«Домбыра – сырласым»
Домбыра – қазақтың болмысы, жан серігі. Өткен ғасырдың куәсі. Осынау киелі аспап мәдениетіміздің жаңа кезеңінде өзінің айрықша келбетін, қайталанбас құндылығын ашқандай. Осыған орай елімізде шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Халқымыздың рухани өркендеуінің, мәдениетінің сарқылмас бір саласы өнер болса, сол өнерге үн берген – осы қасиетті домбыра. Қазекем мыңжылдықтар көшінің үнін, ата-бабаның арман-тілегін тыңдағың келсе – домбыраны тыңдау керек деген. Бүгінде ұлт тарихымен бірге рухани- мәдени құндылықты ұлықтаушы жандар арамызда жетерлік. Соның бірі – домбыра ойнауды жетік меңгерген ұлағатты ұстаз Рыскүл Табынбаева.

Рыскүл Қызбалақызы 28 жыл еңбек жолында талай шәкіртті домбыраға баулып, өнер жолына қанаттандырған ұлағатты ұстаз. Бүгінде дәріс алған оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жүлденің алдын бермей, жеңімпаз атануда. Сонымен қатар биылғы жылы облыста өткен атақты күйші Дина Нұрпейісова атындағы конкурста І орын алса, Алматы қаласында өткен халықаралық конкурста лауреат атанған. Кейіпкеріміз шәкірт тәрбиелеуде оның қабілетіне ерекше мән беру керегін және ерте жастан үйрету жөн екенін айтты.
– Баланы 7-8 жасынан бастап домбыраға үйретсең тез қабылдап алады. Жалпы ұстаз шәкірт тәрбиелеуде ерінбеу керек. Мәселен, өнер саласында жүрген мұғалімдер баланың қабілетімен көп жұмыс жасаймыз. Оның қандай аспапқа болсын ықыласын шақырамыз, кішігірім мотивация береміз. Кейбір оқушылар болады нотамен үйренгеннен гөрі есту арқылы тез қағып алады. Ондай балалармен жұмыс істеу өте оңай. Қазір өзім сабақ берген шәкірттерім оқу бітіріп, білім алған ордасына мұғалім болып келіп жатыр. Соның бірі – Айжан Тойбазарова қасымда әріптес болып ұстаздық етуде, – дейді ол ағынан жарыла.
Айтпақшы, мереке қарсаңында Шиелі ауданында Балалар жылы аясында және Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – көненің көзі, бабаның үні» атты домбырашы балалар арасында өткен облыстық байқаудан Рыскүл Табынбаеваның шәкірті Шыңғыс Алтайұлы ІІ орынды қанжығаға байласа, Қызылорда қаласында өткен «Күй керуен» жас домбырашылар арасындағы облыстық байқаудан бас жүлдені жеңіп алды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ