатар жұмыс жүргізуінің нәтижесінде келіп түскен хаттар мен мақалалар көбейді. Газеттің 130-дан астам ауыл-село тілшісі мен авторынан бір жылдың ішінде 2342 хат пен мақала түсіп, оның 1897-сі жарияланған. Газетте сын мақалалар да жиі жарияланып, оның ықпалы арткан. Газет бетінде бір жыл ішінде 31 сын мақала жарияланған, оның 29-ына жауап алынған. Газет аудан экономикасы мен мәдениетін көтеру жолында халық шаруашылығының барлық саласынан проблемалық, оқушыларға ой саларлық, мәселелерді көтерген. Сонымен қатар өмірге жаңа салттар мен дәстүрлерді енгізуде көлемді мақалалар, фоторепортаждар жарияланған. Бұл уақытта аудандық жергілікті радиохабарлары да көп жұмыстар атқарған. Хабарларда социалистiк мiндеттемесiн орындаған озаттардың, жеке ұжымдардың табыстары, рапорттары жиi берiлген.
«Коммунизм шамшырағының» 50 жылдығында кинорежиссер Сұлтан Қожықов мынадай лебiз бiлдiрiптi: «Сыр елі еңбеккерлерiнiң табысы бүгінде елімізге аян болып отыр. Сол енбеккерлердiң еңбектегі жетістіктерін насихаттауда «Коммунизм шамшырағы» газетi жарты ғасырдан берi айтулы үлес қосып келеді».
Газеттiң ұзақ жылдық тарихында есiмi көпшілікке кеңiнен танымал журналистер Жарас Ахметов, Әбілахат Жанәділов, Мырқы Исаев, Айжарық Сәдібеков, Ақкөл Отарбаев, Оқас Тәженов, Кенже Күмісбаев, Күлпариза Ахметова, Шәкизада Құттаяқов, Рашид Жарылқасынов, Қанибек Молдахметов, Мағираш Сарикова, Мәди Қайыңбаев, Мырзамұрат Ілиясов, Қуан Байқожаев, Тұрсынбек Жалғасбаев, Сәкен Алдашбаев, Жайна Сламбекқызы, Гүлжазира Жалғасова, Ботакөз Бөрiбаева, Мөлдір Құлмырзаева, Айжан Абдуллаева, Нұрсұлтан Мықтыбаев, Мейрамкүл Дауылбайқызы, Бақыткүл Жәмитова, Мира Тыныштықбаева есiмдерiн атап өту орынды.
Редакцияның қара шаңырағы қалам ұстаған, шығармашылыққа бейiмi бар қаншама ұрпаққа ұстаз болды. Осы орайда Шәкизада Құттыаяқовтың мынадай естелiгi бар: «Ол кезде орта мектептi жаңа бiтiрген кезім. Соның алдында ғана 1967 жылдың 24 май күнгі газеттің санында «Оқушы творчествосы» деген рубрикамен менiң «Бiр түстiң хикаясы» атты скетчім шыққан. Сондағы мәз болып қуанғаным әлi күнге ойымда. Бұл жазу өнерiндегi тұсауымның алғаш кесiлуi едi. Содан бері «Коммунизм шамшырағы» газетiнiң бетiнде талай-талай ірілі-ұсақты материалдарым жарық көрді. Әр материал мен үшiн творчестволық саты болды.
Әлі есімде, КазГУ-дың журналистика факультетiне түсу үшiн СССР тарихынан емтихан тапсырып жатырмыз. Кiм өзiнiң қалаған билетін суырады дейсiң, өзiм жете дайындалмаған сұрақтар келiп жанымды қинады. Емтихан алушы жауаптарыма онша көңілі толмай, қосымша сұрақтар бере бастады. Ол сұрақтардың бiрi: «Қай жерде жұмыс iстедiң, Қанша мақала жаздың?» болды. Мен мүдірместен: «Коммунизм шамшырағында» жұмыс iстедiм. Жазған мақалаларымның саны жүзден асады» дедiм. Емтихан алушы ғалымдар бiр-бiрiне қарап: «Ой, мынау дайын журналист қой. Балаға обал жасамайық. Түсiп кетсін» деп өткiзiп жiбергенi бар едi. Сонда менен дайын журналист жасаған «Коммунизм шамшырағына», ондағы Әзекеңе, Сәкең мен Рашидке, журналистиканың әлiппесiн үйреткен басқа да жасы үлкен қаламгерлерге шын жүрегiммен алғыс айтқан едiм.
«Коммунизм шамшырағынан» жарық көрген материалдар мен үшiн творчестволық компас тәрізді. Талай-талай талантты жазушылар мен журналистер тәрбиелеп шығарған. Сыр сүлейлерiнiң ел арасындағы асыл мұраларын жариялап, насихаттаған талай жандарға қамқор болып, енбек ерлерін танытқан «Коммунизм шамшырағы» алдағы уақытта да нұрлы өмiрiмiздiң шамшырағы бола беретiнiне сенiмiмiз мол».
1980 жылдары «Қазақтелефильм» бiрлестiгiнiң аға редакторы болған Қосылған Әбжанов та: «Мені алғаш журналистикаға баулыған «Коммунизм шамшырағы». Қай жерде жүрмейін, менің қанатымды қатайтып, үлкен өмiрге жолдама берген сүйікті газетіме шын жүректен творчестволық табыс тілеймін» деп жазады. Осы бiр алғаусыз көңiл, риясыз тілектер газетке тырнақалды мақалалары жарияланған, сан мыңдаған қанатқақты түлегінің жүрекжарды сөзiндей десек артық айтқандық емес.
Қасиеттi Қармақшы топырағы – Сыр сүлейлері мен жыраулар отаны. Аудандық газет редакциясы жанында өнер адамдарының басын қосатын, жас талапкерлер таланты мен талабын ұштайтын Т.Ізтілеуов атындағы әдеби бiрлестiк жұмыс iстейдi. Бүгiнге дейiн бiрлестiк мүшелері Н.Торманова, Ү.Өңдібаева, З.Дәулетбаев, І.Сүйінішов, Ш.Бектібаев, Б.Дастанов, Т.Омаров, Н.Таубаев, Д.Тілеубергенов және басқалардың бiрнеше кiтаптары шығып, оларды оқырмандар жылы қарсы алды. Есiмi республикаға танымал ақындар Ш.Әбдікәрімов, М.Қайыңбаев. И.Бекмаханов осы бiрлестiк қанаттандырған қарлығаштар.
(«Сыр журналистикасының тарихы» кітабынан
Басы өткен сандарда: https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/22887-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/23153-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/23188-shayyrlar-rn-shamshyray.html
Басы өткен сандарда: https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/22720-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/22887-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/23153-shayyrlar-rn-shamshyray.html
https://qarmaqshy-tany.kz/zanalyk/ruhaniyt/23188-shayyrlar-rn-shamshyray.html